МәдениетТарих

Кешікпей келген көктем

Әлқисса

1990 жылғы 15 сәуір. Мен Комсомол (қазіргі Әйтеке би ауданы) аудандық «Жаңалық жаршысы» газетінде бас редактор қызметінде жүрген кезім болатын. Дәл сол күн — аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ғалым Дәулеталиннің туған күні. Бірге араласып жүрген төрт-бес отбасы сол үйде Сара жеңгеміздің жайған дастарқанынан дәм татып, арқа-жарқа көңіл көтердік. Қазақ баласына егжей-тегжейлі таныстырып жатудың қажеті жоқ болар, аты аңызға, әндері мен күйлері жан азығына айналған кәдімгі Нұрғиса Тілендиев аудан орталығына гастрольдік сапармен келіп жатқан еді.

— Ғалеке, бүгін сіздің туған күніңізге баға жетпес сыйлық болайын деп тұр, ауылымызға Қазақ елінің және КСРО халық артисі Нұрғиса Тілендиев өзінің «Отырар сазы» оркестрімен келіп, орналасып жатыр. Қазір аудандық мәдениет үйінде концерт береді. Бәріміз осы тобымызбен сонда барайық! — деп ұсыныс жасадым.

Әлгінде ғана дастарқан басында Шәмші мен Нұрғисаның ел аузында жүрген бірер әндерін тамсана айтқан болатынбыз. Жан тербетіп, көңілді алып-ұшқан сол әндердің де әсері бар, қолды-аяққа тұрмай орталық алаңдағы мәдениет үйіне келдік. Ешқандай афиша, хабарландырусыз-ақ халық ағылып келіп жатыр. Біз де кіріп, орын алып үлгердік.

Нұрғиса аға өзінің өнер ұжымымен аудан шекарасына енгенде ыңғайсыздау бір жағдай болып қалыпты. Көршілес Қарабұтақ ауданының активі, жігіттері мен қыздары Нұрғиса ағаны үкілеп әкеліп, біздің аудан өкілдеріне шекарада тапсырайық десе, біздің жақтан ешкім жоқ. Соған шамырқанып қалған әз Нұрғиса қонақүйдің алдынан күтіп алған аудан басшыларына қыр көрсетіп, амандаспай қойған екен…

… Сахна шымылдығы жабулы. Оркестр музыкалық аспаптардың құлақ күйін келтіріп жатқаны естіледі. Жиналған халық тойға келгендей мәре-сәре, көңілді. Аудандық атқару комитетінің хатшысы Сәлима Ақмурзина бір құшақ қалампыр гүлін қолыма ұстатып:

— Мынаны айналаңа таратшы, артистерге берсін! – деді.

Басталды! Концерт басталды.

Конферансье хабарлап жатыр:

— Алдарыңызда «Отырар сазы» фольклорлық этнографиялық ансамблі. Дирижері — Қазақ КСР-інің және КСРО-ның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғиса Тілендиев…

Залда отырғандар, орын болмай жар жағалай тізілген халық ию да қию болып кетті. Оркестрдегі қос ішекті, үш ішекті домбыраның, қобыз бен сыбызғының, сазсырнай мен жетігеннің, шаңқобыз бен асатаяқтың, сазген мен шертердің, адырна мен даңғыраның, құдай-ау тағы не дейсің, мен атын біле қоймайтын түрлі ежелгі аспаптардың сиқырлы дауысы елітіп алды да кетті. Оның үстіне Нұрғисаның дирижерлігі құйын секілді, оркестрді уысына жинап алғандай, жұдырығын ашып-жұмып, сұқ саусағын нұсқап, музыканттардың әлек-шәлегін шығарғандай қылды. Делебе қозып барады.

Оркестр тоқтады. Нұрғиса аға халыққа бұрылып, тағзым етті. Сосын сөз бастады:

— Ассалаумағалейкүм, халқым! Орталарыңда ауданның үлкен бастықтары көрінбейтін сияқты. Бірақ мен олар үшін емес, сіздер үшін келдім. Ықыластарыңа рақмет! Бүгін мен және менің музыканттарым сіздерге арнап концерт береді, — деп, оркестрге бұрылды да қолын сілтеп қалды.

Оркестрдің, оның жетекшісі Нұрғиса Тілендиевтің сән-салтанаты ерекше көз тартады. Мәскеуде партияның кезекті съезінің делегаттарының алдына, Үлкен театрдың сахнасына да осылай шыққанын теледидардан көргенмін.

