Денсаулық

Вакциналау:  көрсеткіштер  және зерттеулер

Елімізде коронавирус жұқтырудың ең жоғары көрсеткіші биыл тамыз айында тіркелді. Соның салдарынан 100 мың тұрғынға шаққанда, қауіпті індеттен көз жұмғандар саны бойынша еліміз әлемде 6-орында тұр. Қазір Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай біршама жақсарды. Дегенмен жағдай әлі де ушығып кетуі мүмкін.

Тұрғындардың үштен бір бөлігі ғана екпе алған

Республикадағы пандемиямен күрес жөніндегі азаматтық штабтың «Ел үшін егілемін» атты тәуелсіз бірлестігінің бастамашысы, экономист және қоғам белсендісі Рахым Ошақбаевтың айтуынша, қазіргі жағдайда қауіпті вирустан қорғанудың жалғыз жолы – жаппай вакцина алу. Сондықтан штаб қазір вакцина алудың маңыздылығын халыққа түсіндіру бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр.

«Мемлекет атынан емес, халық тарапынан болатын жаңа ақпараттық науқанға мүмкіндігінше мамандарды, бизнес өкілдерін, волонтерлер мен жұртшылықты тарту маңызды. Әзірге елімізде ересек тұрғындардың үштен бір бөлігі ғана екпе алған. Салыстырар болсақ, Канада мен Ұлыбританияда 70 пайыздан көп болса, АҚШ, Германия, Францияда орташа есеппен 60 пайызды құрайды. Жаңа штабтың міндеті – республика тұрғындарының барлық сұрақтарына ашық жауап бере отырып, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жұмыс істеу.

Қазір, негізінен, бұл бағыттағы жұмыс туралы шенеуніктер ресми алаңдарда хабар таратып жатыр. Ал көп ақпарат WhatsApp, Instagram әлеуметтік желілерінде жарияланып, тікелей эфирлер ұйымдастырылуда. Сондықтан біз осы бағытты қамтитын боламыз. Мәселен, біздің штабтың мүшесі Динара Сәтжанның Instagram-да, 1.2 миллион жазылушысы бар. Ол күн сайын эпидемиологтармен, инфекционистермен тікелей эфирлер жүргізеді», — дейді ол.

Рахым Ошақбаев сондай-ақ қазақстандықтар отандық «QazVaс» вакцинасын қолдауы керектігін жеткізді. Себебі бұл вакцинаның иммуногендік қасиеті шетелдікінен артық болмаса, кем емес. Бірақ біздің қоғам соны әлі де түсінбей жатыр.

«Өзіміздің биологиялық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуіміз үшін осындай ғылыми-зерттеу институтының дамуын ойлауымыз керек. Біз бұл бағытта алдағы уақытта халыққа нақты әрі жан-жақты ақпарат береміз», — дейді ол.

Елімізде бес жаңа вакцина шығарылмақ

Алдағы үш жылда биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында бес жаңа вакцина шығару жоспарлануда. Елімізде ғана емес, Орталық Азия аймағында қауіпті вирустарды зерттеумен айналысатын бірден-бір мекемеде осы уақытқа дейін 67 вакцина шығарылған. Олар, негізінен, мал ауруларына қарсы салынатын екпе болғанымен, институттың мүмкіндігі зор.

Институт ғалымдары әлемде алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы «QazVac» вакцинасын жасады. Бұл — зор жетістік. Былтыр институт жанында «ОтарБиофарм» зауытының іргетасы қаланды. Құрылысы толық аяқталғанымен әзірге барлық автоматтандырылған құрылғылар сынақ жүйесінде тексеріліп жатыр. Жоспарға сәйкес зауыттың қуаты жылына 60 млн доза вакцина шығаруға жеткілікті.

«Дегенмен бүгінгі күнгі ең қиын мәселе — реактив пен құрал-жабдықтарды сатып алу. Бұл жерде мемлекеттік сатып алу порталы арқылы бұл мәселені өткізу өте қиын. Сондықтан да көптеген жаңа нормаларды енгізуіміз керек. Материалдар ешқандай тоқтаусыз, кедергісіз бізге келу керек. Сондықтан да жан-жағынан қарастырып, біздің ғалымдардың және қызметкерлердің жағдайын көтеру керек», — дейді Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінге дейін отандық «QazVaс» вакцинасын 300 мың адам салдырған. Ал бірнеше күннен кейін коронавирусқа қарсы қазақстандық тағы бір вакцина «QazCoVac-P» клиникалық зерттеулердің екінші фазасынан өткізіледі.

