Спорт

Гол соғылмаған кездесу

Премьер-Лига

11-12 қыркүйек күндері екі айдан астам уақыт үзіліс алған ел чемпионаты қайта жалғасып, 20-турдың кездесулері өтті. Бұл турда бір ойында ғана («Ақтөбе»-«Тараз») гол соғылған жоқ.

«Қызылжар СК» өз алаңында «Қайсарды» ұтып, алғашқы үштіктен кейінгі орнын мығымдады.

Орал қаласында ойнаған «Астана» кездесудің бастапқы бөлігінде соғылған бір гол арқылы «Ақжайықтан» басым түсті.

Өз алаңында «Тұранды» қабылдаған «Атырау» тең ойынға әзер қол жеткізді.

Чемпиондық тәжден дәмесі бар «Қайрат» Шымкентте «Ордабасы» командасынан ұтылып, жағдайын қиындатып алды.

Өз алаңында ойнаған «Тобыл» ақтаулық «Каспийді» бір доп айырмашылығымен жеңіп, турнир кестесіндегі бірінші орнын нықтай түсті.

«Шахтер» Қарағандыда «Жетісуды» сенімді ұтқанымен, бұрынғы орнынан ілгері жылжи алған жоқ.

Осы кезге дейін чемпионат барысында 182 кездесу өткізіліп, 363 гол соғылды. Әр кездесуде соғылған голдың орта есебі — 2,59.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда  «Таразды» қабылдады.

Қос команда да алдын ала барлау, аңдысу тәрізді тәсілдерді жиып қойып, бірден шабуылға көшті. Футболшылар біресе ана қақпаның, біресе мына қақпаның алдын торуылдап, қақпашыға да, қорғаушыларға да тыным бермеді. Көптен бері стадионға келуге мүмкіндік таппаған ақтөбелік жанкүйерлер де аспан астын жаңғырықтырумен болды. Осылай басталған ойын бірінші таймның соңына дейін жалығуға жол берген жоқ.

Рас, ойынның бірінші бөлігінде доп тараздық футболшылардың аяғында көбірек жүрді, жерлестеріміз таймның үштен бір бөлігінде ғана допқа иелік етті. Бірақ бұл фактіге біржақты баға беруге де болмас. Сөйтіп жүріп ақтөбеліктер соққы жасауда да, соққыны қақпаға дәл бағыттауда да, тіпті бұрыштамалар орындауда да қонақтардан ілгері болды. Бұған біздің футболшыларымыздың бір соққысы қақпаның діңгегіне, тағы бір соққы қос діңгектің қиылысқан жеріне тиіп кері серпілгенін, командамыздың құрамында алғашқы ойынын өткізген Виталий Балашов қонақтардың қақпашысына қарсы жеке-дара шыға келгенін қоссақ, ақтөбелік жанкүйерлердің дем беруі тегін кетпегенін де аңғару қиын емес. Әттең, гол соғылмады.

Екінші тайм да күткендегідей осындай алма-кезек шабуылдармен өтті. Бір қауіпті болғаны сол — ойынның екінші бөлігіндегі алғашқы 10-15 минутта тараздықтар аса белсенділік көрсетті. Тіпті қақпашыны қапы қалдырудың да амалдарын жасап бақты. Дегенмен әуелі Жасұр Нарзиқұловтың сақтығы, сосын қорғаушыларымыздың шапшаңдығы қонақтардың бұл екпінін басып тастады. Бұл мәселені осылай тиянақтаған жерлестеріміз ойынның соңғы бөлігінде «Тараздың» қақпасын жиі торуылдады. Бірақ бірінші таймдағы көрініс қайталанды да қойды: гол соғылмады.

Расына келгенде, бұл кездесуде екі команда да тең ойын көрсетті, екі команданың да футболшылары абайсызда гол соғып кетуі әбден мүмкін еді, олай болмады.

Ал «Ақтөбенің» ойынына келсек, жанкүйерлер командамыздың жаңа футболшыларының шеберлік дәрежесін біршама байқап үлгерді. Бұдан бұрын жаттығуларда бірге болғанымен чемпионат барысында жасыл алаңға шығудың әр ойыншы үшін орны бөлек. Сол себепті де клубқа жаңадан қосылған футболшылар, бәлкім, өздерінің қабілеттерін толық көрсете де алмаған болуы мүмкін. Тәжірибе уақыт өте келе жинақталады. Дегенмен тап қазір тәжірибе жиналуын күтіп керіліп-созылатындай да уақыт жоқ, чемпионаттың соңғы ойындарының төбесі көрініп тұр. Мұны, әрине, әрі жаңа, әрі бұрынғы бапкеріміз Владимир Муханов та, командаға енді қосылған футболшылар да жақсы біледі. Сол себепті алғы күндерге үміт артайық. Мысалы, осы ойын барысында тараздықтар біздің қақпамызға қарата 7 соққы жасаса, ақтөбеліктердің олардың қақпасына қарай 15 соққы жасауы сол үмітіміздің бір ұшқыны деуге болады.

