Басты жаңалықтарДенсаулық

Індеттен қорғанамын десеңіз, екпе алыңыз!

Бүгінгі күні облыста екпе алу шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұған дейін атап өткеніміздей, өңірде мұғалімдер мен дәрігерлер, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің 100 пайызы вакцина салдырған. Қазір Ақтөбе қаласында және аудандарда тұрғындар өз еркімен барып, екпе алуда.  

Екпе қоры жеткілікті

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда 1010 адам ем алуда. Жансақтау бөлімінде 103 науқас жатыр. Карантиндік стационарларға 11 адам жатқызылған. Инфекциялық кереует жүктемесі 53,7% болса, реанимациялық кереует жүктемесі – 46,4%.

  • Облыста пандемия басталғаннан бері 30 мыңнан астам адам вирус жұқтырған.

Бүгінгі күнге 27 мыңға науқас ауруынан жазылды.

Өңірде коронавирус инфекциясын тестілейтін 11 зертхана болса, олардың бүгінгі тәуліктік қуаты 7952 анализге дейін жетіп отыр. Өткен жылы зертханалар тәулігіне небәрі 2400 анализ қабылдаған болатын. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап облысқа барлығы 635 530 доза вакцина жеткізілді. Атап айтсақ, «Спутник V» вакцинасы — 466 540 доза, «QazVac» вакцинасы — 40 990 доза, «Hayat Vax» – 56 000 доза, «CoronaVac» – 22 000 доза, «Синофарм» — 50 000 доза, — дейді ол.

Айта кету керек, мамандар эпидемиологиялық зерттеулер барысында тұрғындар инфекцияны жиі жұқтыратын орындарды анықтаған. Мәселен, адамдар ауруды көбіне бір отбасында тұратын туыстарынан, базарларда, сауда орындарында, қоғамдық көліктер және отбасылық іс-шараларда жиі жұқтырады екен. Ал, негізінен, коронавирус инфекциясының  98,7 пайызы вакцина алмаған тұрғындар арасында тіркелген. Демек, бұл вакцинаның тиімділігі жоғары екенін көрсетеді.

Эпидемолог мамандар тұрғындарды көпшілік жерлерге, той-жиындарға бармауға, әрдайым бетперде тағып, сақтанып жүруге шақырады.

Вакцина алғандар не дейді?

Нұрлыгүл ЖАЙТУҒАНОВА, №65 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі, қосымша білім беру педагогі:

Біздің мектепте бүгінгі күні 383 бала білім алуда. Биыл 1-сыныпқа 50 оқушы қабылданды. Жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастап, қазір оқушыларға жан-жақты білім мен тәрбие беріп жатырмыз. Әлемді жайлаған індет бәрімізді әбігерге салғаны белгілі. Өткен оқу жылында оқушылар онлайн режимде білім алып, мұғалімдер қауымы біраз қиындықтардан өтті. Дегенмен биылғы оқу жылында оқушыларымызбен қауышып, мәз-мейрам болып, бұрынғы қалыпқа түсіп жатырмыз.

№65 орта мектептің ұстаздар ұжымы балалар мен айналамыздағы адамдардың қауіпсіздігін ойлап, бірауыздан екпе алу шараларына белсенді түрде атсалыстық. Біздің мектептегі барлық педагогтер мен қызметкерлер вакцина алды.

Жаңа оқу жылы басталғалы бері мектебімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған мұғалім не оқушы тіркелген жоқ.

Мен де өзге әріптестерім сияқты екпе салдырдым. Ешқандай асқынулар болған жоқ. Сондықтан жаман індеттен сақтанып, отбасымыз бен айналамыздағы жақын-жуықтарымызды қорғау үшін ақтөбеліктерді екпе алуға шақырамын.

Елена ЦИБУЛЬСКАЯ, «Святло» поляк этномәдени орталығының жетекшісі:

— Қазір елімізде індет өршіп тұр. Соның салдарынан күніне қаншама адам ауру жұқтырып, қаншама адам көз жұмуда.

Мен өзімнің және жақындарымның қауіпсіздігі үшін вакцина алдым. Қазір емін-еркін тыныстап, алаңсыз еңбек етіп жүрмін.

Бұл індеттен сақтанудың жалғыз жолы — екпе алу. Сондықтан мен қазақстандықтарды өз денсаулығына бейжай қарамауға, өзгелердің де қауіпсіздігін ойлап, вакцина алуға шақырамын.

Қазіргі уақытта біздің тілегіміз — бір. Ол — жаман індеттің жойылып, бұрынғы өмірімізге қайта оралу. Тілегіміз орындалып, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!

Елубай ТӨЛЕПБЕРГЕН, Шалқар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Ықылым заманнан халқымыз денсаулыққа аса мән берген. Сондықтан да оны басты байлыққа теңеп, жанның амандығын бірінші жолға қойған. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап мемлекетімізде денсаулық сақтау саласын нығайту мақсатында жыл сайын түрлі жаңашыл қадамдар жасалып, игілігіне бұқара халық кенелуде.