Күнсұлу Закарьяның айтуынша, бүгінде «QazVac» вакцинасы «дельта штамына» бейімдеу арқылы жетілдіріліп жатыр. Ал аталған екпені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу әлі де біраз уақытты, тынымсыз еңбекті қажет етеді.

«Қазір бүкіл дүниежүзі вирустың «дельта штамына» тиімді вакцина жасау мәселесіне бас қатырып жатыр. «Спутник V»-дің «дельта штамға» модификациясы шығарылды. АҚШ-та «дельта-штаммен» жұмыс істеп жатыр. Олардікі де, біздікі де әзірге зерттеу деңгейінде. Денсаулық сақтау министрлігінен әлі рұқсат алған жоқпыз. Олар қарап жатыр. Жақын уақытта рұқсат береміз деген. Соны күтіп отырмыз», — дейді ғалым.

Оның айтуынша, жуырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан Жамбыл облысына келетін өкілдер «QazVac» екпесін шығаратын зауыттың жұмысымен танысып қана қайтады.

«Олар GMP сертификаты бойынша келеді. Қазақшалап айтсақ, өндірістік практиканың қаншалықты осы стандартқа сай екенін өз көздерімен көрмекші. Біздің вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тіркелу үшін ең бірінші халықаралық сертификат алу керек. Халықаралық сертификатты алмасақ, біздің құжаттарды қарастырмайды. Олар біздегі зауытпен танысуға келе жатыр. Әзірге зауыт салғанымызды естіп қана жүр ғой. Бұл жерде ештеңе шешілмейді. Жай ғана қонақ ретінде келе жатыр деп түсіну керек. Зауыттың жұмысымен танысып, бақылайды. Содан кейін ғана тіркеу туралы нақты жоспар әзірленеді», — дейді Күнсұлу Закарья.

Сондай-ақ ол «QazVac»-тың Швейцарияда тіркелу мүмкіндігі туралы пікір білдірді.

«Швейцарияда тіркелу мәселесіне келсек, өздері біздің Сыртқы істер, Сауда және интеграция министрліктеріне шығып хабарласқан болатын. Сондықтан қазір солармен жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені өздері қызығушылық танытты. Кім байланысқа шықса, солармен жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы қасымызда бауырлас елдер бар. Қырғызстаннан басқалары ешқандай ұсыныспен шыққан жоқ. Ал алыстағы Швейцария өздері шығып, «көмектесейік, тіркеуден өтсеңіздер, Африка, Латын Америкасына шығаруға болады» дегендей мәселелерді айтып, байланысты», — дейді Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының бас директоры.

Зерттеулер не дейді?

АҚШ-тың ауруды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) зерттеулеріне сүйенсек, әлемде толық вакциналанған адамдар (екі компонентін де алған) COVID-19-дан 11 есе аз өледі және ауруханаларға 10 есе аз түседі.

АҚШ ғалымдары 2021 жылдың сәуір-шілде айлары аралығында 13 штатта және ірі қалаларда COVID-19, ауруханаға жатқызылу және өлім-жітімнің 6 мыңнан астам жағдайын зерттеді. Зерттеу көрсеткендей, вакцина алмаған адамдардың толықтай екпе алғандарға қарағанда коронавирус жұқтыру мүмкіндігі 4,5 есе, ауруханаға түсу мүмкіндігі 10 есе және аурудан қайтыс болу қаупі 11 есе көп.

Ақ үйдегі брифингте CDC директоры Рошель Валенски бұл мәліметтер вакцинацияның COVID-19 ауыр асқынуларынан қорғайтынын көрсетіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар АҚШ Ауруды бақылау және алдын алу орталығы коронавирустың дельта нұсқасы АҚШ-та негізгі штамға айналғанын анықтады. Орталық АҚШ президенті Джо Байден COVID-19-ға қарсы жаңа стратегияны жариялағаннан кейін мәлімдеме жасады. Оған 100-ден астам адам тіркелген компанияларда қызметкерлерді екпе алуға немесе апта сайын тест тапсыруға міндеттейтін шаралар кіреді.