«Ақтөбе»-«Тараз» — 0:0

Ескерту қағазын алғандар: Тонго Думбия, кездесу біткен соң («Ақтөбе») — Бауыржан Байтана, 42-минут; Коджо Альфонс, 90-минут; Мақсат Әмірханов, 90+3 минут; Эривалдо, кездесу біткен соң («Тараз»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Жасұр Нарзиқұлов (қақпашы), Артурас Жулпа (Михал Йерабек, 54-минут), Темірлан Ерланов, Юрий Логвиненко (капитан), Тонго Думбия, Йоахим Адукор, Рамазан Оразов, Олег Чернышов, Әділхан Таңжарықов, Дмитрий Коркишко (Эрвейн Мукам, 76-минут), Виталий Балашов (Игорь Зенькович, 75-минут).

Бас бапкер — Владимир Муханов.

12 қыркүйек 2021 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 3285 адам.

Еске сала кетсек, бірінші айналымда, 28 сәуірде сырт алаңда «Тараздан» 1:3 есебімен ұтылғанбыз.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Игорь Сергеев, шабуылшы — 7 доп;

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 3;

Боян Дубайич, шабуылшы — 3;

Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 2;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 2;

Юрий Логвиненко, қорғаушы — 2;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Юрий Перцух, жартылай қорғаушы — 1.

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 20 кездесу өткізіп, 6 рет жеңді, 6 рет тең түсті, 8 рет ұтылды.  Ұпай саны — 24. Доп айырмашылығы — 26:30.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Ақжайық»-«Астана» — 0:1

Гол авторы: Валерий Чуперка, 10-минут (0:1).

11 қыркүйек. Орал қаласы, П.Атоян атындағы стадион. 1600 адам.

«Шахтер»-«Жетісу» — 3:1

Гол авторлары: Оралхан Өміртаев, 7-минут (1:0); Оралхан Өміртаев, 20-минут, пенальти (2:0); Угочукву Одуэньи, 33-минут (2:1); Евгений Шикавка, 41-минут (3:1).

12 қыркүйек 2021 жыл. Қарағанды қаласы, «Шахтер» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Қызылжар»-«Қайсар» — 2:0

Гол авторлары: Әлібек Қасым, 62-минут, пенальти (1:0); Тимур Мульдинов, 94+5 минут (2:0).

11 қыркүйек 2021 жыл. Петропавл қаласы. «Қарасай» стадионы, 1500 адам.

«Ордабасы»-«Қайрат» — 2:1

Гол авторлары: Абдуллай Диакате, 10-минут (1:0); Александр Клещенко, 31-минут (2:0); Хосе Канте, 73-минут, пенальти (2:1).

Кездесудің 36-минутында ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін Айбол Әбікен («Қайрат») жасыл алаңнан қуылды.

12 қыркүйек 2021 жыл. Шымкент қаласы, Қажымұқан атындағы стадион, 1500 адам.

«Тобыл»-«Каспий» — 2:1

Гол авторлары: Сергей Малый, 15-минут (1:0); Рамазан Кәрімов, 40-минут (1:1); Алекса Аманович, 77-минут (2:1).

79-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Рубен Бриджидо («Тобыл») жасыл алаңнан қуылды.

12 қыркүйек 2021 жыл. Қостанай қаласы, Орталық стадион. 700 адам.

«Атырау»-«Тұран» — 2:2

Гол авторлары: Александр Чиж, 20-минут (0:1); Даниэль Стойкович, 41-минут (1:1); Самир Фазли, 72-минут (1:2); Брафан Сильва, 81-минут (2:2).

11 қыркүйек 2021 жыл. Атырау қаласы, «Мұнайшы» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

*   *   *

20-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Тобыл» (Қостанай) — 45 ұпай;
  2. «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 44 ұпай;
  3. «Қайрат» (Алматы) — 37 ұпай;
  4. «Қызылжар СК» — 32 ұпай;
  5. «Ордабасы» (Шымкент) — 30 ұпай;
  6. «Ақжайық» (Орал) — 28 ұпай;
  7. «Атырау» (Атырау) — 26 ұпай;
  8. «Каспий» (Ақтау) — 24 ұпай;
  9. «Тараз» (Тараз) — 24 ұпай;
  10. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 24 ұпай;
  11. «Шахтер» (Қарағанды) — 22 ұпай;
  12. «Тұран» (Түркістан) — 19 ұпай;
  13. «Қайсар» (Қызылорда) — 15 ұпай.
  14. «Жетісу» (Талдықорған) — 11 ұпай.

Сертификация жөніндегі комиссияның шешімімен «Жетісу» командасынан үш ұпай шегерілгенін еске саламыз.

*   *   *

21-тур кездесулері 18 қыркүйек, сенбі күні өтеді:

«Жетісу» — «Ақжайық»

«Қайсар» — «Шахтер»

«Каспий» — «Атырау»

«Тараз» — «Тобыл»

«Тұран» — «Ордабасы»

«Қайрат» — «Қызылжар СК»

«АСТАНА» — «АҚТӨБЕ»

 Е.АҚАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button