Мереке

Ән тербеген әулет

Ақтөбелік Жетесовтер әулетін көпшілік жақсы біледі. Өйткені олар «Шашу» халықтық отбасылық ансамблінде өнер көрсетеді. Ақтөбені айтпағанда, еліміздің барлық облыстарында, көршілес Ресей Федерациясында концерттерге шығып жүрген Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанованың «шағын мемлекеті» балаға деген мейірімімен де танымал. Ерлі-зайыптылар өздерінің 3 баласынан бөлек, 18 ұл-қызды бауырына басып, патронаттық тәрбиеге алып отыр.

Әр баланы шығармашылыққа баулиды

Қазақ халқы әуелден-ақ жетімін жылатпай, ата-анасынан айырылған ұл-қызға барынша қамқор болған. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығатынын» айтып, қай баланы болсын, үлкен қуанышпен қабылдаған. «Өмірімнің жалғасы» деп бар мейір-махаббатына бөлеген. Қысқасы, дүниеге келген әр баланы өсіру, тәрбиелеу, қатарынан қалдырмай жеткізу ата-ананың басты міндеті деп білген. Десе де балалар үйінің тәрбиеленушілерін, соның ішінде өзге ұлттың өкілдерін асырап алып, оны өзінің баласындай өсіріп отырғандар соншалықты көп емес. Сол бірлі-жарым отбасының бірі — Жетесовтер әулеті.

Ақтөбе қаласында тұратын Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанова — үш баланың ата-анасы. Ұл-қыздарын адам қатарына қосып, үлкен өмірге аттандырған соң, олар тағы да сәби сүюге бел буып, бүгінгі таңда түрлі себеппен әке-шешесіз қалған 18 баланы бауырына басып отыр. Бар сүйіспеншілік һәм қамқорлығын соларға көрсетіп отырған Өмірхан мен Амангүл әрқайсысын өнерге баулып, өнегелі тәрбие беруге күш салып келеді. Себебі жастайынан анасынан айырылған отағасы, сол сияқты әкесіз өскен отанасы да жетімдіктің зары қандай болатынын, бәрінен бұрын шығармашылыққа жақын адамнан жамандықтың шықпайтынын жақсы түсінеді.

Өнерлі, интернационалды отбасының иесі Өмірхан Жетесов — жыршы. Талай республикалық байқауларда Ақтөбе облысының намысын қорғаған өнерпаз. Қолы қалт еткенде бар уақытын балаларына арнайтын ол ұл-қыздарын музыкалық аспаптардан бөлек, спортқа, бау-бақшаға, аңшылық пен балық аулауға баулиды. Олардың жан-жақты дамуына көп көңіл бөледі. Ал жары Амангүл Ешпанова — сөз басында айтылған облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан құрылған «Шашу» халықтық отбасылық ансамблінің көркемдік жетекшісі. Өмір мен өнердегі жетістіктері үшін осыдан бірер жыл бұрын «Шапағат» медалімен марапатталған. Ол да жұмыстан тыс уақытта қыздарының қолөнермен айналысуына жағдай жасайды.

Қазіргі кезде патронаттық тәрбиеге алған балаларының алды тұрмысқа шықса, ал сегізі А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде білім алып жүр. Қалған 9 ұл-қызы мектеп қабырғасында оқып жатыр. Сондай-ақ Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінде түрлі үйірмелерге қатысып, шығармашылығын шыңдайды.

Екі ансамбль. Бір мақсат

Жетесовтердің «Шашу» халықтық отбасылық ансамблі 2004 жылы құрылыпты, 2012 жылы өнер ұжымына «халықтық» атағы берілді. Бүгінгі таңда ансамбль құрамында 14 адам тұрақты негізде өнер көрсетеді. Сонымен бірге балалары қобызшылар ансамблін құрып, өздерінің жетістіктерімен қуантып жүр. Екі ұжымның көздегені бір — тыңдармандарды қазақтың әсем әндерімен сусындата отырып, сол арқылы балалардың бойындағы дарынды дамыту.

Бүгінде патронаттық тәрбиеге алған балаларымыздың үлкені 25 жаста болса, кішісі 8 жасқа енді толды. Олардың тегі әртүрлі. Бірақ біз үшін бәрі бірдей.

Айгүл қызымыз күйеуге шықты. Дамир Изибаев, Ақбаян мен Ақбота Сүлейменовалар, Данил Силкин, Қайрат Қалниязов, Алина Төлебаева, Данияр Нұртазин, Ғалия Құлназарова сынды 8 баламыз Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде білім алып жүр. Қалғандары қаладағы №35 орта мектеп пен Қазанғап атындағы өнер мектебінің шәкірттері. Атап айтсам, Төлеген Коршунов пен Снежана Козлова 8-сыныпта, Люба Козлова 7-сыныпта, Милана Мурзагалиева 6-сыныпта, Аделя Мурзагалиева 5-сыныпта, Алтынай Досова 4-сыныпта, ал Тихон Козлов, Әлихан Мырзағалиев, Александра Погорелова 3-сыныпта бірге оқиды. Бұның бәрін тізбелеп айтып отырған себебім, кейде балалармен бірге сабаққа дайындаламыз. Сондықтан әр сыныптың бағдарламасын жақсы білеміз деп айтуға болады, — деп күледі отағасы.

