Басты бет » Пікір » Бірлік — ел өркендеуінің берік негізі

Бірлік — ел өркендеуінің берік негізі

Серікжан қажы ЕНШІБАЙҰЛЫ,

облыстың бас имамы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әр қоғам мүшесі Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы керектігін ерекше айтты. Ал оның басты көрінісі елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық екендігін атап өтті.

Президент: «Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек» — дей келе, этносаралық және конфессияаралық қатынастардың   маңыздылығын барлық азаматтардың түсінуі қажеттігіне тоқталды. «Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз», — деді Мемлекет басшысы.

Расында, халық бірлігі — ел өркендеуінің берік негізі. Бейбіт өмір бақ-береке, бірлік әкелумен қатар, өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Сондықтан да дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік — байлық» дейді.

Құранда: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ танысып, табысуларың үшін (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік», — делінген («Хужурат» сүресі, 13-аят). Яғни, бұл аятта адам баласының түп-тамыры бір екендігі, ұлтына, нәсіліне қарамастан, татулықта өмір сүруге ұмтылу керектігі айтылған. Ал Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген сөзі де осы аятпен үндес.

Бейбітшілік деген мағынаны білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аяттарда кездеседі. Өйткені Құран ынтымақ пен бірлікті баса насихаттайды.

Ел тыныштығы мен бірлігі жолында әрқайсысымыз өзімізге жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарағанымыз жөн. Елдің өркендеуі мен діннің қанат жайуы тек тыныштық пен бірліктің арқасында жүзеге асатынын ұмытпайық!