Тәуелсіздік — 30

Облыста үш мың оқушыға ашық сабақтар өтті

Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Жасампаздық пен даму жылдары» тақырыбында ашық сабақтар өтті. Дәріске облыстың 100-ден астам жетекші мектебі қосылды.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Бибігүл Жакиева «Қазақстан тарихы» пәнінің миссиясы жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, мемлекетті дамыту үшін оқушылар бойынша жауапкершілік қалыптастыру екенін атап өтті.

— Биылғы жылдың басты тақырыбы – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Сабақ барысында Қазақстанның өткені мен бүгінін салыстырып, форсайт әдісі арқылы болашағына болжам жасаймыз, сонымен қатар мемлекеттің әлемдік аренадағы бейнесін талдаймыз. Оқушылар әр бөлімде қоғамдағы мәселелерді шешу жолдарын қарастырады, — деді ол.

Егемен елдің отыз жылдағы маңызды жетістігі – Семей полигонының жабылуы және Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы. Зияткерлер осы оқиғалар желісімен  SWOT-талдау жүргізді.

Сабақ барысында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құру туралы келісім, «Бітімгерлік қызмет» жөніндегі ҚР Заңы және Әлемдік діндер көшбасшыларының съезі туралы да сандық әрі сапалық әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Сыртқы саясаты жөніндегі концепциясы талқыланды.

Ашық сабақта «Ел тарихындағы менің тағдырым» бөлімінде әр түрлі қызметте жүріп, мемлекеттің дамуына орасан зор үлес қосқан жерлестеріміздің де пікірі тыңдалды. Кәсіпкер әрі қамқоршылар кеңесінің мүшесі Асхат Айтжанов өз тәжірибесімен бөліссе,  Қанат және Светлана Айтбаевтар мен әлемге белгілі спортшы, бокстан әлем чемпионы Галиб Джафаров мансаптық жолындағы жетістіктеріне тоқталып, оқушыларға мотивация берді.

— Менің кәсібім – Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы. Осы уақыт ішінде шаһарымыздың көркін келтіріп тұрған ғимараттарды салдық, жерлестерімізді жұмыспен қамтамасыз еттік, Ақтөбені көгалдандыруға атсалыстық. Бұл –  біздің ел дамуына қосқан өзіндік үлесіміз. Болашақта сіздер де еліміздің өсіп-өркендеуі жолында тынымсыз еңбек ететіндеріңізге сенеміз, — деді кәсіпкер Асхат Айтжанов.

Тәуелсіздік тақырыбындағы ашық сабақтар өңірдегі орта мектептердегі 3000-ға жуық оқушыға трансляцияланды. Қатысушылар пікір білдіріп, ой алмасты.

Сондай-ақ шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов те қатысты.

— Біздің кезімізде Қазақстанның болашағына күмәнмен қараған жастар көп еді, алайда Елбасының реформалары мен идеялары арқасында еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып отырмыз. Бүгінде әрбір азамат қалаған саласында қызмет етіп, таңдаған оқу орнында білім ала алады, — деді басқарма басшысы.

Айта кету керек, ашық сабақтар еліміздегі барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде ұйымдастырылып, республика бойынша 50 мыңға жуық жоғары сынып оқушыларына тәуелсіздік тарихын баяндады.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button