Экономика

«Бастаулықтарға» шағын несие беріледі

«Бастау-Бизнес» жобасының түлектері кез келген бизнесті ашу үшін жылдық 6 пайызбен 5 жыл мерзімге, ал ауыл шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін несие ала алады. Жеке кәсіпті ашудан бастап бизнес-жоспарды әзірлеуге дейінгі аралықтағы барлық жұмыстар барысында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы тегін қолдау көрсетіп, құжаттарды әзірлеуге көмектеседі.

— Тіпті бизнеспен ешқашан айналыспағандар да шағын несие алуға үміткер бола алады. Ең басты талап — ол тиісті сертификаты бар «Бастау-Бизнес» жобасының түлегі болуы тиіс. Айналым қаражатын толықтыруға 36 айға дейінгі мерзімге рұқсат етіледі. Бұл ретте біз жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін және жылжымайтын мүлікті сатып алу, кредиттік берешекті қайта қаржыландыру, бар несиені өтеу, сондай-ақ тұтынушылық мақсаттар бойынша жобаларды қаржыландырмаймыз. Біздің басты мақсатымыз — бастаулықтарға өз ісін бастап кетуге көмектесу. Жұмысқа жақында кіріскенімізге қарамастан, 72 өтінім түсіп, қарастырылып жатыр, — дейді «Atameken Aktobe» микроқаржы ұйымының несие менеджері Асылбек Суханберлиев.

Мысалы Мәртөк ауылынын 57 жастағы тұрғыны Хожағали Нұржанов мал басын көбейтуге ниетті. «Бастау» түлегі биыл грантқа (200 АЕК) екі сиыр,кейін «Даму» қоры арқылы 4 млн теңгеге 65 қой сатып алды.

— Мәртөк ауданында жайылым тапшылығы жоқ, шаруашылықты жүргізуге зайыбым мен балаларым көмектеседі. Қысқа уақыт ішінде ісіміз алға басты. Енді микроқаржылық ұйым арқылы қолайлы шарттармен несие алғым келеді. Шаруа қожалығын ұйымдастырып, мал басын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Етті мал шаруашылығына баса назар аударамыз. Ферма ісі маған таңсық емес. Өзбекстанда тұрып, мал және балық шаруашылығымен кәсіби түрде айналысқанмын. Қазақстанға, дәлірек айтқанда, Ақтөбе облысына 2019 жылы көшіп келдім. Мемлекеттік қолдау мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жобаларыарқасында кәсіпкерлікті осы жерде де жалғастырып отырмын», — дейді Хожағали Нұржанов.

Бизнес үшін айналым қаражатын толықтыруға несие алуды жоспарлап отырған биылғы бастаулықтың тағы бірі — Мұхтар Күздеуов.

— Микроқаржы ұйымының қолданыстағы шарттары шағын кәсіпкерлік үшін өте тиімді. Көбіне бизнесті өз қаражатымыздан бастағандықтан, қалтамыздың бизнесті көтере алмайтынын байқап жатамыз. «Атамекеннің» осындай жұмысты ұйымдастырғанына, өңірлік палата басшылығының қаржыландыруға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізгеніне рақмет. Ауыл шаруашылығы саласында кәсіп бастауға ниеттілер несиелендірудің тиімді шарттарын пайдалануға тиіс әрі әзірлейтін құжаттары да көп емес екен, — дейді кәсіпкер Мұхтар Күздеуов.

«Atameken Aktobe» микроқаржы ұйымының әлеуетті несие алушыларымен кездесулер апта сайын өткізіледі. Бастаулықтар тобымен тұтас штаб жұмыс істейді: Өңірлік кәсіпкерлер палатасы басшылығы қаржыландырудың артықшылықтарын түсіндіреді, бизнес-тренерлер сәтті кейстерді талдап, микроқаржы ұйымының қызметкерлері сол жерде алдын ала құжаттар топтамасын қарап шығады.

Бастаулықтардың жобаларын қаржыландыруға республика бойынша 22,5 млрд теңге, оның 1,3 млрд теңгесі Ақтөбе облысына бөлінген.

— Микроқаржы ұйымы пайда табуды мақсат етпейді. Біздің мақсат — бастаулықтарды барынша қаржыландырумен қамту, олардың жобаларын іске асыруға қолдау көрсету. Кәсіпкерлерді қолдау орталығының кеңесшілері, микроқаржы ұйымының қызметкерлері және бизнес-тренерлердің тынымсыз жұмысы — бұл қаражаттың жоғары қайтарымдылығының, іске асырылған жобалардың сәтті болуының кепілі. Біз жеке кәсіпті немесе жауапкершілікі шектеулі серіктестіктерді ашуға көмектесеміз, оған қоса кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы бизнес-жоспар әзірлеп, маркетингтік талдау жүргіземіз,бизнесті ілгерілетуге көмектесеміз, — деді Өңірлік кәсіпкерлер палтасы директоры Сұлупан Шынтасова бастаулықтармен кездесуінде.

«Бастау-Бизнес» жобасыныңтүлектері микрокредит алуға өтінім беру үшін белгіленген формадағы өтінішті және клиенттің сауалнамасын толтыру қажет. Сондай-ақ заңды тұлғаны немесе жеке кәсіпкерлікті тіркеу туралы куәлік, өтініш берушінің жеке куәлігі, несие тарихы, банктерде және салық органдарында берешектің жоқ екені туралы анықтамалар, кепілді қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар талап етіледі.

Биыл ауыл және шағын қала тұрғындары үшін ең көп дегенде 7,2 млн теңге, қала тұрғындары үшін 18,9 млн теңгеге дейін несие беріледі. Несиеге өтінім беру үшін ауылдық жерлердің тұрғындары Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарына «Бастау» жобасын сүйемелдеу жөніндегі консультанттарға жүгіне алады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button