Білім

Министр облыс педагогтерімен кездесті

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов облыс әкімдігінде педагогтермен кездесті. Кездесуге облыс әкімі Оңдасын Оразалин, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы аудан әкімдері қатысты.

Басқосуда Білім министрі алдымен педагогтерді жаңа оқу жылымен құттықтап, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған басымдықтарға тоқталды.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында білім-ғылым сапасын арттыру бағытында алдымызға нақты тапсырмаларды қойды. Осы тапсырмаларды бәріміз жұмылып, орындауымыз керек. Биыл тамыз айында сіздердің қатысуларыңызбен тамыз кеңесін өткіздік. Сол кеңесте алға қойылған мақсат-міндеттер, бірқатар мәселелер талқыланды.

Өздеріңіз білесіздер, 2019 жылы Президенттің берген тапсырмасы шеңберінде білім саласын басқару жүйесіне өзгерістер енгіздік. Биыл сол өзгерістерді жүзеге асыруға кірістік. Соның негізінде 8 айдың ішінде институционализациялау үрдісі жүрді. Басқару жүйесін облыстық, аудандық басқармалар мен бөлімдерге беру мәселесі қаралды. Егер бізге білім сапасын көтеру қажет болса, онда білім беру менеджментін, басқару жүйесін облыстық білім басқармасына бергеніміз абзал.

Сондай-ақ бүгінгі күні елімізде білім, ғылым сапасын арттырумен қатар педагогтердің мәртебесін көтеру, жаңа заманауи талаптарға сай мектептар санын арттыру, жоғары және арнаулы білім мекемелерін қолдау бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта Президент тапсырмасын орындау бойынша елімізде мыңнан астам мектеп салынады. Бүгінгі таңда Ақтөбе облысында 20 мектептің құрылысы жүргізілуде. Біз облыс әкімімен бірге білім саласын қолдау бағытында екі жақты меморандумға қол қойдық. Сапалы білім беру мен ұстаздар қауымын қолдау тұрғысынан келгенде Ақтөбе облысының әлеуеті өте жоғары. Өңірде жасалған жұмыстар өте көп, алдағы уақытта да бірлесіп атқаратын жұмыстар өз жалғасын табады, — деді А.Аймағамбетов.

Өз сөзінде министр мектеп бітіруші түлектердің білім сапасын көтеру, олардың білім деңгейін әділ бағалау, оқу орындарында білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, барлық аудандарда мектептер санын арттыру, т.б. мәселелерге тоқталып өтті.

Бұдан кейін облыс әкімі өңірде білім саласын дамытуда бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылып, балалардың сапалы білім мен тәрбие алуына барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.

Өткен оқу жылы бәрімізге де үлкен сынақ болды. Дегенмен білікті ұстаздардың арқасында абыроймен аяқтадық. Осындай қиын кезеңде халқымыз да дәрігерлер мен ұстаздардың қадірін түсінді деп ойлаймыз. Міне, биылғы жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастап жатырмыз. Осыған орай қазір балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстағы білім беру орындарына бейнекамералар орнату, басқа да жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Бүгінгі күні облыста оқулықтармен қамту, жаңа оқу жылына мектептерді дайындау мәселесінде ешқандай қиындықтар жоқ, — деді облыс басшысы.

Кездесу соңында Асхат Аймағамбетов облыстың білім саласындағы оң өзгерістерге баға беріп, ұстаздар қауымына қолдау көрсетіп келе жатқан облыс әкіміне алғысын білдірді.

Сондай-ақ педагогтер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button