Жаңалықтар

Қалалық мәслихаттың депутаты көпір салып берді

Ақтөбе қалалық мәслихатындағы Nur Otan фракциясының мүшесі Ардақ Өтегенов Қарғалы өзенінің Сарбаз ауылы, бау-бақша ұжымы мен Қарғалы тұрғындар массивін жалғайтын тұсына жаяу жүргіншілер үшін аспалы көпір салып берді.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып ұйымдастырылған көпірдің ашылу салтанатына облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы, Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов, Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданының әкімі Әміржан Оразғалиев, Мөңке би ұрпағы Садақбай Өтегенов, Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Анар Даржанова, мәслихат депутаттары және ауыл тұрғындары қатысты.
— Халқымыз «Шөлге құдық қазған — бір сауап, өзенге көпір салған — бір сауап, жолға ағаш еккен — бір сауап» — деген екен. Ардақ Садақбайұлының игі ісі көпке үлгі, жергілікті тұрғындарға пайдасы мол. Мейірімді, бауырмал, көмекке дайын тұратын осындай абзал адамдар — қоғамның тірегі, — деді Ербол Данағұлов.

Бұрын тұрғындарға өзеннен өту қиын еді. Қолдан жасалған ескі көпірдің сапасы сын көтермеді. Оны да жыл сайын су шайып әкетіп, тұрғындарды әбігерге салып жүрген. Көпшіліктің көпірге зәру екенін депутат кезекті қайырымдылық шарасы кезінде «Нұр Ғасыр» мешітінің имамынан білген.
— Осы жерге арнайы келіп, тұрғындардың өзеннің арғы бетіне қатынауына жағдай жоқ екендігіне көзім жетті. Үлкен ата-әжелердің сынуға жақын тұрған ағаштан өтіп жатқанын көргенде жаным ашыды. Алланың разылығы, халықтың игілігі үшін осы көпірді салуға бел будым, — дейді депутат.
Ардақ Өтегенов сапалы, барлық талаптарға сай кәсіби көпір тростарын Ресейден тапсырыспен алдыртқан. Оның екі жағынан тереңдігі 4 метр шұңқыр қазылып, монолитті бетон құйылды. 80 метрлік қауіпсіз көпір құрылысшылардың көмегімен бір айдың ішінде дайын болды. Оның құрылысына 5 миллион теңге қаржы жұмсалды.
— Бұл жақта тіршілік көзі, қаламен байланыс, автобус аялдамалары, дүкендер бар. Күнделікті нанымызды сатып алу үшін де осы көне көпірден өтетінбіз. Оның сапасы сын көтермейтін. Өзен тайыздағанда ғана өтіп жүрдік. Енді, міне, жаңа көпір салынғанын көріп қуанып отырмыз. Осындай игі ісі үшін депутатқа айтар алғысымыз мол, — дейді «Гаухар» бау-бақша ұжымының тұрғыны Тамара Мұхамбетиярова.
Айта кету керек, Ардақ Өтегеновтің әлеуметтік жобаларда меценат ретінде игі ісі бұл ғана емес. Бұған дейін ол балаларға спорт алаңын салып берген.

Н.БАТЫРХАНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button