Мереке

Жұмахметовтер — жеңімпаз

Отбасы күнінде Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Шаңырағым — шаттығым» атты байқау өтті.

Байқау алтын тойиелерін марапаттаудан басталды. Қаламыздағы азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары М.Игисенова сөз сөйлеп, елу жыл бірге бір шаңырақ астында ғұмыр кешкен отбасы мүшелерін құттықтады.

Ал байқауға қатысып, бақтарын сынаған отбасы мүшелері әуелі «Өзге емес,  өзім айтам, өз жайымды» кезеңінде өздерін таныстырып, «Шебердің қолы ортақ» кезеңінде  алдын ала жасалған, үйден әкелген бұйымның жасалу жолын түсіндірді. «Менің асханам» кезеңінде бір астың жасалу жолын көрсетті. «Қазағымның дәстүрлері-ай» кезеңінде ұлттық салт-дәстүріміздің бір түріне арнап қойылым қойды.

Жан-жақтылығымен ерекшеленген Жұмахметовтер отбасы І орынды жеңіп алды. Бұл отбасының бес баласы сахнаға анасы тігіп берген ұлттық киімді киіп шықты.

Бақытжановтар отбасы екінші, Ниязбековтер мен Шоқановтар отбасы үшінші орынға ие болды. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге Алғыс хат, ақшалай сыйақы және гүл шоқтары табысталды.

А.БАЛЖАНАЙ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button