Оқу демекші, былтыр дүниежүзі бойынша пандемия басталғанда барлық мектептер, колледждер мен университеттер қашықтан оқытуға ауысты. Сол кезде әр балаға арнаулы техника керек болды. Бәріне бірдей ноутбук алып беру ата-анаға материалдық тұрғыда қиын екендігі айтпаса да түсінікті… Осы орайда өңіріміздегі белгілі мәдениет майталмандарына «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Ақтөбе облыстық филиалы «Біз біргеміз» жалпыхалықтық акциясы аясында көмекке келіпті. Сол ұйымның жариялаған үндеуін көрген танымал эстрада әншісі Кәмшат Жолдыбаева біздің кейіпкерлерге 1 ноутбук пен 2 смартфон сыйлаған. Шығармашыл шаңырақ бұл игі іске ұйытқы болғандарға ризашылығын білдіріп, осындай қамқор жандардың аз еместігін атап өтті.

АЙТПАҚШЫ…

Облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан құрылған «Шашу» халықтық отбасылық ансамблі 2004 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Ал 2012 жылы өнер ұжымына «халықтық» атағы берілді.

Олар идеологиялық жұмыстарға да араласады

Ұлттық тарихымызға терең үңіліп, түп-тамырымызды білуге, төл өнерімізді, салт-дәстүрімізді насихаттауға және мақтан етуге шақыратын ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы басым бағыттарды түсіндіруге Жетесовтер отбасы да үлес қосып жүр. Атап айтсақ, музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын ансамбльдің негізін қалаушылар пандемияға дейін жыл бойы тұрақты түрде «Ұлы даланың әуендері», «Шаңырақ шаттығы», «Ұлттық өнер – ұлы мұра» тақырыбындағы лекция-концерттерін өткізуді дәстүрге айналдырды. Шара барысында Өмірхан мен Амангүл қазақ халқының көне музыкалық аспаптарының тарихына тоқталып, ата-ананы құрметтеуге, Отанды сүюге бағытталған әңгімелерді айтып, ән-күй орындайды. Мектептер мен оқу орындарында ұйымдастырылатын аталған шаралардың басты мақсаты — жастарға отбасы құндылықтарын ұғындырып, олардың өнерге, музыкаға қызығушылығын арттыру. Ұлттық өнерімізді, соның ішінде дәстүрлі әніміз бен күйімізді дәріптеп келе жатқан өнер ұжымы мұны азаматтық борышымыз деп есептейді.

Көне аспаптар мен байырғы әндер

«Шашу» ансамблі қазақтың көне аспаптарын насихаттауға да зор үлес қосып келеді. Ән тербеген шаңырақты фольклорлық аспаптар ансамблі деп атауға толық негіз бар. Домбыра мен қобызды есептемегенде, қазақтың шертер, шаңқобыз, асатаяқ, сырнай, сазсырнай, сыбызғы, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау, т.б. аспаптарында ойнайтын олар өздерінің басты ерекшелігі осы екенін айтады.

Фольклорлық туындылармен қатар, халық әндерін, күйлерін, қазақстандық композиторлардың шығармаларын орындаймыз. Жыр да айтамыз. Шүкір, репертуарымыз бай. Қоржынымызда жүзге тарта ән бар. Оның ішінде ескі болса да, есті әндер көп. Көрермендер ретро, ұмытылып кеткен туындыларды өте жақсы қабылдайды, — дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Амангүл Ешпанова.

Айтпақшы, жақында облыстық халық шығармашылығы орталығы шаттығы шалқыған шығармашыл шаңыраққа жаңа ұлттық музыка аспаптарын табыстады. Атап айтсақ, ансамбльге 2 домбыра, қобыз, қылқобыз, дауылпаз, шертер, т.б. музыкалық аспаптар алынды.

 «Армансыз адам…»

Ансамбль жыл сайын есеп беру концертін өткізуді қалыпты жағдай санайды. Өкінішке қарай, елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты бұл әзірге онлайн форматта жалғасып жатыр.

Алыс-жақын қалаларда, тіпті көршілес Орынбор облысында концерт беріп, отбасылық ансамбльдердің фестиваліне қатысуды әдетке айналдырған Жетесовтер ауыл-аймақты да жиі аралайды. Жер-жерде ән салып, сондағы жұртшылықтың құлағының құрышын қандыратын ақтөбелік өнерпаздар осындай кездесулерді жаны сүйетінін тілге тиек етті.

Талай халықаралық, республикалық байқаулар мен фестивальдарға қатысып, жүлделі оралып жүрген «Шашу» демалысқа да уақыт табады. Өмірхан мен Амангүл балаларымен сенбі-жексенбі күндері табиғат аясына шығып, сейіл құрғанды тәуір көреді. Бір дастархан басында бас қосып, әдеттегідей ән мен жырды құйқылжыту, кішкентайлардың қызығына куә болу да олар үшін ерекше сезім сыйлайды екен.

Армансыз адам болмайды ғой. Біреу «Сыйлыққа не бергенімді қалайсың?» — деп сұраса, ойланбастан үлкен үй сұрайтын едім. «Баспанаң бар ғой» десе, онда шағын автобус керек. Балалармен гастрольге шығуға өте ыңғайлы болар еді, — деп ой-тілегімен бөлісті отбасылық өмір мен өнерге бірдей уақыт тауып жүрген Амангүл Ешпанова.

Ынтымағы жарасқан әулет, осылайша ұлттық өнерді өрістетіп әрі отбасы құндылықтарын ұлықтап жүр. Өзіндік бояуы бар ансамбль эпидемилогиялық жағдай дұрысталған бойда қалыпты тіршілікке оралып, гастрольдік сапарларға шығуды жоспарлап отыр. Өнерлі отбасының тынысы осындай.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button