Басты жаңалықтарМереке

Жеңімпаз отбасы — педагогтер әулеті

Отбасы күні

Отбасы жылуын сезініп, атадан тәлім, анадан тәрбие алған ұл-қыздың саналы ұрпақ болып қалыптасары анық. Яғни тәрбие бастауы — отбасы. Қоғамда отбасы мәртебесін көтеруді мақсат еткен дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының рөлі зор. Сондықтан да біз Отбасы күні қарсаңында аталған байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпазы атанған Займолдиндер отбасы туралы әңгімелеуді жөн көрдік.

Алтынтой иелері

«Мерейлі отбасы» облыстық кезеңіне қатысқан 268 отбасының арасынан топ жарып, жеңімпаз атанған Ғазиз Займолда мен Екатерина Қалиеваның отбасы аудан орталығы Ойыл ауылында тұрады. Олар — алты бала тәрбиелеп, қиындыққа мойымай, отбасы берекесін сақтай білген жандар. Отағасы Ғазиз — ауданға ғана емес, облысқа танымал азамат.

— Халықтан алған алғысым шығар, 4 ұл, 2 қызымыз бар. Сол балалардан өрбіген 15 немере, 2 шөбере өсіп жатыр. Балалардың бәрі еңбек етеді. Бәрі де еңбек еткенді, сосын қолынан келсе, халыққа көмектескенді, қайырымдылық жасағанды тәуір көреді. Өзім де реті келсе, қайырымдылық жасап тұрамын. Балаларыма үлгі болсын деймін. Колледж түлектерін өз қалтамнан қаражат төлеп, Оралдың университетіне оқуға түсіргенім бар. Кейін олар бітіріп келіп, бүгінде колледжде еңбек етіп жүр, — дейді Ғазиз Займолдаұлы.

Отағасының сөзін жалғастырған зайыбы Екатерина:

— Отбасы құндылығын бағалаймын. Биыл екеуміздің отбасын құрғанымызға 50 жыл толып отыр. Алтынтойға жетіппіз. Алланың берген сыйы шығар, біздің байлығымыз — балаларымыз. Ең бастысы, көрінген балаларымыз аман болсын. Әкесіне серік болсын деп, тұңғышымыздың атын Серік қойдық. Кейін Сәкен, Гүлайым, Ғалиасқар, Жеңіс, Жанар есімді балаларымыз дүниеге келді. 1994 жылы ата-әже атанып, Ақнұр есімді немере сүйдік. Содан бері үбірлі-шүбірлі болып, көбейіп келеміз, шүкір, — дейді.

Іскер басшы

Ғазиз Займолдаұлы ұстаздық еңбек жолын Ойыл ауданының Қараой, Сапақкөл ауылдарындағы мектептерден бастады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміз экономикалық қиындықтарды бастан кешірді. Осындай алмағайып кезеңде Ғазиз Займолда өзі басқарып тұрған оқу орнында батыл әрі жедел жаңғырту жасап, нарық жағдайына шұғыл бейімдеп, игілікті істер атқарды. Сол жылдары училищенің қосалқы шаруашылығын дамытып, шабындық, жайылымдық, егіс егетін жер алып, тары-бидай, арпа егіп, астықты Атырау, Маңғыстау облыстарына апарып сатқанын да жұрт біледі.

Білім беру саласында абыройлы еңбек еткен ұстаз бертін келе Ойыл ауданының әкімі қызметіне тағайындалады. Әкім қызметіндегі жеті жылда ауданның гүлденуіне де біраз еңбек сіңіреді. Әуелі аудан тұрғындарына нарық жағдайына, жаңа заманға бейімделу қажеттігін түсіндіреді. Сосын пайдаға асатын ғимараттардың бұзылуы, электр жарығының дұрыс берілмеуі, ұрлықтың жиі болуы сияқты келеңсіздіктермен күреседі, тазалық және тағы басқа мәселелерді қалпына келтіреді. Әкімнің әлеуметтік салаға назар аударғанының арқасында, осы жылдары жабылып қалған клуб, кітапхана, балабақша, мектеп, медициналық мекеме, дүкен, «Көкжар жәрмеңкесі» қайта ашылған. Халықтың қалаға үдере көшуі азайған. Осындай мәселелердің барлығы әкім назарынан тыс қалмағанын, кейін нарықтық қатынастың, тәуелсіздіктің жақсы жақтарын көре бастағандарын ауылдастары әлі күнге дейін айтып отырады.

Бүгінде 75 жастағы ақсақал 45 жылдық еңбек өтіліне қарамастан, қатарластарының қасында ширақ көрінеді. Құрметті демалысқа шықса да, еңбектен қол үзген емес. Шаруа қожалығын құрып, егін егіп, мал шаруашылығымен, мал азығын дайындаумен айналысады. Қазір барлық шаруаға балалары көмектеседі.

Талап пен қадам

Займолдиндер отбасының балаларының бәрі де жоғары білімді, еліміздің әр саласын көркейтуге атсалысып, еңбек етіп жүр. Ата-ана үшін әр баланың талабы мен қадамы — қызық пен қуаныш.

Үлкен ұлы Серік — ата-анасының жолын қуған педагог, бүгінде Ойыл аграрлық колледжін басқарып отыр.

Сәкен де еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, жасөспірімдерді қазақ күресі мен еркін күреске баулып, жаттықтырды. Ол қазір аудандық мәслихаттың хатшысы.

