Басты жаңалықтар

«Тұрғындар өздерін барынша қауіпсіз сезінуі керек»

Сейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің кезекті жұмыс сапары Қарғалы ауданында жалғасты. Мұнда өңір басшысы жасалып жатқан бірқатар жұмыстар барысымен танысып, Қарғалы ауданы бойынша криминологиялық зерттеу есебінің отырысына қатысты.

Ауыл жолдары жөнделіп жатыр

Жұмыс сапарын Желтау ауылдық округіне қарасты Петропавл ауылынан бастаған облыс әкімі ауылішілік жолдардың құрылысын көріп, «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстармен танысты.

Петропавлда биыл ауыл ішіндегі 5 көше жөнделіп, жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлығы 5,6 шақырым жолдың  бүгінде жалпы ұзындығы 4,8 шақырым болатын жердегі жұмыстары аяқталған. Қалған 1,2 шақырым жолды мердігер осы аптаның соңына дейін аяқтайтынын айтты.

Бұдан соң облыс әкімі аталған округке қарасты Шәмші Қалдаяқов атындағы ауылда болды. Мұнда да «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында 2 көше жөнделіп, 3 көшеге жарықтандыру бағандары қондырылған.

Ауданға жасаған сапары аясында облыс әкімі Велиховка ауылындағы «ДиЛэнд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын көрді.  Күзгі өнімнің 95 пайызға жуығын жинап үлгерген серіктестіктің 25 мың гектардан астам егіс алқабы бар. Шаруа дәнді дақылдармен қатар, майлы дақылдарды да егеді. Серіктестік өзіне қажетті ауылшаруашылық техникаларымен толық қамтамасыз етілген.  2009 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан серіктестік басшысы кәсібінің өрге жүзуіне мемлекеттік бағдарламалардың да мол шарапаты тигенін айтады. Шаруашылықтың қысқы азықты сақтау әдісі де ерекше. Өнімдер Австралиядан әкелінетін титроқапшықтарда сақталады. Бір қапшыққа 200 тонна астық сыяды.

— Бір титроқапшықтың құны шамамен 200 мың теңге тұрады. Әр қапшыққа 200 тонна астық сыяды. 2014 жылдан бастап осы әдісті қолданып келеміз. Өте ыңғайлы. Өнім жақсы сақталады, шірімейді, — дейді серіктестік өкілі Қайрат Мусин.

Бадамша ауылында болған облыс әкімі аудан орталығында салынып жатқан 150 орындық өнер мектебінің және денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Сондай-ақ аудан орталығында BI Group компаниясы футбол алаңы мен воркаут алаңын салып жатыр екен. Компания өкілі Олжан Нұғыманов барлық жұмысты осы айдың соңына дейін аяқтап, тұрғындар игілігіне тапсыратынын айтты.

Оңдасын Оразалин 2020 жылы жөндеуден өткен Қарғалы аудандық прокуратурасында болды. Аудан прокуроры Қайсар Оразалин жөндеу жұмыстары кезінде ғимарат салынғалы бері ауыстырылмаған су құбыры, электр, жылыту жүйелерінің барлығы жаңартылғанын айтты. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы айтылған кездесуде облыс әкімі аудан әкімінен биыл Бадамшаға қанша бейнебақылау камерасы қойылатынын сұрады. Асқар Жүсібалиев 2021 жылы аудан орталығына 6 бейнебақылау камерасы орнатылатынын айтты.

— Мәртөк ауданы бойынша бейнебақылау камерасына қатысты мәселе шешімін тапқан. 42 бейнекамера орнатылып, 17 көшеге жарықтандыру жұмыстарын жүргізген. Бұл, біріншіден, аудан орталығын абаттандыруға жатса, екінші жағынан, қауіпсіздіктің алдын алады. Сондықтан бұл мәселені ыждағаттау керек. Және барлық бейнекамера аудандық полиция бөліміне қосылуы қажет, — деп тапсырды облыс әкімі.

Аудандағы ең криминогендік орындар анықталды

Бұдан соң облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудандық Мәдениет үйінде өткен Қарғалы ауданы бойынша криминологиялық зерттеу есебінің таныстырылымына қатысты. Аудандағы криминологиялық зерттеу жұмыстарын ғылыми және арнайы зерттеу орталығы жүргізіпті. Облыс прокуроры Марат Қайбжанов, облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау ауданы әкімдерінің қатысуымен өткен жиында құқық қорғау саласындағы өзекті мәселелер айтылды.

