Жаңалықтар

Біз күткен өзгерістер

Шырайлым ОРАЛБАЙҚЫЗЫ,

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының  қызметкері

Мемлекет басшысының Жолдауымен біздің Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұжымы бірлескен түрде танысып шықтық, зерделеп оқыдық.

Президент ауыл шаруашылығы, су және электр мәселесі, шағын бизнес, тұрғын үй, мемлекеттік тіл және тағы да басқа маңызды тақырыптарды қозғады. Жолдауда ең төменгі жалақыны қайта қарау керектігі айтылды. Президенттің тапсырмасы бойынша 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 42500-ден 60 мың теңгеге дейін ұлғаюы тиіс. Сондай-ақ  2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет музей қызметкерлері мен кітапханашылардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Жолдауда мемлекеттік тіл туралы да айтылды. Президент болашағын Қазақстанмен байланыстыратын әрбір адам қазақ тілін үйренуі керектігін атап өтті.

«Қазақстан — әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету — басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек», — деді Президент.

Мұндай жағдайлардың мемлекеттен ала берсем деген көзқарас қалыптастыратынын айтқан Мемлекет басшысы келеңсіз құбылыстарға тоқтам болатынын ескертті.

«Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек», — деді ол.

Ел күткен өзгерістер жүзеге асатынына біз кәміл сенеміз. Өйткені сенімді бағыттар белгіленіп отырғанына көзіміз жетеді, көңіліміз сенеді.

Ақтөбе қаласы.

ҰЙЫМДАСҚАН ЕЛ ҰТАДЫ

Ғарифулла МҰҚАШЕВ,

Бершүгір орта мектебі Nur Otan партиясы бастауыш

партия ұйымының төрағасы

Мемлекет басшысы  жемшөп мәселесі және ветеринария жүйесін реформалау керектігін баса айтты. Оған себеп биылғы қуаңшылық пен жауын-шашынның болмауы өңірлерде ауыл шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізді.  Бүгінде ұлттық экономикамыздың қозғаушы күші саналатын бұл саланы Мемлекет басшысы алдағы жылдары қарқынды түрде дамыту керектігін алға тартты.

Қ.Тоқаев өз Жолдауында Қазақстан жерінің түпкілікті шетелдіктерге сатылмайтындығын, бұл ретте арнайы Заңға қол қойғандығын да жеткізді. Бұл мәселе көптің көңілінде жүрген күдікті сейілтті. Ал Жолдауда айтылған тағы бір мәселе —  елімізде бұқаралық спортты дамыту және  денсаулық жүйесінің тиімділігін арттыру халықтың салауатты өмір салтын ұстануға алғышарт болады деп ойлаймын.

Жылдағы дәстүр бойынша бұл Жолдауда да Президентіміз мұғалімдер мен дәрігерлер қауымына ерекше тоқталып, осы жылдан бастап  еңбекақымызға 20 пайыз қосымша қаржы қосылатынын, ал кітапханашылар, мәдениет қызметкерлері мен қорықшылардың жалақылары  келесі жылдан бастап 20 пайызға өсетіндігін айтты. Бұл, тұтастай алғанда, 600 мыңнан астам отандасымыздың еңбегі еленеді деген сөз.

Біз, ұстаздар қауымы, қашанда Президент Жолдауын ерекше күтіп, жыл сайын Мемлекет басшысының алға қойған мақсат-міндеттерін, бастамаларын  құптап, қолдаймыз.  Әрдайым ұстаздарға қамқорлық танытып, ел баласын тәрбиелеудегі еңбегін бағалайтын Президентіміз бұл жолы да мұғалімдерді атаусыз қалдырмады.

Мемлекет басшысы айтқандай, шын мәнінде, ұйымдасқан ел ұтады, бірлігі бар елде береке болады. Сондықтан осынау жаңа оқу жылында барша қазақстандықтарға бірлік пен береке, ал ұстаздар қауымына еңбекте толағай табыстар мен дарынды шәкірттерінің көп болуын тілеймін.

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button