Жаңалықтар

Биыл жаңа тұрғын үй алабының құрылысы басталады

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласын дамыту бойынша жобалардың іске асырылу барысымен танысты. Жұмыс сапары жаңадан салынып жатқан «Батыс-3» тұрғын үй алабын аралаудан басталды, — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

— Қазіргі уақытта «Батыс-2» шағын ауданы 90 пайызға, ал «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданы толық игерілді. Сондықтан биылғы жылы «Батыс-3» тұрғын үй алабының құрылысы басталады, — деді Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров.

«Батыс-3» тұрғын алабы 13 шағын ауданнан тұрады, халық саны 100 000 адамды құрайды. Көп қабатты 387 үй мен 90 әлеуметтік-мәдени нысан салу жоспарлануда. Құрылыс 2030 жылға дейін жүргізіледі.

Облыс әкімі тұрғын үй құрылысын дамытуды талқылай отырып, қаланың барлық тұрғын үй алаптарын инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.

— Әлеуметтік инфрақұрылым бойынша «Батыс-2» шағын ауданында кемінде тағы екі мектеп ашу керек. Жаңа спорт және денсаулық сақтау нысандары қажет. «Нұр Ақтөбе» бойынша да осы бағытты дамытуымыз керек, — деді Оңдасын Оразалин.

Бүгінде қаланың тұрғын үй алаптарын сумен, газбен және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз ету мәселелері өңір басшысының жеке бақылауында. Айта кетейік, Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында бүгінгі таңда облыс орталығында инженерлік инфрақұрылым құрылысы бойынша 5,9 млрд теңгеге жобаларды қаржыландыру мақұлданды. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер өтуде, 2021-2022 жылдары жүзеге асыру басталады. Нәтижесінде «Жаңақоныс-4», «Жаңақоныс-5», «Бауырластар-3», «Бауырластар-5» және басқа да тұрғын үй алаптарын коммуналдық желілермен қамтамасыз ету проблемасы шешіледі.

Сондай-ақ бұл күні облыс әкімі «Оңтүстік айналма жолы» автожолын қайта жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Бұған дейін аталған автокөлік жолының 6,5 шақырымы жаңартылған. Биыл ұзындығы 7,2 шақырым учаскеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жол құрылысымен қатар жарықтандыру жүйелері орнатылып, тротуарлар жабдықталды.

Кірпішті ауылының Елек өзені арқылы өтетін көпірден Ақтөбе-Орск автомобиль жолына (Ақжар тасжолы) дейінгі автожолды қайта жаңарту бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады және бұл жоба 2022 жылы аяқталады. Ұзындығы 9,2 шақырымнан асатын учаскеге күрделі жөндеу жүргізіліп, жол екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейтіледі. Мердігер ұйымдардың есебін тыңдаған облыс әкімі жол жөндеу жұмыстарының сапалы және өз уақытында пайдалануға берілу керектігін ескертті.

Бұдан соң өңір басшысы абаттандыру жұмыстары аяқталып қалған Триатлон саябағын аралап көрді. Қазіргі уақытта мұнда жүгіру және велосипед жолдары 100% салынған, арка түрінде бірегей LED-экран орнатылған, жарықтандыру, суару жүйелері ретке келтірілген. Тұрғындардың тілектеріне сәйкес жаяу жүргіншілер жолы салынды.    

— Триатлон саябағы тұрғындардың демалатын, сүйікті орнына айналатынына сенімдімін. Қаламызға тағы осындай 2-3 саябақ қажет, — деді облыс әкімі.

Жұмыс сапары аула аумақтарын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысумен жалғасты. Облыс әкімі Есет батыр атындағы көшедегі бірнеше ауланы аралап, саябақты абаттандырумен және Тұрғындар қалашығы ауданындағы үйлерді ренновациялау барысымен танысты.

Ақтөбеде өткен жылы аулалар мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар басталды. Биыл облыс орталығында 220 аула жөнделіп, балаларға арналған

67 ойын алаңы орнатылып, 9 саябақ пен сквер қайта жөнделеді.

— Қаламызда демалыс орындары, скверлер, саябақтар бар. Қазір қараусыз күйде тұрған, жаңа қоғамдық кеңістіктерге мұқтаж ескі тұрғын үй алаптары тез өсуде. Біз қаланы дамытудың полицентрлік моделін ұстануымыз керек. Яғни әр ауданда әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым, қоғамдық кеңістіктер, балалар, спорт алаңдары қолжетімді болуға тиіс, — деп атап өтті облыс әкімі.

Айта кету керек, қазіргі таңда қаламызда 6 саябақ пен гүлзарды қайта құру жұмыстары

аяқталуға жақын. Жуырда «Ғашықтар» саябағын, Ә.Молдағұлова даңғылындағы,

Әбілқайыр хан даңғылынан Есет батыр көшесіне дейінгі аллеяны жаңарту жұмыстары басталады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button