Басты бет » Жаңалықтар » Соңғы тәулікте КВИ жұқтырған 140 жағдай тіркелді

Соңғы тәулікте КВИ жұқтырған 140 жағдай тіркелді

Тікелей эфир

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 140 жағдай тіркелді. Бұл туралы «Вакцинация мен КВИ бойынша ағымдағы жағдай туралы» тікелей эфир барысында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров баяндады.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, 140 жағдайдың ішінде 101-інде ауру симптомдары болса, қалғаны — симптомсыз. Аурушаңдықтың өсу деңгейі – 0,5%.

— Жалпы, облыста коронавируспен ауырған 30 504 жағдай тіркелді, оның ішінде 75,1 пайызы ауру белгілерімен (22916) және 24,8 пайызы — симптомсыз (7588) жағдай.

26 363 науқас жазылып шықты. 30 504 науқастың 0,7 пайызы ауруды сырттан әкелген, 12,2 пайызы — ауру адаммен қарым-қатынаста болғандар, 86,9 пайызы — жергілікті жағдайлар. ​​​Қазіргі таңда үй карантиніне 10441 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде, — деді ол.

Департамент басшысының айтуынша, қазіргі таңда облыста мобильді мониторингтік топтар жеке және заңды тұлғалардың нысандарда карантиндік шараларды орындауын, соның ішінде бетперде тағу режимін, басқа да эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтау бойынша рейдтік тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес, 2021 жылы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша анықталған бұзушылықтар үшін 83 807 630 теңге көлемінде 820 айыппұл салынған.

Ал «Ashyq» жобасына бүгінде облыста 4041 кәсіпкер тіркелген. Олардың ішінде «Көшбасшы» мәртебесі бар қатысушылар саны – 69.

Айта кету керек, бағдарлама енгізілгеннен бастап өңірімізде «Ashyq» жобасы бойынша «сары» статусы бар 232 және «қызыл» статусы бар 285 адам анықталған. 99 «сары» статусы бар тұлғаға қоғамдық жерлерге баруға тыйым салынған. Сондай-ақ «қызыл» статусы бар, тәртіп сақтамаған 71 жеке тұлғаға «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 425-бабы 1-тармағымен әкімшілік шара қолданылып, жалпы құны 3 150 360 теңге айыппұл төлеу міндеттелген.

Қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда 1010 адам ем алуда. Оның 805-і — қалада, ал 205-і — аудандарда. Жансақтау бөлімінде 103 науқас ем алып жатыр. Жансақтау бөліміндегі науқастардың 13-і — жасанды желдету аппаратына, 54-і өкпені инвазивтік желдету аппаратына қосылған. Карантиндік стационарларда 11 адам бақылауда, оның ішінде 8 адам — Мәртөк ауданында, 3 адам — Қарғалы ауданында. Жалпы, стационардағы кереуеттердің 53 пайызы, жансақтау бөліміндегі кереуеттердің 46 пайызы толық. Өңірдегі 11 зертханаға індет басталғалы 872 443 ПТР-тест әкелінді, соңғы тәулікте 2179 зерттеу жүргізілді, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Данагүл ҚАЗИХАН.