Оркестр Нұрғисаның «Махамбетін» орындады. «Бандыны қуған Хамит» киносына кіріп кеткендей болдым. Ендігі кезекте «Аққу» күйінің бірде нәзік, бірде қайғы тұнған ырғағымен «Қыз Жібек» фильмін бастан аяқ тамашалағандай күй кештім. Майгүл Қазтұрғанованың әсем даусын байыз тауып тыңдап отыруға шыдамы жетпеген ауданның бас дәрігері Роман Рахиев сахнаға шығып кетті, қолында бір құшақ гүлі бар. Өз ортамызға жарайтын дауысы бар еді, сонысымен Майгүлге қосылып ән айтты.

Мен қайдан қарап отырайын, жанымда отырған досым Алмабек Әбдібековтің кішкентай қызы Диляраны алып, сахнаға жақындап, Нұрғиса ағаның алдына бардым. Ойым — кішкентайдың аузына түкіртіп алу. Жарықтық, тегін адам емес қой, кішкентайдың аузына түкірмеді, еміреніп, басынан иіскеді. Сол Дилярамыздың әп-әсем дауысы бар! Ал жанымыздағы Бақытжан Нұржанов аупарткомның қызметкері ғой, қозғала қоймады.

Бір сәтте әбден бабына келген Нұрғиса «Әлқиссаны» қоя берді. Зал қым-қуыт, ду-ду қол шапалақтау. Елдің есі шығып кеткендей. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі Қуандық Қабденов сахнаға жүгіріп шықты да, әлгі күйдің әсерінен шыға алмай ентігіп тұрған Нұрғиса ағаның алдына тізерлеп отыра кетті. Тағзым!

Қайсыбірін айтайын, Нұрғисаның небір әндері мен күйлері ағыл-тегіл болды. Сөйтіп, есіміз кіресілі-шығасылы, әрі-сәрі болып отырғанда «Құстар әнімен» концерт аяқталды да қалды.

Мен жанымдағылардан бөлініп, сахна шымылдығының арғы жағына кіріп кеттім. Ұлы композитор, музыка майталманы ең болмаса жарты сағат уақытын бөлсе, сұхбат алуым керек. Әлі сахнадағы кейпінен, адуын шабытынан арыла қоймаған Нұрғиса аға мені ескі танысындай жайдары қарсы алды.

— Былай келісейік, ертең сағат онда қонақүйге кел, еркін отырып әңгімелесейік, — деді.

Комсомол жағының қысы ұзақ, көктем кеш келеді. Бірақ, сол күні сәуірдің ортасында түн өзгешелеу жылы болды. Мамырдың мақпал түні секілді. Әр жерде топ-топ болған ел-жұрт Нұрғисаның әнін айтып барады. Ал тұп-тұнық аспанда туған жерін, өскен жерін сағынып оралған тырналардың, қаздардың дауысы естіледі.

Түнімен ұйқы көрмедім. Тілендиев талай жампоз журналистермен тілдескен адам. Нұрғиса ағаның шәлкес емес, бірақ тентектеу, екінің біріне ұқсай бермейтін мінезін білемін ғой, қандай сұрақтар қоямын? Кешегі ішіндегі қыжылы бар, ол кісінің қай жағынан шығып қаламын? Сөйтіп, беймаза көңілмен таңды атырып, редакцияға келдім. Газеттің жауапты хатшысы – Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, дәстүрлі әнші, жыршы, термеші Бөрібай Кәртен.

— Бөке, — дедім, — кеше концерттен кейін Нұрғиса Тілендиевпен сұхбаттасуға келісіп қойып едім, бүгін сағат 10-да кел деген. Екеуміз барайық. Мен сұрақ қойып отырамын, сен куә бол. Саған тәжірибеңе керек болар.

Көкейімде тағы бір ойым бар еді, оны айтпай қалдым.

Келіскен уақытта қонақүйге келдік. Нұрғиса аға жатын бөлмеде киініп жатыр екен. Қонақүйдің дәлізінде сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қази Жасекенов бастаған жігіттер тізіліп тұр. Қазекең маған:

— Сұхбатты ұзаққа созбағаның дұрыс болар еді, — деді.

— Оны ағаның өзі біледі ғой, — деп, мен қысқа жауап қайырдым.

