Жаңалықтар

Кеңесту ауылдық округі көш бастады

Темір ауданында осы көктемде жергілікті атқарушы биліктің бастамасымен ерекше жоба қолға алынды. «Үздік ауылдық округ» байқауы ауылдық округтер арасындағы бəсекелестікті күшейтіп, ең мықты деген елді мекенді анықтауға бағытталған. Ұзын саны 24 көрсеткіш сарапқа салынатын сында бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша Кеңесту ауылдық округі жеңімпаз атанды.

Аудан əкімі Саламат Аманбаевтың айтуынша, мұндағы мақсат — ауылдық округтер арасындағы бəсекелестікті күшейту, жұмыс барысында жаңа форматты қалыптастыру жəне көшбасшылық тәжірибесін енгізу. Сәуір айында жарияланған байқау алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ауылдық округ әкімдігінің жұмысы 24 көрсеткіш бойынша бағаланып, нәтижесінде биылғы 6 айдың қорытындысына сәйкес Кеңесту ауылы үздік шықты. Аталған ауылдық округтің әкіміне диплом, ауыспалы мүсінше және естелік сыйлықтар табыс етілді.
Байқаудың алғашқы жеңімпазына тоқталсақ, Кеңесту ауылдық  округінің  құрамына Қопа, Қалмаққырған, Шитүбек елді мекендері  кіреді. Тұрғындар  саны  — 2036.

— Ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсы. Халық саны жылма-жыл өсіп келеді. Қопа ауылы тұрғындары үйлерінің барлығы табиғи газбен, орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған.

Округте 320 орындық орта мектеп, 1 негізгі мектеп, 50 орындық балабақша, 150 орындық ауылдық клуб жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ 8 дүкен, 1 тігін шеберханасы, 1 шаштараз, 43 шаруа қожалығы өз кәсіптерін жүргізуде.

Осы орайда «қай қырыңызбен үздік шықтыңыздар?» деген сауал туындауы мүмкін. Меніңше, біздің әлеуметтік-экономикалық көрсеткішіміз ғана емес, санитарлық тазалығымыз, тұрғындардың тәртібі де жақсы. Әрі бізде субұрқақ бар. Саябағымыз керемет. Сенбілікке шығып, айналамызды ұдайы мұнтаздай таза етіп қоямыз. Ең бастысы, халықтың ауызбіршілігі, ынтымағы айтуға тұрарлық. Қай іске болсын, береке-бірлікпен бір адамдай атсалысады. Бұның барлығы маған дейін әкім болған Сағынғали Тұрановтың еңбегі екенін атап өту керек. Сол кісінің арқасында Кеңесту ауылдық  округі осылай көркейген, — дейді Кеңесту ауылдық округінің әкімі Жәнібек Маясаров.

Шілде айында ғана осы лауазымға тағайындалған жас шенеунік ауыл тұрғындарының мемлекеттік бағдарламаларға да белсене қатысатынын тілге тиек етті. Оның сөзіне қарағанда, жыл басталғалы ауылдың 5 тұрғыны «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 19 миллион теңгені несиеге алып, өз кәсібін бастаған.

Өз кезегінде елді мекендер интернет желісімен қамтылған. Көшелердегі жарықтандыру да біртіндеп жақсарып келеді.

Айта кетейік, жыл соңына дейін Қопа ауылында жаңа типтегі амбулатория пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button