Жаңалықтар

6 күнде 33 оқушы індет жұқтырған

1-6 қыркүйек аралығында облыста 33 оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталған. Нәтижесінде 23 мектептегі 1648 оқушы екі аптаға карантинге жіберілді. Бұл туралы сәрсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, бүгінгі таңда облыстағы 418 орта білім беру мекемесінде 131 мың бала дәстүрлі түрде білім алуда. Ал үш ауысым бойынша жұмыс жасайтын мектептерде аралас оқыту форматы енгізілген. Ондай мектептерде оқитын 33 мың оқушыға негізгі пәндер дәстүрлі түрде, ал екінші кезектегі қосымша пәндер онлайн өтеді. Сондай-ақ КВИ жұқтырған және індет жұқтырған балалармен байланыста болған 1648 оқушыдан бөлек, денсаулық жағдайына байланысты 48 оқушы қашықтан білім алып жатыр.

Нұргүл Бертілеуова облыс бойынша оқулық тапшылығы жоқ екендігін мәлімдеді. Барлық білім беру ұйымдарында санитарлық талаптар қатаң сақталған.

Баспасөз мәслихаты барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Күштаева қазіргі таңда балалар арасында екпе салу жұмыстары жүргізіліп жатпағандығын хабарлады.

— Қазіргі таңда вакцина тек ересектерге ғана салынып жатыр. Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша вакцинаның бірінші компонентімен 295 275 адам, ал екінші компонентімен 241 536 адам егілді. Балаларға коронавирус инфекциясына қарсы екпе салу осы жылдың аяғында, яғни төртінші тоқсанға жоспарланған болатын. Бірақ бұл бойынша әзірге ешқандай нұсқаулықтар болмауына байланысты іс-шаралар жүргізіліп жатқан жоқ. Егер екпе салынатын болған жағдайда да 12 мен 18 жас аралығындағы балаларға және тек ата-анасының келісімі бойынша ғана салынатынын ескерткім келеді, — деді Айгүл Күштаева.

Сондай-ақ брифинг барысында  өңірдегі эпидемиологиялық  ахуалға тоқталған облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлбану Дәулетова 7 қыркүйекте бір тәулік ішінде КВИ жұқтырған 207 адам тіркелгенін айтты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button