Ал өз еліміздегі зерттеулерге келсек, Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, биыл коронавируспен қайталап ауырғандардың саны 23 мың адамға жетіп отыр. Соның ішінде 3 200 адам — стационарлық ем алғандар. Қалған 20 мың адам жеңіл формада ауырып, емхана деңгейінде емделген.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары

Зәуре Ахметованың айтуынша, вакцинаның бірінші компонентін алғаннан кейін ауырғандардың үлесі 0,1 пайыз болса, екінші компонентін алғаннан кейін ауырғандардың үлесі – 0,2 пайыз.

«1 қыркүйектегі жағдай бойынша коронавируспен ауырғандардың статистикасын қарасақ, 99,9 пайызы — вакцина алмағандар. Тек 0,1 пайызы ғана вакцина алғаннан кейін ауырған. Оның саны – 20 211 адам. Вакциналардың түріне қарай жіктесек, бірінші компонент алып ауырғандардың саны – 7 070 адам», — дейді ол.

Оның айтуынша, ауырғандар ішінде 6108-і — «Спутник V» екпесін алғандар (0,1 пайыз). Жалпы елімізде бұл вакцинаны 5 669 855 адам салдырған.

«QazVac» вакцинасын 172 707 адам алған. Оның ішінде 172 адам ауырған (0,1 пайыз).

«Hayat-Vax» алғандар саны — 529 349 адам. Оның ішінде 553 адам ауырған (0,1 пайыз).

«CoronaVac» екпесін алғандар арасында 218 адам ауру жұқтырған (0,1 пайыз). Жалпы бұл вакцинаны алғандар саны — 249 373 адам.

«Екінші компонент алғаннан кейін елімізде 13 141 адам ауырған. Бұл – 0,2 пайыз, — дейді Зәуре Ахметова. — Оның ішінде «Спутник V» алған 4 912 195 адамның 11 101-і ауырған.

«QazVac» вакцинасының екінші компонентін алған 113 730 адамның 231-і ауырған (0,2 пайыз). «Hayat-Vax» алған 472 463 адамның ішінде 1 448 адам ауырған (0,1 пайыз).

«CoronaVac» екпесін алғандардың 341-і ауру жұқтырған, яғни 0,15 пайыз».

«Pfizer» вакцинасы ата-аналардың келісімімен салынады

Жаңа оқу жылы басталғалы елімізде балаларға вакцина салу мәселесі төңірегінде әртүрлі пікірлер айтылып жатқаны белгілі. Осыған байланысты өткен аптада ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева мәлімдеме жасаған болатын.

«Елімізге балаларға арналған коронавирусқа қарсы вакцина келген жағдайда ол баланың ата-анасының келісімімен ғана салынады. Қазіргі уақытта әлемде бірнеше вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 12-18 жас аралығындағы балаларға егуге нұсқаулық беріп отыр. Оның бірі – «Pfizer» вакцинасы. Ол елімізге келгеннен кейін алдын ала халыққа жарияланып, медицина мамандары дайындықтан өткізіледі», — деді ол.

Ал ҚР Денсулық сақтау вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, «Pfizer» вакцинасын Қазақстанға жеткізу үшін әлі келіссөз жүргізіліп жатыр.

«Бас келісімге қол қойып, оның ережелеріне қатысты келіссөз жүргізіп жатырмыз. Яғни келісімшарттың қорытынды кезеңіне өттік. Өкінішке қарай, мәліметтерді жария етпеу келісіміне байланысты оның көлемі мен құнына қатысты ақпаратты жариялай алмаймыз. Келісімге қол қойылғаннан кейін ғана тиісті ақпарат беріледі», — деді Марат Шоранов.

Айта кету керек, өткен аптада Қазақстанға «Sinopharm» фармкомпаниясы жасаған «Verocell» вакцинасының 3 млн дозасы жеткізілді.

 Интернет материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button