Басты жаңалықтар

«Ауыл тұрғындарына да қаладағыдай жағдай жасалуы керек»

Жұма күні  облыс әкімі Оңдасын Оразалин Мәртөк ауданында болып, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне назар аударды. 

«Егістен сөреге дейін»

Облыс басшысы ең әуелі Ақтөбе қаласындағы жаңадан пайдалануға берілген «Айман» супермаркетінде болып, оның жұмысымен танысты. Бұл дүкеннің ерекшелігі — «Егістен сөреге дейін» принципімен жұмыс істейді. Яғни Мәртөк ауданындағы «Сұлтан» шаруа қожалығы өндіретін өнім түрлерін осы дүкен сөресінен таба аласыздар. Мал шаруашылығымен айналысатын қожалықта дайындалған сүт, қымыз, ет өнімдері енді тікелей тұтынушы қолына тиетін болды.  Шаруашылықтың өз наубайханасы да бар. Мұнда нан, тоқаш және түрлі бөлкелер пісіріліп, ыстықтай дүкен сөрелеріне қойылады.

— Бұл дүкенді әзірге пилоттық жоба ретінде аштық. Тұтынушы «Сұлтан» шаруа қожалығы  өндіретін өнім түрлерін осы супермаркет сөресінен таба алады. Қазіргі таңда сүт өнімдерін өндіру жұмыстарын қолға алып жатырмыз. Сондай-ақ алдағы уақытта балық шаруашылығымен де айналысқымыз келеді, — дейді шаруашылық иесі Сұлтан Бекназаров.

Супермаркетті кәсіпкер өз қаражатына салған. Шаруа мемлекеттік қолдауға асылтұқымды ірі қара малын сатып алу үшін жүгінгенін айтады.  Мәртөк ауданына қарасты Құрмансай ауылындағы «Сұлтан» шаруа қожалығында  50 жылқы, 500 ірі қара бар. Шаруашылық жылына 22 500 литр қымыз, 912 500 литр сүт, 365 тонна ет өндіреді. Сұранысқа ие жергілікті өнім түрлерін өндіруді қолға алған шаруа облыс әкіміне алдағы жоспарларын айтты. Жемшөп базасын кеңейтіп, бордақылау алаңын салғысы келетін кәсіпкер «Егістен сөреге дейін» принципімен жұмыс істейтін дүкенді аудан орталығынан да ашатынын айтты.

Барлығы тұрғындар игілігі үшін

Бұдан кейінгі сапар Тәңірберген ауылдық округінде жалғасты. Облыс басшысы Саржансай селосында осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілетін спорт кешенінің құрылысы барысын көрді. Жалпы аумағы 1000 шаршы метрден асатын кешенді «Нұрболат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатыр.

Сондай-ақ Мәртөк ауданында қазіргі уақытта Родниковка және Қаратоғай ауылдарында да заманауи, үлкен спорт кешендері салынуда. Келесі жылы Сарыжар және Жайсаң елді мекендерінде денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталады.
Мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын сапалы әрі  уақтылы бітіруді тапсырған облыс әкімі бүгінгі таңда ауыл халқына барлық жағдайды тудыру мақсатында қарқынды жұмыстар жүріп жатқандығын айтты.

— Ауыл тұрғындарына да қаладағыдай жайлы жағдай жасалуы керек. Ауылдарға су, газ, электр энергиясы, байланыс пен интернет орнату сондай-ақ жолдарын жөндеп, көшелерін жарықтандыру — бірінші кезектегі жұмыс. Сонымен қатар балабақша, мектеп, спорт кешендері мен медициналық мекемелер секілді әлеуметтік нысандар да болуға тиіс. Қазір біз тұрған Саржансай ауылы да  жол бойында орналасқан, болашағы бар ауылдардың бірі. Осындай ауылдардың дамуына ерекше көңіл бөлуіміз қажет, — деді облыс әкімі.

Бұдан соң облыс әкімі аудан орталығында «МЕрСаид» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан 150 орындық балабақшаның құрылысын көрді. Бүгінгі таңда аудан орталығында 5 балабақша бар. Құрылысы келер жылы аяқталатын «Ерке» балабақшасы кезекте тұрғандар санын жойып, 50 адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде. Мәртөк аудандық білім бөлімі берген мәліметке сүйенсек, бүгінде аудан орталығында балабақша кезегінде 143 бала тұр, ал балабақша жасында кезекте тұрған бала саны — 53.

Жалпы ауданы 1800 шаршы метр болатын заманауи балабақша аудан орталығының жаңа бөлігінде салынып жатыр. Ғимарат құрылысына кәсіпкер 400 миллион теңге көлемінде инвестиция құйған.

— Осы жерде тұрғындар дұрыс түсінуі қажет. Балабақша болсын, мектеп болсын, жеке инвестордың қаражатына салынғанымен, балалар мемлекеттік тапсырыс арқылы тегін білім алатын болады. Біз бюджетке салмақ салмай, оның қаржысын тиімді пайдалану мақсатында осындай әдіс бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Бұл бізге де, кәсіпкерге де тиімді. Кәсіпкер қазір құрылысқа салған ақшасын кейін мемлекеттік тапсырыс ала отырып, қайтарып алады. Күні кеше облыс орталығында ашылған үш мың орындық мектепті де осындай инвесторлардың күшімен салып, балалар игілігіне тапсырдық, — деді Оңдасын Оразалин.

