Пікір

Мерейімізді асқақтатты

Гүлнар СЕЙТАЛИНА,

облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары.

Биылғы Жолдауда көптеген маңызды мәселелер қамтылды. Халқымыздың әл-ауқатын арттыру, сондай-ақмәдениет қызметкерлерінің жалақысын өсіру туралы айтқаны өте орынды болды деп ойлаймын.

«Мәдениет қызметкерлері, қорықшылар, кітапханашылар, көлік жүргізушілердің жалақысы 2022-2025 жылдар аралығында 20 пайызға арттыру тапсырылады. Бұл бастаманың игілігін 600 мың отандасымыз көреді», — деді Президент.

Аталған мәселе бұрыннан шешімін таппай келе жатқан-ды. Облыс орталығы мен алыс ауылдарда жұмыс істейтін мәдениет қызметкерлері, әсіресе клуб қызметкерлері аз мөлшерде жалақы алады.

Қазір облыста  198 мәдени-демалыс мекемесі бар. Мұнда барлығы 1500-ден астам адам қызмет етеді. Жалпы, өнер мен мәдениет саласындағы қызметкерлердің жұмысы оңай емес. Дегенмен жалақысы аз болса да осы салада өз ісінің майталмандары жұмыс істейтіні сөзсіз. Жылдың қай мезгілінде болсын, облыс орталығында, аудан, ауыл көлемінде  өтіп жатқан мәдени шаралардың бәріне атсалысады.  Сырттай қарағанда біздің жұмысымыз жеңіл сияқты көрінгенімен, жұртшылыққа әдемі көңіл күй сыйлау, олардың бабын табу айтуға ғана оңай.

Сондықтан Президенттің Жолдауда бізді қолдауы ұлттың өнері мен руханиятына еңбек сіңіріп жүрген мәдениет қызметкерлерінің мерейін асқақтатты деп ойлаймын. Болашақта беделді мамандықтар қатарына да қосылар. Соған біртіндеп келе жатырмыз деп үміттенемін…

Қорыта келгенде, осы салаға бар күш-жігерін арнап, кәсіптерінен береке тауып, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген әріптестерім үшін қуаныштымын. Ел мәдениетінің деңгейін көтеруде қосар үлесіміз көп болғай!

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button