Мәдениет

Жалғасын тапқан жоба 

Облыстық халық шығармашылығы орталығы ғимаратының алдында «Ақтөбе — алтын бесігім» музыкалық жобасы өз жалғасын тапты.

Ашық аспан астындағы концертті облыстық халық шығармашылығы орталығы «Ер Едіге» жыр мектебінің жыршылары — Жеңіс Елемесов, Самал Медеубаева, Ғани Қайроллаев ашып, жыр-толғауларын бірінен соң бірі ұсынды.

Екі сағатқа созылған концертте, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясы, «Русский сувенир» үлгілі би ансамблі, №55 орта мектептің «Шаттық» би тобы, т.б. өнер көрсетіп, көрермендерді тәнті етті. Ал «Алақай» облыстық қуыршақ театрының артистері түрлі образдарымен балалардың көңілін көтерді.

Музыкалық жобада Байғанин және Темір аудандары өнерпаздарының концерттік бағдарламасы да қамтылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ақын, композитор, драматург Бәкір Тәжібаевтың 95 жылдығына арналған аудан өнерпаздарының ән шашуында, атап айтсақ, Байғанин аудандық Мәдениет үйі  ән-күйін, жырын, ал аудандық музей қызметкерлері текеметте отырып, ұршық иіріп, жүн түтуден шеберлік сағатын паш етті. Концертті тамашалаған ақтөбеліктерге қазақы дәстүрмен шұбат пен бауырсақтан дәм ұсынылды.

Ел егемендігінің мерейлі тойы қарсаңында облыстық халық шығармашылығы орталығының өзге әріптестерімен бірлескен осындай шаралары жыл соңына дейін жалғаспақ.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button