Денсаулық

Тұмауға қарсы екпе алыңыз!

Облыста 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы екпе егу басталды. Осы орайда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Мұрат Мирманов науқан туралы айтып берді.

Оның айтуынша, тұмау – адамнан адамға ауа-тамшылы және қарым-қатынас жол арқылы тарайтын жұқпалы вирусты инфекция.

Аурудың басталуы жедел, интоксикация синдромымен сипатталады. Бірнеше сағат ішінде дене температурасы 39-40 градусқа дейін көтеріліп, маңдай тұсының, әсіресе қабақ үстінің ауырсынуы, бас айналу, әлсіздік, буындар мен сүйек-бұлшық еттерінің ауырсынуы симптомдары пайда болады.

Тұмаудың эпидемиологиялық маусымы әдетте жыл сайын желтоқсан айынан басталып, сәуір айының соңына дейін жалғасады. Қазіргідей індет өршіп тұрған уақытта тұмау бірқатар адамдардың денсаулығын одан әрі ауырлатуы мүмкін. Сондықтан қазіргі эпидемиологиялық жағдайда  тұрғындарды, оның ішінде осал топқа жататын адамдарды тұмауға қарсы вакциналау өте маңызды. Биыл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, тұмаудың А (Н1N1) – «Victoria», А (H3N2) – «Cambodia» және В – «Виктория желісіндегі Washington» түрлері кеңінен таралады деп күтілуде. Сол себепті біз облыс тұрғындарын науқанға қатысып, тұмауға қарсы екпе алуға шақырамыз, — дейді ол.

Бөлім басшысының айтуынша, биыл аталған науқанға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген. Сол қаражатқа 108 000 доза Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасы сатып алынған.

— Биыл облысымызда иммундау жұмыстары барлық қалалық, аудандық емханаларда жүргізіледі. Облыста 69 жылжымалы бригада жасақталған. Профилактикалық егулер жүргізу алдында егілетін адамға міндетті түрде термометрия жүргізіледі. Егілген адамдар вакциналаудан кейінгі реакциялар мен асқынулар пайда болған жағдайда шаралар қабылдау үшін профилактикалық егулер алған медициналық ұйымда 30 минут бойы бақылауда болады. Профилактикалық егулерді жылжымалы егу бригадасы жүргізген жағдайда егілген адамдар медицина қызметкерінің бақылауында болады.

Айта кету керек, науқан аясында жергілікті бюджеттен ақысыз вакциналауға медицина қызметкерлері, медицина ұйымдарында диспансерлік есепте тұрған балалар, әлсіз және алты айдан асқан, көп ауыратын балалар, балалар мен сәбилер үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйінің контингенті және мүгедектері, тағы басқа осал топқа жататын адамдар қатыса алады, — дейді ол.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button