Жаңалықтар

Ізімғали Көбеновке арналған мемориалды тақта ашылды

Ақтөбе қаласының Әбілқайыр хан даңғылы, 66-үйде ҚР тұңғыш кәсіби Парламентінің депутаты, «Құрмет» орденінің иегері, дәрігер-онколог, профессор Ізімғали Көбеновтің құрметіне мемориалды тақта ашылды.

Бұл шараға Қазақстанның әр аймағынан келген «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының мүшелері, ардагерлер, қоғам белсенділері, жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатысты.
Ізімғали Көбенов ҚР тұңғыш кәсіби Парламентінің депутаты ретінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде жасалған реформаларды жүзеге асыруға үлес қосты.

Семей ядролық сынақ алаңын жабуға белсене қатысып, өмірінің соңына дейін «Невада-Семей» Батыс Қазақстан аймағы филиалының директоры қызметін атқарды.  Ол Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың 70, 80 жылдық мерейтойларын өткізу жөніндегі ҚР Мемлекеттік Комиссиясының мүшесі ретінде батыр қыздың ескерткішін орнатуға елеулі еңбек сіңірді.

1995-97 жылдары М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы ғылыми Кеңесінің мүшесі болды. Бүкілдүниежүзілік ядроға қарсы қозғалыс конгресінің делегация құрамында 1994 жылы Дания астанасы Копенгаген қаласында өткен жиынға қатысты.

Шара барысында І.Көбеновтің үзеңгілес достары мен әріптестері көзі тірісінде атқарған еңбегі туралы айтты.

— Ізімғали Көбенов облыстағы белгілі азаматтың бірі еді. Адамгершілігі мол, өткір,  өз пікірін ешкімнен тайсалмай тіке айтатын кісі еді. Парламент депутаты болып жүргенінде, 1994 жылы Әлия Молдағұлованың туғанына 70 жыл толуын лайықты атап өтуге бір кісідей қолдау көрсетті. Екеуміз вице-президенттің, сол кездегі қорғаныс министрінің қабылдауында болып, Әлияның 70 жылдығын республикалық деңгейде тойлауға қол жеткіздік. Әлі есімде, Қорғаныс министрінің қабылдауында болғанымызда той қарсаңында театрландырылған көрініс қою үшін советтік әскер үшін 300 адам, фашистік әскер үшін 300 адам, бірнеше танк, ұшақ керек екенін айттық. Барлығы мақұлданып, батырдың 70 жылдығын кең көлемде тойлау жөнінде Үкіметтің Жарлығы шықты. Сонымен бірге Ізімғали Көбенов Алматыда Әлия мен Мәншүкке арналған ескерткіш қою, Алматы, Ақтөбе қалаларында көшелерге батыр есімін беру істеріне мұрындық болды, — дейді «Қос шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес.

ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Құсман Сауанаев І.Көбеновті бала кезінен білетінін айтты. «Ол бала кезінен зерек болды, оқуға құштар еді. Ол халықтың сөзін Үкіметке жеткізе білетін қайсар мінезді тұлға еді, оның қайсарлығы, өткірлігі, әділетке жақындығы жастарға өнеге болсын дегім келеді», —  дейді ол.

Шара аясында жиналғандар «Ізімғалидың ізімен» деген акция өткізіп, тал екті.

М.РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button