Жаңалықтар

Індет жұқтырғандар саны азайып келеді

Облыста 5 қыркүйекте бір тәулік ішінде коронавирус инфекциясын жұқтырған 67 адам тіркелді. Өткен аптадағы жағдаймен салыстырғанда індет жұқтырғандар саны едәуір азайған, бірақ бұл қауіп сейілді деген сөз емес.

Коронавирус инфекциясы бойынша Ақтөбе облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз, облыс әлі де «қызыл аймақта».

Өткен тәулікте тіркелген 67 жағдайдың 53-інде ауру симптомдары байқалған, ал қалған 14 адамда симптомсыз. Індет жұқтырғандардың дені — Ақтөбе қаласының тұрғындары.

— 5 қыркүйектегі аурушаңдықтың тәуліктік өсу деңгейі 0,2 пайызды құрады. Індет жұқтырғандардың арасында балалар да бар. Мәселен, індет жұқтырған 67 адамның 11-і — 14 жасқа дейінгі балалар. Сондай-ақ өткен тәулік ішінде 22 адамнан пневмония анықталды. Жалпы, облыстағы эпидемиологиялық жағдай өзінің күрделігін сақтап отыр. Инфекцияның төмендеуі байқалғанымен, қауіп сейілген жоқ. Сондықтан тұрғындардан санитарлық талаптарды сақтауды және оны балаларға үйретуді сұраймыз, — деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.

Пандемия басталғалы облыста 29 081 адам КВИ жұқтырған. Бүгінгі күнге дейін олардың 22 705-і жазылып шықты. Қазіргі таңда үй карантиніне 9812 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде. Жансақтау бөлімшесінде 112 науқас жатыр.

Баспасөз мәслихаты барысында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров індеттің алдын алудың бір ғана жолы вакцина екендігін тұрғындардың есіне тағы да салды.

Бекболат Ізбасаров күні бүгінге дейін облысқа вакцинаның 585 мың дозасы жеткізілгенін айтты.

— Облыстың 290937 тұрғыны вакцинаның бірінші компонентімен, ал 236 933 адамы екінші компонентімен егілді. Бүгінгі таңда барлық емханаларда егу пункттері үзіліссіз, демалыссыз жұмыс жасап тұр. Тұрғындардың сағат 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін барып екпе алуларына болады, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің  баспасөз қызметі эпидемиологиялық тексеру арқылы инфекцияның сенімді және ықтимал орындары анықталғанын хабарлады.  Ауруды көбіне базарларда, сауда нысандарында сондай-ақ қоғамдық көлік пен адам көп шоғырланған той-томалақта жұқтыру қаупі жоғары. Және бір айта кетерлігі, КВИ және «Дельта» аурулары көбіне вакцина алмаған тұрғындар арасында тіркелген.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button