Жаңалықтар

Ақтөбеде Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш қойылады

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерімен кездесу өткізді.

Оңдасын Оразалин алдымен облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуы, өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айта келіп, Ақтөбенің мәдениетіне, әдебиетіне  үлес қосып жүрген ақын-жазушыларға ризашылығын білдірді.

Қазақстан Жазушылар одағымен бірге өңірімізде екі жыл қатарынан «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық әдебиет форумы ұйымдастырылып келеді. Бұл шараның біз және сіздер үшін, жалпы оқырман үшін орны бөлек. Өткен жылы осы форум аясында еліміздің әр түкпірінен жиналған бірқатар ақын-жазушыларымызға өңір атынан құрмет көрсетіп, Ақтөбенің атын шығарған даңқты қаламгерлер атындағы  7 сыйлық  тағайындаған болатынбыз. Биыл номинациялар  саны 10-ға жетіп отыр. Облыс орталығында хакім Абайдың ескерткіші еңсе тіктеді. Қабырғалы қаламгеріміз Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» романында еліміз тарихының белгілі бір кезеңі суреттелген Жіңішке өзенінің бойында  ескерткіш қойылды.

Биыл жыл соңына дейін Ақтөбе өңірі фольклорлық музыкасының антологиясы жарық көреді. Жастар аллеясы салынып жатыр. Бозбалалар мен бойжеткендердің сүйікті орнына айналатын  сол аллеяда Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші тұрғызылады. Алаш қайраткерлеріне арналған «Тәуелсіздіктің ақ таңы» мемориалдық кешені ашылады, — деген облыс басшысы ақтөбелік бір топ ақын-жазушыға Алғыс хат пен стипендия табыс етті.

Басқосуда облыс әкімі белгілі ақын, көсемсөзші, республикалық «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлын мерейлі 70 жасымен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Бұдан кейін кездесуде ақын, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының директоры  Бауыржан Бабажанұлы жүзеге асып жатқан шаруаларды санамалай келіп, облыс әкіміне:

— Сіз осы өңірде мәдениеттің, оның ішінде әдебиеттің дамуына үлкен үлес қосып, біздің ұсыныстарымызға үнемі  қолдау білдіріп келесіз. Сондықтан сізге қаламгерлер атынан көп рақмет айтып, жұмысыңызға табыс тілеймін, — деді.

Басқосуда сөз алған ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев әдебиеттің адамзат өміріндегі, болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі маңызына тоқтала келіп:

— Қазір әдеби шығармаларды көп оқитын ұрпақ жыл санап азайып барады. Осы отырған біз әдебиетті құнығып оқитын ұрпақтың соңы болмасақ екен деген уайым  бар. Әрине, оның беті әрмен. Бірақ бұл — қауіпті құбылыс.

Бүгінгі күні бізге экономикамызды көтеру, халықаралық байланыстарды дамыту, жалпы халқымыздың күнделікті тұрмыс-тіршілігін тап басып отыру үшін миы шыныққан адамдар өте қажет. Ал адамдардың  миын шынықтыруда әдебиеттің маңызы зор, тіпті әдебиет соның бір құралы деуге болады. Сондықтан осы отырған баршаңызды алдағы уақытта да облыстың мәдениетін, әдебиетін көтеруге атсалысып, еңбек етуге шақырамын, — деді.

Кездесу соңында ақын-жазушылардың бір тобы облыс әкіміне қаламгерлерге жасап келе жатқан құрмет-қолдауына ризашылығын білдірсе, бірқатары өз ұсыныс-тілектерін айтты. Мысалы, ақын, С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлжайнар Қалдина биыл Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы аясында облыста балаларға арналған танымдық мультфильмдер түсірілсе деген тілегін жеткізсе, ақын Гүлімай Әбішқызы облыстағы қаламгерлердің балаларға арналған туындылары кітап болып шықса, қоғамдық көліктерде жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары тұрғындарға насихатталса  деген ұсынысын айтты. Ақын Жақсылық Айжанов қаламгерлердің мерейтойларын өткізуде бірізділік керек десе, Бижан Қалмағамбетов өмірден ерте озған ерекше дарын иесі Табылды Досымовтың шығармашылығын насихаттау жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button