Жаңалықтар

Екпе алсаңыз — көлік мінуіңіз мүмкін!

«Екпе ал да, автоға ие бол!» акциясының аралық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау облыстық әкімдікте өтті. Ұтысқа ие болғандар арасында жазасын өтеушілер де бар.

Залда жиналғандардың барлығы екінші компонентпен егілгендер. Бағалы сыйлықтар жүлдесі жарияланған 25 маусымнан бастағанда бұл — компьютер таңдауы бойынша анықталып жатқан екінші ойынның екінші кезеңі. Екпе жасатқандарды құттықтауға және сыйлықтар тапсыруға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев қатысты.

— Біз лотереяның жаңа жеңімпаздарын құрметтеу салтанатына келіп отырғанымызға қуаныштымыз. Өзінің және жақындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ерікті түрде екпе алған адамдардың азаматтық ұстанымы мен саналылығына ризамыз, — деді ол.

Екпе алғандардың бірі Марат Сәрсенбай, 26 жаста, қаладағы компаниялардың бірінде аспаз болып еңбек етеді. Оның қызметі адамдармен тығыз байланысты болғандықтан екпе алуға өзі шешім қабылдаған.

— Бастапқыда менің смарт-сағат ұтып алғаным туралы хабарлағанда сене қойған жоқпын, — дейді Марат, — таныстарымның әзілі шығар деп ойладым, содан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының сайтына сілтеме жасалған хабарлама келді. Жаңалықты жылы қабылдадық. Зайыбым жүкті болғандықтан екпені кейінірек алады. Екі компонентті Әуе қалашығындағы №7 емханадан алдым. Ешқандай әсері байқалған жоқ.

Тапсырылған бағалы сыйлықтар қатарында планшеттер, смарт-сағаттар, велосипедтер, телефондар болды. Басты сыйлық автомобиль өз иесін ойынның төртінші кезеңінде күтеді. Оған өткен кезеңдердегі жеңімпаздар да қатыса алады.

Ойынның әділ өтуінің бір айғағы — лотерея ойынына қатысушылар арасында жазасын өтеуші азамат смарт-сағатқа ие болды.  Оның сыйлығы туыстарына беріледі.

Рүстем Исаевтың айтуынша, тұрғындардың 54 пайызға жуығы екпе алған.

— Егер біз екпе алудың 70 пайыздық деңгейіне шықсақ, онда ұжымдық иммунитетке ие боламыз. Өкінішке қарай, тұрғындар арасында екпенің зияндығы туралы алып-қашпа әңгімелер, әртүрлі хабарламалар таратылуда. Аурудан құтылудың жолы — екпе алуда ғана, әйтпесе бұл дерт үлкендерге де, балаларға да қауіп төндіруде, —  деді басқарма басшысы.

Қазақстанда қазір осы сырқаттан үш нәрестенің өлімі анықталды. Ауруханаларда 1 055 адам ем алуда, оның 210-ы селолық жерлерде. Сырқат жұқтырған 328 баланың 25-і стационарлық емдеуде. 167 жүкті әйел емделуде, оның бірқатары ауруханаларда жатыр.

Екпе науқаны басталғаннан бері бірінші компонентті — 293 571, екіншісін — 239 684 адам алды.

                                                                         Нұргүл АРЫНОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button