Әлем жұртшылығын алаңдатқан пандемия өршіген тұста да еліміздің медицина саласы сыр бермей, індеттің жаппай етек алмауына қарсы тұра білді. Алайда денсаулығымызды күтіп-баптауды — мемлекеттің міндеті деп ұғыну дұрыс емес. Денсаулық Алланың адамға берген аманаты болса, сол аманатқа адалдық өзімізден басталатындығын білгеніміз жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдаған кезекті Жолдауында да денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру бағытында орамды ойларын айтып, халыққа індеттің сақтанудың бірден-бір жолы екпе алу жайын ескертті.

«Қазақстан — коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқ», — деп жұртшылықтың көкейінде жүрген сенімсіздікке нүкте қойғандай болды.

Ендеше көпшілік ортада мемлекетіміздің денсаулық сақтау саласындағы саясатын қолдап, дұрыс сөз айта жүру бізге, ардагерлер қауымына да парыз. Қазір Шалқар ауданында екпе алу жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанына көзіміз жетіп отыр. Орталық емханадан бөлек, халық көп шоғырланатын жерлерге жылжымалы медициналық автокешен табан тіреп тұр. Қалай дегенде де әлемді алаңдатқан індетпен күресу һәм одан сақтану әрбірімізге тікелей байланысты. Мұндай белсенділік өзіміз үшін де, өзгелер үшін де қауіпсіз болары хақ.

«Ақтөбенің» анықтамасы

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдегендей, Қазақстанда соңғы екі аптада аурушаңдықтың көрсеткіші 35%-ға төмендеген. Соңғы аптада республика бойынша сырқаттанушылық деңгейі аптасына 31 мыңнан 25 мыңға дейін, яғни 14%-ға азайған.

Сейсенбі күні ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі А.Цой елімізде вакцинаның бірінші компонентімен 7,1 млн астам адам егілгенін, екпе алуға жататын халықты қамту көрсеткіші 71,5% құрағанын жеткізді. Ал екінші компонентті 5,9 млн астам адам алған. Бұл — екпе алуға жататын халықтың шамамен 60 пайызы. Бүгінде барлық өңірлер вакцинамен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген. Вакциналарды жеткізу кестеге сәйкес жүзеге асырылады.

Оғылан Асылханұлы, кәсіпкер, Байғанин ауданы:

— Мен кәсіпкер болғандықтан іссапарға жиі шығамын. Сондақтан өзімді және жақындарымды қорғау үшін «Спутник V» екпесін алдым.

Қазір барлық жерде екпеге байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Жалпы көпшіліктің вакцина, карантин сияқты шараларға қарсы шығуының бірнеше себебі бар деп ойлаймын. Қашан да бағынышты тарап басқарушы тарапқа қарсылық көрсетуі қалыпты. Бұл – адамның табиғаты. Тұрғындар өз бостандығын шектегісі келмейді. Бұл да біздің болмысымыз. Ең бастысы, біздің қанға сіңген әдетіміз – қоғамның ескі әдеттен арыла алмауы. Біреудің сөзі, көңілі үшін той жасау, асына бару, өзі істегісі келмеген нәрсенің бәрін сынау, оған қарсы шығу. Кеңестік білім жүйесі адамды өзінше ойлану, ізденуге емес, жаттауға, мәтіннің мазмұнын айтуға, энциклопедия сияқты фактілерді жинай беруге үйретті. Бұл қабілет қиын кезде пайдасынан гөрі зиянын тигізеді. Білім бар, бірақ оны қалай қолдануды білмейміз.

Вакцинаның барлық түрі пайдалы немесе зиян екенін иммунолог, вирусолог, микроағзаларды зерттейтін мамандар тәпсірлеп айтпаса, біз сияқты қарапайым адамдар толық біле бермейді. Бірақ оған парасатпен қарау керек. Қазір бізде екі таңдау бар. Адам екпе салған кезде қауіп барын да жоққа шығаруға болмайды. «Спутник V» екпесін салдырғанда қауіп бары рас, бірақ ондай қатер 500 мың жағдайдың тек біреуінде кездесуі ықтимал. Ал екпе алмаған әр 30 адамның біреуі жансақтау бөліміне түсіп, қайтыс болуы да мүмкін. Осы екеуінің қайсысын таңдар едіңіз? 500 мың адамның арасында болғыңыз келе ме, жоқ әлде 30 адамның ба? Өз басым 500 мың адамның арасында болғанды қалар едім.

Жұлдыз САҚАУОВА, «Балапан» бөбекжай бақшасының тәрбиешісі, Алтынды ауылы, Мұғалжар ауданы:

— Баршамызды әбігерге салған індет күннен-күнге өршіп барады. Жаһанды жайлаған індетпен күрестің ең тиімді жолы — оған қарсы жаппай екпе салдыру және ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Бүгінде тұрғындар арасында екпе туралы түрлі алыпқашпа, жалған ақпараттар көптеп таралып жатыр. Алайда адамдар өз денсаулығы үшін негізсіз мәліметтерге сенбеуі керек деп ойлаймын. Мұны әлем ғалымдары мойындап отыр. Сондықтан баршамыз осындай маңызды науқанға белсене қатысып, вакцина алуымыз қажет. Мен өзіме, туыстарым мен әріптестеріме қауіп төндірмес үшін мүмкіндікті пайдаланып, екпе алдым. Бұл жаһандық індетпен күрестегі ең маңызды қадам деп білемін. Денсаулықтың қадірін біліп, барынша сақтанып жүрейік!

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button