Пікір

Кәсіпкерлік қарқынды дамуда

Алмабек ТӨЛЕПОВ,

Әйтеке би аудандық мəслихатының депутаты,

кәсіпкер

Еліміздің кемел келешегі мен баянды болашағы жолында  жасалып жатқан шаралар аз емес. Мемлекеттің қарыштап дамуына өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласының қосар үлесі зор екендігін көпшілік жақсы біледі. Сондықтан бұл салаларды жандандыру жолында көптеген жүйелі жоспарлар жасалып, мақсаттары нақтыланады.

Соңғы кездері елімізде кәсіпкерлік саласының да қарқынды дамып келе жатқаны байқалады. Шағын және орта бизнестің  бір қалыпқа түсіп, көптеген жұмыс орындарының ашылуы, еліміздегі жұмыссыздар санының азаюына өзіндік үлесін қосуда. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында осы саланың әрі қарай дамуына кеңінен тоқталған.

Ашқан кәсібін өркендету тек жеке адамның шаруасы деуге болмас. Себебі кәсіпкер бір салаға машықтанып, соның ісін алға бастыру арқылы өзінің қоғамдағы орнын айшықтайды.

Мен де өз кәсібімді шағын істерден бастадым. Алғашында қиындықтар болды. Барлығына шыдап, алған мақсатымды орындауға бар күшімді салдым. Жылдар өте жетістікке жете бастадым. Сауда орталығымен қатар, басқа да кәсіп түрлерін жолға қойдым. Бірақ алғашқы сәттегі қиындықтарды жеңу  оңай емес. Бір қолдауды қажет етесің.

Кәсіпке бет бұрғандарды қолтықтан демеу Мемлекет басшысының назарынан ешқашан түскен емес. Ал бұл — кәсібін енді бастаған жас кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау.  Осы арқылы ел ырыздығының еселей түсуіне жол ашылады. Мен мемлекеттің әрі қарай дамуына шағын жəне орта бизнестің де маңызы зор деп білемін. Сондықтан Жолдаудағы кəсіпкерлерге айтылған тапсырмаларды орындау жолында жеке кəсіпкер ретінде ғана емес, аудандық мəслихат депутаты ретінде де атсалысатын боламын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button