Жаңалықтар

Ақтөбе халықаралық әуежайы сенімді басқаруға беріледі

Бұл туралы кеше облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаев кеңірек айтып берді.

Оның айтуынша, биыл жекешелендірудің екінші толқыны аясында Ақтөбедегі «Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы» АҚ кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру туралы лот электронды сауда алаңы сайтында жарияланған.

Лоттың бастапқы құны — 7,32 млрд теңге. 9 қыркүйекке дейін нысанды сатып алушы 1,098 млрд теңге кепілдік жарнасын төлеуге тиіс. Ал осы жылдың соңына дейін болашақта әуежайдың иесі болуға құқығы бар менеджер іздестірілмек.

Қазіргі уақытта әуежайдың актив иесі —  облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Акционерлік қоғам құрылтайшысы — облыстық қаржы басқармасы.

— Тендер шарты бойынша акцияның 100 пайызы сатылымға шығарылады. Сенімді басқару мерзімі — үш жыл, одан кейін басқарушы компания әуежайды жекеменшікке сатып ала алады. Сенімгерлікпен басқару мерзімі аяқталғаннан кейін инвесторға әуежайдың нарықтық құнын төлеу үшін үш жылдық мерзімге бөліп төлеу жоспары ұсынылуы мүмкін, — дейді Н.Өнербаев.

Ал Мәжіліс депутаттары Ақтөбе әуежайының құнын бағалауға қатысты күмән келтіретіндерін жеткізді.

Нұрлыбек Өнербаевтың айтуынша, әуежайды бағалау жұмыстарын тәуелсіз екі компания жүргізген.

— Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайды күтіп ұстап, пайдалануға бюджеттен ешқандай қаржы жұмсалмайды. Әуежай «өзін» толық қамтамасыз ете алады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша әуежайға 300 миллион теңге қаржы түскен. Ал өткен жылы компания 380 миллион теңге салық төлесе, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 33 миллион теңгеге аз. Пандемияға қарамастан, биылғы жылы ішкі рейстер саны өсті. Мәселен, 2019 жылмен салыстырғанда былтыр әуежайға 4 пайыз артық қаржы түсті, — деді облыстық қаржы басқармасының басшысы.

Оның айтуынша, Азаматтық кодекс бойынша халықаралық әуежай — стратегиялық нысан. Сол себепті оны иеліктен шығару процедурасын жүзеге асыру үшін Үкіметтің тиісті шешімі қажет. Ал шешім өткен жылдың 29 желтоқсанында қабылданды. Сондықтан бұл нысан аукционға шығарылады.

— «Мемлекеттік меншік туралы» Заңға және жекешелендіру ережелеріне сәйкес, егер нысанның баланстық құны 2,5 миллион айлық есептік көрсеткіштен асатын болса және оның құны биыл 7,3 миллиард теңгені құраса, онда біз халықаралық стандарттарға сәйкес келетін тәуелсіз кеңесшілерді тартуға тиіспіз. 1 наурызда нысанды бағалаған кезде оның баланстық құны 5,9 миллиард теңге болды. Аталған Заңда біз бағалау компаниясын тартуға құқығымыз бар деп жазылған, — дейді басқарма басшысы.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button