Сондай-ақ облыс әкімі бұл күні Құмсай ауылында 19 бала оқитын бастауыш мектепте болды. 2020 жылы облыстық және аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, мектеп ғимараты сатып алынған болатын. Биыл жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1 қыркүйекте оқушыларды қабылдады.  Сондай-ақ мектеп жанынан шағын орталық ашылған. Мұнда 15 бала тәрбиеленіп жатыр. Жаңа мектептің ашылуы — құмсайлықтар үшін үлкен қуаныш. Өйткені бұған дейін ауыл балалары аудан орталығындағы жанында интернаты бар  мектептерде білім алып келген болатын.

— Жаңа Құмсайдан балама үй берген соң Достық ауылынан осы жерге көшіп келдік. Ұлым — көпбалалы әке. Немерелерімнің екеуі мектеп жанындағы шағын орталыққа, ал екеуі мектепке барады. Жаңа мектеп үйіміздің қасында. Балаларға өте ыңғайлы, — дейді немересін шағын орталықтан алып кетуге келген ауыл тұрғыны Айман Мұстафина.

Ауданда қылмыс төмендеген

Облыс әкімі биыл жөндеу жұмыстары жүргізілген Мәртөк аудандық прокуратурасында болды. Мұнда аудан прокуроры Ерназар Алдияров Оңдасын Оразалинге халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.

Аудан прокурорының айтуынша, Мәртөкте биыл қылмыс едәуір төмендеген. Атап айтқанда, қаңтардан бастап тіркелген қылмыстар саны 8 пайызға, оның ішінде ауыр қылмыстар 34 пайызға, ауырлығы орташа қылмыстар 30 пайызға төмендепті. Ал мал ұрлығы фактілері 37 пайызға азайған.

— Биыл аудан орталығындағы 17 көшеге жарық шам қойылып, 8 көшеге және 5 саябаққа барлығы 42 бейнебақылау камерасы орнатылды. Камералардың бәрі ішкі істер бөліміне қосылған. Яғни біз ішкі істер бөлімінде отырып-ақ барлығын бақылауға мүмкіндік алдық. Ауданда бұған дейін бейнебақылау камералары болған жоқ. Алдағы уақытта аудандық әкімдікпен келісе отырып, камералар санын 105-ке жеткізу ойымызда бар, — деді аудан прокуроры Ерназар Алдияров.

Жасалып жатқан жұмыстар барысымен танысқан облыс әкімі көшелерді жарықтандыру мен бейнебақылау камераларын орнату, бір жағынан, абаттандыруға жатса, екінші жағынан, қауіпсіздіктің алдын алудың бір жолы екендігін айтты.

Сонымен қатар облыс әкімі Родников-Мәртөк бағытындағы жолдың жөндеу жұмыстарының барысын көрді.  Мердігер мекеме басшысы ұзындығы 51 шақырым болатын жолды жөндеу кезінде өзіндік кедергілер болғанын айтты. Жаңадан жөнделген жолдың  кейбір тұстарын ауыр жүк көліктері қопарып кеткен. Ал бұл жол тек жеңіл көліктердің жүруіне арналған екен. Облыс басшысы аудан әкімі Алмас Салықбаевқа мұндай олқылықтардың енді қайталанбауын қадағалауды тапсырды.
Айта кетейік, биылғы жылы Мәртөк ауданында, облыстың басқа аудандарындағыдай, кентішілік жолдарды жөндеу жұмыстарының көлемі артты. Мәртөк ауданында «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында қазіргі уақытта Жайсаң, Саржансай, Сарыжар және Мәртөк ауылдарында 17 жоба іске асырылуда.

«Шаруалар тек арпа-бидай егумен шектеліп қалмауға тиіс»

Мәртөк ауданы өткен жылы облыс бойынша егіншілік саласы жағынан озат аудан деп танылған болатын. Қазіргі таңда ауданда күзгі өнім жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Ауданға жасаған сапары кезінде облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар барысын да назардан тыс қалдырмады. Алдымен негізі 2016 жылы құрылған «Алишер и К» шаруа қожалығында болды. Шаруашылықтың бүгінде 1,1 мың гектардан астам жері бар. Суармалы жер көлемі — 693 гектар. Кәсіпкер алдағы уақытта мал басын көбейтіп, бордақылау алаңын салғысы келеді.  Сүт өнімдерін өндіретін кешен салып, ірімшік, сары май өнімдерін нарыққа шығарғысы келетінін айтты.

Қазіргі уақытта шаруашылықта жемшөп базасы құрылуда. 350 миллион  теңгеге «John Deere» тракторы мен «Борго» егіс кешенін сатып алған. «Western» 4 суару қондырғысын монтаждау бойынша жұмыстар басталды. Суару қондырғыларын монтаждағаннан кейін бордақылау алаңын кредиттеу үшін қаржы институттарына өтінім берілетін болады.Сапар барысында Оңдасын Оразалин аудандағы ең ірі шаруашылықтардың бірі — «Родники Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күнбағыс алқабында болды. Биыл шаруашылық 6 мың гектардан астам жерге дәнді дақыл, 12 мың гектар жерге майлы дақыл,  406 гектар жерге судан шөбін  еккен. Қазіргі уақытта егін жинау науқаны жүріп жатыр.

— Биылғы жылғы ауа райының қуаңшылығына байланысты бидайдың түсімі өткен жылдармен салыстырғанда төмен. Ал майлы дақылдардың шығымы жақсы. Сондықтан шаруалар реті келсе, тек арпа-бидай егумен шектеліп қалмауы керек. Жалпы көрініс жақсы, нәтижесін науқан аяқталған соң көретін боламыз, — деді облыс әкімі.

Осы жерде облыс әкіміне аудандағы ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар барысы таныстырылды.  Сапар соңында облыс әкімі шаруалармен әңгімелесіп, олардың өтініштері мен тілектерін тыңдады. Аудан әкіміне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетуді және қыста мал шаруашылығы үшін жемшөпті жүз пайыз дайындауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button