Жаңалықтар

Мамандар жағымсыз иіспен қалай күресіп жатыр?

Облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов бастаған жұмыс тобы қаламыздағы атмосфералық ауаны жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтау үшін Ақтөбенің сыртындағы өнеркәсіптік аймаққа барды.

Жұмыс тобының құрамында Ақтөбе қаласы әкімдігі, экология департаменті, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, «Aqtobe su-energy group» АҚ, «Экополис плюс» ЖШС өкілдері бар.

Әуелі кәріз тазарту құрылыстарының лай алаңдарына барған  Жақсығали Иманқұлов ара-тұра қала ауасына таралатын жағымсыз иісті жою мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын айтып берді.

— Әсіресе, жаз айларында жағымсыз иістің қаланың Шанхай, Батыс-2 аудандарына, жел тұрса, әрі қарай  Есет батыр көшесіне таралатынын жұрт жақсы біледі. Қазір жағымсыз иістің бұрынғыдан әлдеқайда азайғаны байқалады. Бұл — жасалып жатқан жұмыстар нәтижесі. «Экополис плюс» кәсіпорны күкіртті сутегі бөлетін спирт зауытының барда алаңына бактерия жіберумен айналысуда, қазіргі таңда бұл жұмыс 90 пайызға дейін аяқталуға жақын. Биыл осы кәсіпорынның мамандары арнайы бактерияларды кәріз тазарту құрылыстарының лай алаңдарына да қолдана бастады. Айтпақшы, егер кәріз тазарту құрылыстары дұрыс жұмыс істеп тұрса, мұндағы суды балық шаруашылығына пайдаланып, өзенге жіберуге болар еді. Алдағы уақытта бізде осындай кешен пайда болуы мүмкін деп үміттенейік, — дейді Жақсығали Иманқұлов.

Біз барғанда «Экополис плюс» кәсіпорнының мамандары 30 гектар жерді алып жатқан кәріз тазарту құрылыстары тұнба алаңдарында микробиологиялық бактерия жіберу жұмыстарын жүргізіп жатты. Мамандар облыс әкімінің орынбасары бастаған жұмыс тобына бактерия жіберілгеннен кейін кеуіп, құрғап қалған жерлерді көрсетті. Ол жерлерде жағымсыз иістің едәуір азайғаны білінеді.

Жақсығали Иманқұловтан үлкен қалаларда жағымсыз иістің неге шықпайтынын сұрадық.  

— Мысалы, Нұр-Сұлтанда лай алаңдары түбіндегі шөгінділерді арнайы контейнерлерге салып алып, қала сыртына шығарады. Сосын арнайы технологияларды қолдану арқылы одан газ өндіріледі, — дейді облыс әкімінің орынбасары.

Мамандардың айтуынша, біздің Ақтөбеде кәріз жүйелерінің лайы қала сыртына төгіледі, сол жерде табиғи жолмен бүлінеді. Сосын күкіртті сутегі, аммиак, метан және басқа да газ бен иіс бөледі.

Облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов облыс әкімінің тікелей бақылауында тұрған бұл мәселені әлі де тиянақтау керектігін, қаламыздағы ауа сапасы тұрақты тазарғанша басталған жұмыстарды тоқтатпай, жалғастыра беру қажеттігін айтты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button