Жаңалықтар

Тендер уақытша тоқтатылды

Бұл туралы бейсенбі күні журналистерге облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаев хабарлады.

Оның айтуынша, ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №908 қаулысына сәйкес Ақтөбе облысы бойынша жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына коммуналдық меншіктің 23 нысаны, соның ішінде «Ақтөбе халықаралық әуежайы» АҚ енгізілген. Артынша облыстық қаржы басқармасы заң бойынша бағалау жүргізген. «Тәуелсіз сараптамалық бағалау» ЖШС аталған жекешелендіру нысанының нарықтық құнын 7,3 миллиард теңге деп белгілеген. Стратегиялық нысанның құнын жан-жақты һәм дәлме-дәл анықтау мақсатында әуежай тарапынан қосымша бағалау ұйымдастырылған. Өз кезегінде «Астана бағалау орталығы» ЖШС әуежайдың бағасы 6,8 миллиард теңгені құрайды деген қорытынды шығарған. Нәтижесінде, жекешелендіру ережесіне сай, арнайы комиссия бастапқы бағаны бекіту жөнінде шешім шығарған.

— Өткен аптада, яғни 2021 жылғы 3 қыркүйекте «Заң газеті» қоғамдық-саяси, құқықтық газетінде тендерлік шарттардың өзгеруіне байланысты «Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамы 3 жыл мерзімге кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі тендерді тоқтату туралы хабарлама жарияланды. Қысқасы, шарттардың өзгеруіне байланысты тендер уақытша тоқтатылды. Бірақ әуежай түбінде сатылады. Бағасында ешқандай өзгеріс болмайды, — дейді Нұрлыбек Өнербаев.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button