Жаңалықтар

Біздің ауылға кім көңіл бөледі?

Редакцияға хат

Редакцияға Байғанин ауданы Қызылбұлақ округіне қарасты Бұлақтыкөл ауылының Ы.Нұрмағамбетов, Қ.Қыстаубаев, А.Есенғұлов бастаған бір топ тұрғындарынан хат келді. Бұрын да ауылдағы су мәселесі ауылға «Ақтөбе» газеті араласқаннан кейін шешілген еді. Сол әңгіме қайтадан шығыпты. Ауыл тұрғындары тағы да бұл мәселені газет арқылы жоғарыға жеткізуді сұрайды. Ауыл тұрғындарының хатын қаз-қалпында жариялай отырып, ресми жауапты тұлғаның жауабын қоса беріп отырмыз:   

«Құрметті редакция, шалғайдағы елді мекеннің тұрғындары атынан бір топ ардагер үлкен үмітпен тағы хат жолдап отырмыз. Біздің ауылымыз  Байғанин ауданы Қызылбұлақ округіне қарасты Бұлақтыкөл деген жерде. Әріде атына заты сай болған өңір. Нақтырақ айтар болсақ, осы ауылдың байырғы тұрғындары өткен ғасырдың 1934 және 1938 жылдары орта Оймауыттан осы жерге қоныс аударған екен. Сол уақыттағы саясатқа сәйкес, аталарымыз келіп қалған, жайлы, суы мол қоныс болған. Маңында Жуалы, Балапанды, Қаракөл, Қамысты атты керемет көлдер болған. Әкелеріміздің  айтуынша, Қаракөлге ат жүзеді екен, тіпті соғыс жылдарында сол көлден Ақсай деген жерге арықпен су ағызып, егіс салған, оны көзбен көрген ағалар да өмірден өтіп кетті. Мұны кейінгі ұрпақ білсін деп жазып отырмыз. Соңғы көрген көліміз Сағи ақын жырға қосқан Қоскөл еді, оның да көзден ғайып болғанына жарты ғасырдан асты. Бүгінде ол көлдердің орнын да таба алмаймыз.

Экология дейміз бе, әйтеуір, біздің ауыл 1970 жылдан бері тұщы судың тауқыметін тартып келеді. Кезінде кеңшардың күшімен су тасып жеткізілді.  Ауыл мал өсірді. Қысқа 30 мыңдай қой түсетін. Бүгінде ол жоқ. Әр үйдің жеке малы бар. Айдың күннің аманында суға зар болдық. Ауылды құм басты. 1986 жылы соған орай, жақын жердегі тепсеңге қоныс аударды. Шаруашылық басшысы тұщы суы бар Қызылшоқыға жақындауды өтінгенімен, ауылдың кейбір ақсақалдары көнбеді. Ауыл амалсыз қазіргі жерге орнықты. Негізі, Қызылшоқы дұрыс еді. Кеңшар болып тұрғанда сол жерден бүкіл ауылға тұщы су машинамен тасылды. «Сұңқар» атты комсомол жастар бригадасының төрт отар қойы сол жердің құдығынан су ішті.  Бүгінде өкінеміз, бірақ одан не пайда?

Кейін скважина қазып берді, қуандық, бірақ қуанышымыз тағы да сап тыйылды. Бұрынғы күйді кештік. Содан «Ақтөбе» газетінің редакциясына мұңымызды шақтық. Халықтың тілегін ескеріп, ат сабылтып Арайлым Нұрбаева деген журналист келді. Дәл сол күні аудан әкімінен басқа, ауданның атқамінерлері түгел ауылға келді. Бірнеше ай бойы мұнайшылар бұрғылап су шығарды. Су тазартатын тетіктерін ауыстырды, таза судан дәм татып, мәз-майрам болдық. Үш айдай рахаттандық. Ауылдық округ әкімі Жалғас Талдықовтың еңбегі зор болды, күні-түні жүрді. Содан желтоқсанның соңынан кейін тұщы су ащы суға айнала бастады. Тазартқышын ауыстыру керек екен, ол табылмады ма, әлде қаржы тапшы болды ма, әйтеуір, іс оңға баспады. Бұрынғы күйге тағы тап болдық. Жергілікті жердегі «Аманмұнай» компаниясы қол ұшын созып, су тасып беріп келеді.  Кейде жетіспей де қалады, олардың да өз шаруасы жеткілікті болар, оны да түсінеміз. Біздің ұсынысымыз — скважинаны тереңдетіп қазу, фильтрлермен қамтамасыз ету, екіншіден, әлемде су тапшылығы сезілуде, сондықтан жерасты су бассейні бар Қызылшоқыдан суды трубамен жеткізсе дейміз.

Тағы бір назар аударарлық мәселе — интернет желісінің жоқтығы. Соның кесірінен ауылымыздағы мұғалімдер, студенттер, оқушылар қашықтан оқи алмай қиналғандығы соншалық — жылдамдығы жоғары интернет желісі бар ауылдарды іздеп, безіп кетті. Сол қиыншылықтың зардабын осы күнге дейін тартып келеміз. Мектептегі мұғалімдер электронды жүйеде толық жұмыс жасай алмай отыр. Сондықтан ауылымызға Beeline интернет желісін қосып беруге көмек сұраймыз.

