Мәдениет

Ескірмейтін ерлік

Кеше қалалық Мәдениет үйінде тәуелсіз Қазақстан атынан тәжік-ауған шекарасына алғаш шығарылған бітімгер сарбаздар күніне арналған салтанатты шара өтті.

Аталған шараға мемлекеттік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, «Тәжік-ауған ұрыс қимылдарына қатысушылардың ардагерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалының ардагерлері қатысты.

Салтанатты жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов тәжік-ауған шекарасында болған қақтығысқа қатысқан ардагерлердің ерлігі мен ел тәуелсіздігіне қосқан үлесі мәңгі есте қалатынын жеткізді.

— Қазақта «Елдің атын ер шығарадыердің атын ел шығарады» деген нақыл сөз бар.

30 жылдық тарихы бар  тәуелсіз еліміздің шежіресін саралайтын болсақ, сіздер — осы елдің батырларысыздар. Себебі 1991 жылы еліміздің өз шекарасын түгендегеннен кейін халықаралық аренадағы келесі әрекеті тәжік-ауған шекарасындағы ұрысқа әскер жіберу болды. Сондықтан біз тәуелсіз елдің батырлары сіздер деп білеміз. Сіздер бүгінгі күні де өз істеріңізбен көпке үлгі-өнеге көрсетіп,

республиканың, облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді түрде атсалысып

келесіздер. Бүгінгі күні облыста 700-ден астам қоғамдық ұйым болса, соның ішіндегі белсенділердің бірі — тәжік-ауған ұрыс қимылдарына қатысушы ардагерлер.

Өткен жылы Президенттің бастамасымен «Ардагерлер туралы» Заң қабылданды. Сол Заң аясында алдағы уақытта Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен қатар әскери ұрыстарға қатысқан барлық деңгейдегі ардагерлерге қолдау көрсетіледі.

Біз сіздерге ризашылығымызды білдіре отырып, баршаңызды биылғы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен және бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтаймын. Еліміз тыныш, халқымыз аман, сіздер сияқты батырларымыз көп болсын! — деген басқарма басшысы бір топ ардагерге Алғыс хат табыс етті.

Бұдан кейін шарада «Тәжік-ауған ұрыс қимылдарына қатысушылардың ардагерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы Нұрғиса Құлтаев шекарада ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсеткен ардагерлерге жылы лебізін білдіріп, 20-ға жуық ардагерге медаль табыстады.

Сондай-ақ салтанатты жиында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Бейімбет Құлия, тәжік-ауған шекарасы қақтығысының ардагері Берік Нұғманов, т.б. құттықтау сөз сөйлеп, қиын шақта жауға барынша төтеп беріп, жауынгерлік борыштарын адал және өжеттікпен өтеген арыстарымызды келер ұрпақ ешқашан ұмытпау керектігін жеткізді.

Шара соңында қаладағы өнер ұжымдарының өнерпаздары ардагерлердің құрметіне концерттік бағдарлама ұсынды.

«Тәжік-ауған ұрыс қимылдарына қатысушылардың ардагерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы Нұрғиса Құлтаевтың айтуынша, дәл осы күні, яғни 1992 жылы 10 қыркүйекте алғашқы қазақстандық бітімгер-жауынгерлер тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыстарға қатысқан. Шекарада болған қақтығысқа Ақтөбе облысынан 300-ден астам сарбаз аттанған.

Ерлік пен отансүйгіштіктің жарқын бейнесін көрсете білген жауынгерлер қазіргі бейбіт өмірде де еңбекке араласып, 30 жылдық тарихы бар тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына елеулі үлестерін қосуда. Бүгінгі шарада осы ардагерлерімізге құрмет көрсетіп жатырмыз. Қазақ қашан да батырларын ұлықтаған. Біз еш уақытта ел үшін жанын қиған ер жүрек батырларымызды ұмытпауымыз керек. Сол ерлердің ерлігін болашақ ұрпаққа жеткізіп, насихаттауға тиіспіз, — дейді Н.Құлтаев.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button