Басты жаңалықтар

Мәртөкте көп шаруа жасалып жатыр

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин Мәртөк ауданында болып, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне назар аударды. 

Облыс басшысы ең әуелі Ақтөбе қаласындағы жаңадан пайдалануға берілген «Айман» супермаркетінде болып, оның жұмысымен танысты. Бұл дүкеннің ерекшелігі — «Егістіктен — дүкен сөресіне дейін» принципімен жұмыс істейді.

Құрмансай ауылдық округіндегі Миргүл Бекназарова жетекшілік ететін «Сұлтан» шаруа қожалығында 50 жылқы, 500 сауын сиыры бағылады. Қожалықта дайындалған сүт, қымыз, ет өнімдері тікелей тұтынушы қолына тиеді.

Бұдан кейінгі сапар Тәңірберген ауылдық округінде жалғасты. Саржансай селосында облыс басшысы келер жылы пайдалануға берілетін спорт кешенінің құрылысы барысын көрді.

Аудан орталығында салынып жатқан балалар бақшасы жеке қаражат есебінен жүзеге асуда. Жалпы құны 400 миллион теңге тұратын бұл мекемеде 150 сәби тәрбиеленеді.

Құмсай ауылында бастауыш мектепте болған облыс басшысы балаларға білім беру жайын сұрастырып, оқу орнының қазіргі ахуалын білді.

Нұртай Ноғаев жетекшілік ететін «Әлішер и К»  шаруа қожалығы осыдан бес жыл бұрын құрылған. Шаруашылықта негізінен ірі қара бағылады. Мұнда қазір 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салу жоспарлануда.

Родников-Мәртөк бағытындағы жолдың орташа жөндеу жұмыстарымен танысқаннан кейін облыс басшысы жүз елуге жуық адам еңбек ететін «Родники Агро» шаруа қожалығында болды. Бұл шаруашылық, негізінен, егіншілікпен шұғылданады. Биылғы жылы мұнда 6211 гектар дәнді дақыл, 12 837 гектар майлы дақыл және 406 гектар судан шөбі егілді. Егін жинау жұмыстары кезінде 8692 гектар бидай орылып, 1974,6 тонна өнім алынды.

Өткен жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 388,0 миллион теңге алған шаруашылық алдағы уақытта алқап өнімділігін арттыру бағытында нақты жұмыстар жүргізуді жоспарлауда.

Облыс әкімі аудан басшылығына белгіленген міндеттерді толығымен орындау, кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру тұрғысынан тапсырмалар берді.

(Облыс басшысының Мәртөк ауданына сапары туралы толық материалды газеттің алдағы санынан оқисыздар).

Басқа жаңалықтар

Back to top button