Басты жаңалықтар

Соңғы екі жылда құқықбұзушылық саны 3,9 есеге азайған

Құқықбұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның бірлескен отырысында қылмыстың алдын алу мәселелері қаралды. Отырыс өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен, құқық қорғау және мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен өтті.

Атап айтқанда, жиында ойын-сауық мекемелеріндегі құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі қаралды. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиевтің айтуынша, соңғы екі жылда карантин кезінде ойын-сауық мекемелеріндегі құқықбұзушылық саны 3,9 есеге азайған.

— Талдау нәтижесі көрсеткендей, қылмыстың ең көбі облыс орталығында болған. 2021 жылдың 8 айында облыстың ойын-сауық мекемелерінде және оларға іргелес аумақтарда барлығы 82 құқықбұзушылық тіркелді, — деді Қ.Әлиев.

Отырыста қылмыстың алдын алу мақсатында ойын-сауық мекемелерін жоғары сападағы бейнебақылау камераларымен жабдықтау, оларға іргелес аумақтарды түнгі уақытта сапалы жарықтандыру және т.б. қажеттілігі атап өтілді. Сонымен қатар комиссия мүшелері алкомаркеттердің жұмысын ретке келтіру бойынша нақты шаралар қабылдау қажеттілігін жеткізді. Олардың ішінде бар мен ішімдік сатылатын дүкен ретінде заңға қайшы әрекет жасап отырғандар да бар.

Сондай-ақ отырыс барысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау басқармаларында, қылмыстық-атқару жүйесі департаментіндегі сыбайлас жемқорлық пен құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары қаралды.

Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі өңірдегі қылмысты барынша азайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жалпы білім беретін мектептерде қауіпсіздік шараларын күшейту және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша барлық қажетті шараларды жүзеге асыруды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button