Жаңалықтар

Маңызды мәселелер талқыланды

Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында облыстық мәслихат депутаттары квазимемлекеттік сектордың тиімділігі, инвестициялық жобалар мен аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыру мәселелерін талқылады.

Бұл мәселелер облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясында қаралды.

Қаржы басқармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаев облыстың коммуналдық меншігінде квазимемлекеттік сектордың 373 субъектісі бар екенін еске сала отырып, жыл сайынғы талдау оның қызметтерін, міндеттері мен критерийлерін ажырату, қаржы тәртібін жақсарту, мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету, мониторинг пен бағалау тиімділігін арттыру, сондай-ақ корпоративтік басқаруды күшейту қажеттігін көрсетіп отырғанын атап өтті.

Инвестициялық жобаларды іске асыру туралы баяндай отырып, индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Д.Көбенов 2020 жылдың қорытындысы бойынша облысқа 647 миллиард теңге инвестиция тартылғанын хабарлады.

— 1156 жұмыс орнын құрумен 138,2 миллиард теңге сомасына 23 инвестициялық жоба іске асырылды, — деп нақтылады ол. — Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 292,7 миллиард теңгені құрады.

Тоғыз жүзден астам жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 125,7 миллиард теңгеге 31 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева депутаттарға облыстың 2021-2025 жылдарға арналған аумақты дамыту бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндады.

Н. ҚАЛМАҒАНБЕТОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button