Отырысты ашқан Оңдасын Оразалин:

— Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдауында жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарына қылмысқа қарсы  күресті күшейтуді тапсырады.  Құқықбұзушылықтың алдын алу — тек мемлекеттік органдардың ғана емес, жалпы қоғамның негізгі міндеттерінің бірі. Бүгінде қоғамдық құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын жасау мақсатында облыс аудандарында қылмыстық криминологиялық талдау жүргізілуде. Мұндай талдау алғаш рет өткен жылдан бастап Мәртөк ауданында жүргізілген. Бүгінде барлық тиянақталған ұсыныстарды Мәртөк ауданының әкімдігі сәтті жүзеге асыруда. Биылғы жылдың алты айының қорытындысы бойынша ауданда жалпы қылмыс  саны азайды, — деп, пилоттық жобаның  ақпан айынан бастап Қарғалы ауданында жүргізіле бастағанын айтты.

Мұндай зерттеудің мақсаты — аудандағы қылмыстың алдын алуда нақты объективті жағдайды анықтау және оны жою бойынша ұсыныс жасау. Ол үшін мемлекеттік және жеке ұйымдардың жинаған материалдары зерттеліп, қоғам пікірі, құқықбұзушылық жасаудың себептері мен құралдары, олардың динамикасы мен салдары сарапталады, — деді Оңдасын Оразалин.

Бұдан соң ғылыми және арнайы зерттеулер орталығының жоба жетекшісі Ғалия Сүлейменова аудан бойынша жасалған криминологиялық талдауға тоқталды. Өз баяндамасында ол жыл басынан бері 6 айда Қарғалы ауданында қанша және қандай қылмыстар жасалғанын, қылмыс жасаған азаматтардың орташа жасы мен аудандағы ең криминогендік орындарды атап өтті.

Қарғалы ауданы бойынша  криминогендік орын — Бадамша ауылы. Ал одан кейін жасалған қылмыстар саны бойынша Желтау ауылдық округі, Қосестек ауылдық округі және Ащылысай ауылдық округі тұр.

Орталық сондай-ақ аудандық ішкі істер бөлімі мен пробациялық бақылау қызметінің материалдық-техникалық жабдықталуына талдау жасалыпты.

— Зерттеу барысында полиция бөлімі мен пробация қызметінің қызметкерлері үшін нормативтік актілер бекіткен тиесілік нормалары қамтамасыз етілмегені анықталды. Ауылдық тірек пункттеріндегі тіпті ең қарапайым нәрселер — келушілерге арналған үстелдер мен орындықтар, кейбір полиция инспекторларында металл сейфтер жоқ. Полиция бөлімі балансында тұрған 15 қызметтік автомашинаның үшеуі жөндеуге жатады, 10 автокөлікте қызмет өткеру кезінде құқықбұзушылықтарды тіркеу үшін тағайындалған жұмыс істемейтін бейнетіркегіштерді ауыстыру қажет.

Полиция бөлімінің аумағы жарықтандырылмаған. Кіреберісте 2 кішкентай прожектор ғана тұр, тағы 10 прожектор қажет.  Бұдан басқа аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторы жылу қазандығымен бір ғимаратта орналасқан, бұл заңға қайшы келеді, — деп,  Ғалия Сүлейменова барлық олқылықтарды тізіп берді.

Қарғалы ауданының әкімі Асқар Жүсібалиев талдауда көрсетілген олқылықтарды реттеп, нақты жұмыстарды қолға алатынын жеткізді.

— Аудан тұрғындары өздерін барынша қауіпсіз сезінуі керек. Бұл біріккен жұмысты қажет етеді. Біздің мақсат  — қылмыстың алдын алу, болдыртпау, — деді облыс әкімі сөз соңында.

Кездесу барысында аудандық әкімдік пен жауапты органдарға есепке енген барлық ұсынымдардың сапалы​ жүзеге асырылуын қамтамасыз ету тапсырылды. Келесі зерттеу Хромтау ауданында жүргізілмек.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button