Басты жаңалықтар

 Жеңімпаздар марапатталды

Отбасы күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.

Онлайн форматта өткен рәсімге Қазақстанның 14 облыс орталығының, сондай-ақ республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері мен жеңімпаз отбасылар қатысты.

Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзі оқумен басталды.

«Біз әрбір қазақстандық отбасында келісім, бақыт пен амандық орнағанын қалаймыз. Сондықтан мен отбасылық саясатқа ерекше назар аударамын. Отбасы институты өскелең ұрпақтың бойында адамгершілік, парасаттылық, еңбексүйгіштік, патриотизм сияқты қасиеттерді қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Біздің халқымыз барлық уақытта үлкендерді құрметтеп, кішіге ізет білдіріп және қолдай білген. Жаһандану жағдайында біздің дәстүрлі рухани құндылықтарымыз қазіргі қазақстандық қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы маңызды. Бұған Отбасы күніне орайластырылған жыл сайынғы жалпыұлттық конкурс айтарлықтай үлес қосуда», — делінген Президенттің құттықтауында.

Сөз байқауға қатысушы отбасыларға да берілді. Ақтөбе облысынан 2016 жылғы «Мерейлі отбасы» байқауында жеңімпаз атанған Нұсқабаевтар отбасының мүшесі Қайрат Нұсқабаев сөз сөйлеп, байқаудың маңыздылығына тоқталды. Ол аталған байқаудың отбасылық құндылықтар мен дәстүрлердің нығаюына әсері ерекше екенін атап өтті.

«Біздің отбасымыз жеңісті ғана емес, байқауға қатысуды үлкен жетістік санайды», — деді Қайрат Нұсқабаев.

Биылғы жылы облыстан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында ойылдық Займолдиндер отбасы жеңімпаз атанды. 75 жастағы Ғазиз Займолдаұлы өмірін ұстаздық жолға арнаған, жұбайы Екатерина Қалиевамен бірге алты баланы тәрбиелеп, өсірген. Биыл алтын тойды атап өткен мұғалімдер отбасында 15 немере, екі шөбере бар.

Мемлекет басшысының атынан үлгілі отбасыларға естелік сыйлықтарды облыс әкімі Оңдасын Оразалин табыс етті. Ол конкурс жеңімпаздарына отбасы институтын нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, алдағы мереке — Отбасы күнімен құттықтады.

Айта кету керек, биылғы жылы ұлттық байқауға жаңа ережелер енгізілді. Соған сәйкес жыл сайын әр өңірден 17 үздік отбасы анықталатын болады. Биылғы жылы байқауға қатысу үшін өңірлік конкурстық комиссияларға 2768 өтінім берілген.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button