— «Жігіттің жүрген жерін айтпа, бітірген ісін айт» дейді ғой. Нәтижелі жұмыс істеу — біздің отбасының негізгі ұстанымы. Мысалы, мен колледжде оқытушы болып жүргенде-ақ, кәсіппен айналыстым. Ойылдың бренді — Барқын орманы. Облыстық, республикалық оқу-жаттығу жиындарын сол маңда өткізу мақсатында ғимарат салдық. Бүгінде оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру әрі Ойылдың тұмса табиғатын көрсету мақсатында Барқынның басында лагерь аштық, — дейді Сәкен Ғазизұлы.

Облыс орталығында тұратын қызы Гүлайым — орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Жұбайы Ерлан екеуі екі бала тәрбиелеп отыр.

Заңгер мамандығын таңдаған ұлы Ғалиасқар бүгінде облыс прокурорының аға көмекшісі. Үш баласы бар.

Ал Жеңіс — жеке кәсіпкер, Ойылда тұрады. Айтпақшы, ол 2010 жылы «Жылдың үздік кәсіпкері» атанды. 4 бала тәрбиелеп отыр.

Кіші қызы Жанар да педагог, қазір «Өрлеу» ұлттық орталығының Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы. Тұрмыста.

Алты баланың анасы Екатерина Қалиева — «Күміс алқа» иегері. Сондай-ақ ол да жолдасы секілді өз балаларымен қатар, ел баласын білім нәрімен сусындатып, тәрбиелеген ардагер ұстаз.  Екі келіні мен немересі де мұғалім.

Осыдан соң Займолда отбасын педагогтер әулеті деп қалай айтпауға болады!?

Ғазиз Займолданың айтуынша, немересі Ақнұр 50 орындық балабақша ашуға талаптанып отыр.

— Оқып жүргенде жеке балабақшалардан оқу тәжірибесінен өттік. Сол кезде «менің де балабақшам болса екен, кішкентай балаларға біраз мүмкіндік жасар едім» деп армандаушы едім.  Ата-әжемнің, ата-анамның қолдауымен екі жыл бұрын балабақша ғимаратының құрылысы басталған болатын. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында пайдалануға бергіміз келіп отыр. Елу балаға арналған балабақша құрылысына 150 миллион теңге көлемінде қаражат жұмсалды,  — дейді ата жолын қуған жас педагог .

Займолдиндер ауылдастарына көмек қолын созуды да естен шығарған емес. Солардың бірі — Ғазиз Займолдаұлының колледж түлектеріне жасаған қамқорлығы. Оралдағы жоғары оқу орнына ветеринар мамандығына оқуға түскен колледж түлегіне үш жыл бойы қаржылай қолдау көрсетіпті. Оқуын бітірген жоғары білімді маман бүгінде Ойылдағы өзі оқыған колледжде оқытушы болып жүр. Колледждің тағы бір түлегіне Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бір жылдық оқу ақысын төлеп берген екен, ол бала оқудағы жетістіктерімен көзге түсіп, былтырдан бастап облыс әкімінің грантына ие болыпты. Ойылда мұндай балалар жетеді.

Ауылдастары да Ғазиз Займолдаұлының әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларының тегін білім алуына жағдай жасағанын, түлектерге қолдау білдіріп, жоғары білім алуына көмектескенін, әріптестерінің қайғы-қуанышында қасынан табылып, қолпаштағанын, осының бәрі оның азаматтығы екенін айтып жүр.

Айтпақшы, талай шәкіртті тәрбиелеп, ұстаздық өнердің шыңын бағындырған Займолдиндердің жалпы білім беру саласындағы отбасылық еңбек өтілі екі жүз жылдан асыпты.

Отбасы бақыты

Отбасындағы міндеттерінен бөлек, Ғазиз Займолдаұлы ауданның қоғамдық өміріне белсене араласады. Бос уақытында халық арасында мемлекеттік саясатты насихаттайды. Мысалы, ол сайлауалды кампанияларда жерлестерін сайлауға қатысып, азаматтық ұстанымдарын білдіруге шақырады. Займолдиндер отбасы үшін «Отанды сүю отбасынан басталады».

Ғазиз ақсақалға жас отбасылар да кеңес сұрап келеді екен. Ол білген ақылын айтып, отбасының іргесі сөгілмеуі үшін  барын салады.

— Қай отбасында да «ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды». Бұл — өмір. Алдыма келген жасқа ақылымды айтамын. Ренжісіп қалған жастарды татуластыру үшін қолымнан келгенін жасауға тырысамын. Олардың арасында үлгілі отбасына айналып, рақмет айтып, соғып кеткендері де болды, — дейді «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы.

Ақсақал: «Отбасы бақытының кілті — кешірімді болуда», —  дейді.

— Қазақта «Үлкенді бордан, жасты зордан жасайды» деген де сөз бар. Сол себепті де жасы үлкені кешірім сұрауға бірінші болып қадам жасауға тиіс. Сосын отбасындағы әр мүшенің рөлі о баста бекітіліп қойған. «Әке — асқар тау», яғни шаңырақтың тірегі, қорғаушысы. Ал «ана — аққан бұлақ», яғни тәрбие көзі. Ал «балалары — жағасындағы құрақ», олар ата-анасына қарап өседі. Жалпы, өзім бала тәрбиесінде «Айтпа — көрсет, үндеме — үйрет» деген қағиданы ұстанамын. Шынында да, қай бала да үлкендерден көргенін жасайды. Айтпақшы, тәрбиеде халықтың пікірі де маңызды. Егер сен туралы біреу жақсы пікір айтса, бұл балаға оң әсер етеді, — дейді Ғазиз Займолдин.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демей ме?!  Салт-дәстүрді сақтап, айрандай ұйып отырған берекелі отбасының әр баласы тал бесіктен алған тәрбиені өз ұрпағына дәріптейді. Ендеше, Займолдиндер әулеті — бүгінгі мерейлі отбасының жарқын үлгісі.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button