Пікір

Алға бастайтын қадамдар 

Тоғжан ЖОЛАНОВА, 

Шұбарқұдық гимназиясының мұғалімі

 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім саласындағы мәселелерді назардан тыс қалдырмағаны қуантты. Әсіресе Жолдауда Президент түрлі олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мемлекеттен грант, сыйақы түріндегі қолдау болатынын атап айтқаны ұнады.

Білім беру сапасын жақсартуда білікті мамансыз алға ілгерілеуді елестету мүмкін емес. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бойынша өткізілетін курстардың тегін болуы қажеттігін, педагогтерді аттестаттауды бұрынғыдай 5 жылда емес, 3 жылда өткізу жайын тапсырғаны да жақсы жаңалық. Бұл — алға бастайтын бағыттар.

Осы жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылданғаны белгілі. Жалақы мөлшерінің артуы, педагог мәртебесінің жоғарылай түсуі бүгінде өз жемісін беруде. Президент оған дәлел ретінде педагог мамандығына оқуға түсушілердің саны мен орташа балының жоғарылағанын  атап өтті. Мұғалімдерді қолдау шаралары әлі де жүзеге асырылатыны және айтылды. Бұған біз, мұғалімдер, аса қуаныштымыз. Бұрынғыдай мұғалім мамандығының мәртебесі жоғары болғанын қалаймыз. Осы қадамдарды соған апарар бастамалар деп қабылдаймыз.

Жалпы, білім саласын дамыту бойынша берілген осы тапсырмалар еліміздің дамуына өзінің айтарлықтай үлесін қосары сөзсіз. Өз тарапымыздан біз соған тілектеспіз.

Темір ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button