Ауылда «сақалды» құрылысқа айналған 2 қабатты жаңа мектеп биыл берілді. Балабақшадағыны қосқанда 100-ге жуық бала бар. Бұл — болашақ үшін жасалған қамқорлық.

Тағы бір айтарымыз, округтегі екі мектепке батырлар Ешбаев, Жазықов есімдері берілген. Біздің ауылдан екі Еңбек Ері шыққан. Олар — Махан Ешімқұлов және Тойманқұл Елбетов. Алғашқысы —  патша заманында, кеңестік дәуірде еңбек еткен дала академигі, сондықтан ауыл тұрғындары жаңа мектепке Ешімқұлов есімі берілсе дейді, біз орынды ұсынысты жоғарыдағылардың  қолдағанын жөн санаймыз.

Құрметті редакция, жүрегіміздегі бар мұңымызды сіздерге сенім арта отырып жазып отырмыз. Көзбен көріп, жағдаймен жете танысып, мұқтажымызды аудан, облыс басшыларының құлағына жеткізсеңіздер екен. Биыл жаз өте ыстық болды, қыстың қатты болатыны да айдан анық. Көмектессеңіздер екен. Бұл — ауыл қарттарының тілегі».

Бір топ ауыл тұрғынының қолы қойылған.

Редакциядан:

Осы хатты басшылыққа алып,  Байғанин ауданы Қызылбұлақ округі әкіміне хабарластық. Сайланғанына бір айдай ғана уақыт болған округ әкімі Асланбек Жұмабаев ауыл тұрғындары айтқан үш мәселенің төңірегінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға қатысты жауап берді:

— Ауыл тұрғындарының айтып отырған мәселелерінің барлығы да орынды. Бірінші мәселе тұщы суға қатысты болып отыр. Бұлақтыкөл ауылында тұщы судың қоры жоқ. Сондықтан ауыл ащы суды тұшытып ішіп отыр. Менің әкім болып келгеніме бір айдай уақыт болды. Ал суды тұшытатын жабдықтар төрт ай бұрын істен шығып қалған. Қажетті жабдықтарды сатып алу үшін тендер өткізілетіні белгілі. Мердігер жақында ғана белгілі болды. Тендерді «Батыс техно сервис» деген мердігер компания ұтып алды. Басшысы Абзал Сағатов жұмысты қазан айында бастаймыз деп отыр. Жаңа тазартқыш жабдықтар әкеліп, орнатады. Қазір ауыл маңындағы «Аманмұнай» мұнай компаниясынан көмек сұрап отырмыз, компания суды ауылға су тасушы көлікпен жеткізіп тұр.

Ал тұщы суды Қызылшоқыдан жеткізу әзірге мүмкін емес.

Тазартқыш фильтр аппаратын күтіп ұстау керек, сорғыға құм жиналып қалса, аппарат тағы жанып кетеді. Судың басындағы қызметкерлер мұқият болуға тиіс. Дегенмен алдағы уақытта аппарат жанып кетіп, халық зардабын тартпау үшін мәселені мәслихат сессияларына шығарып, осы жабдықтарды сатып алуға қаржы сұрайтын боламыз.

Интернет желісіне қатысты мәселе де қазан-қараша айында шешілуі керек. «Қазақтелеком» компаниясы ауылға «Кселл» ұялы байланысын қосайын деп отыр.

Бұл жұмыс Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 250 тұрғыны бар ауылдық елді мекендерді цифрландыру деңгейін арттыруға бағытталған «250+» жобасы аясында жүргізіледі. Ауылда қазір 80 аула, 500 тұрғын бар.  «Қазақтелеком» компаниясының өкілдерімен сөйлесіп отырмын. Алдағы айларда ауылға кең жолақты интернетпен қамтитын базалық станцияларының желісін орналастырады. Қазір оны орналастыратын жерлер белгіленіп, дайын тұр. Бұйырса, жыл аяғына дейін ауылда байланыс та, интернет те болады.

Үшінші мәселе — жаңадан салынған мектепке Еңбек Ері Махан Ешімқұловтың есімін беруге қатысты. Жаңа мектептің ашылу салтанатында осы ауылдың тұрғыны, ардагер ұстаз Жайылхан Айдынов деген кісі мектепке Махан Ешімқұловтың есімін беруге бастама көтеріп, жұмыстанып жүргенін айтқан-ды. Осы кісінің ұсынысы аудандық, облыстық ономастикалық комиссияларда қаралып, әрі қарай өз шешімін табатын болады.

Жазып алған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Қазір қоғамда не көп, өзекті мәселе көп. Ол шешімін таппағанда,  қарапайым жұртшылық редакцияға хабарласады. Сондықтан да біз осы нөмірімізден бастап «Редакцияға хат» айдарын ашып отырмыз. Телефонмен айтылған не хат арқылы келген материалдарды құзырлы органдардың жауабымен бірге ұсынамыз.

Хабарласыңыздар, қадірлі оқырман! Мәселені бірге шешейік.

Байланыс телефоны: 8-702-866-74-65

Басқа жаңалықтар

Back to top button