… Қонақүйдің шағын ас бөлмесінде Нұрғиса аға екеуміз қарама-қарсы отырмыз. Мәссаған, сұрақты өзі бастап кетті:

— Сен Ғалымжансың ғой! (Кешегі танысуды ұмытпаған) Мынаны айтшы, «Әлқисса» деген не?

— Әлқисса — тарихтың басы! — дедім.

Нұрғиса аға сәл шалқалап отырып, әңгімені бастап кетті. Ең бірінші аузына алғаны — академик Ахмет Жұбанов. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясын бітірген соң Мәскеу консерваториясына оқуға барғанын, осы оқу орнына түскен алғашқы қазақ болғанын айтты. Сексенінші жылдары Қазақ филармониясы жанынан «Отырар сазы» оркестрін ұйымдастырып, кейін бұл ұжым фольклорлық-этнографиялық ансамбльге айналды. 1985 жылы Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.

Мұқағалимен бірге жазылған 32 әнге де тоқтала кетті.

Біраз әңгіменің басын қайырғаннан кейін:

— Ғалымжан, бізге осындағылар түстік ас дайындап қойған екен, бірге бол, — деді ағамыз.

Ағыл-тегіл әңгімеге елтіп отырған мен қуана келісе кеттім.

— Жүр, — дедім Бөрібайға, — домбыраңды ала жүр.

Аудандық тұтынушылар қоғамы төрағасының орынбасары Мұрат Абатов қайыстырып дастарқан дайындаттырып қойған. Сол екі арада аупарткомның қызметкерлерінің бірі келіп:

— Бірінші хатшы сізге Тілендиевті риза қылып шығарып салсын деп тапсырып жатыр, — деді.

«Құп!» дедім.

Алдымызға ас келіп, дәм алғаннан кейін:

— Нұрғиса аға, «ауылдың алты ауызы» деген болушы еді, мына жігіт бір ән айтып берсе, — деп Бөрібайды нұсқадым.

Келіскен кейіп танытты. Шынымен-ақ ауылдың ішіндегі «әу» дейтін біреулердің бірі ғой деген де болар.

Бөрібай Ғарифолланың даусына салып, Сарышолақ шайырдың «Тілеу-Қабағын» қоя берді. Нұрғиса аға қолындағы ас жеп отырған шанышқысын тастай салды. Онсыз да қалқан құлағы одан бетер үлкейіп кеткендей көрінді маған. Орнында отырып бір-екі ырғалып та қалды-ау деймін.

Мен отырмын «Тілендиев не айтар екен?» деп.

Әнді соңына апарып, Бөрібай да тоқтады.

— Рахмет, айналайын, Ғарифолланың шәкірті екенсің ғой, — деді Тілендиев. — Осы сапарға шығарда Ғарекеңе кіріп шыққанмын. Төсекте жатыр.

Нұрғиса аға сәл мұңайды.

Сәлден соң қайта жадырады. Қазақта: «Құлағы үлкен күйші болады, саусағы ұзын биші болады» деген бар еді, Нұрғиса ағаның күйші екені белгілі. Сөйтсек, бала кезінде биші болмаққа балетке де барған екен. Бірақ оны Ахмет Жұбанов домбыраға бұрып жіберген.

Көңілді әрі еркін отырып, ас ішіп болған соң мен қонақтарды шығарып салуға бет алдым. Нұрғиса аға:

— Екеуміз мұнда отырайық, — деп, «УАЗ» автоклуб көлігін нұсқады.

Оны алып жүрген жеңіл көлік — алдымызда, менің көлігім — артымызда, Ақтөбеге қарай бет алдық.

Комсомолдан он-он бес шақырым шыққаннан кейін Нұрғиса аға көлікті тоқтатты. Есімі елге етене, аты алпауыт, өнері айнала жұртты тізгіндеп, кемеліне келіп, кенересінен асқан Нұрғиса аға қарапайым қалпына түсіп:

— Ғалымжан, сен осы жерден кері қайта бер. Жұмысың бар. Бастықтарың бар. Ұят болмасын! — деді. — Бастықтарыңа дәнеңе демей-ақ қой. Менің оларға алыс-берісім жоқ. Төбесіне көтерген халқыма ризамын…

Өксік пе, көзіме келіп қалған әлде удай, әлде ып-ыстық бір тамшы жас па, көкірегіме келіп қадалып, күйдіріп жіберердей болды. Сөйтіп отырып, мен де өзімше тілек айтқандай болдым да, есалаң күйде машинадан түстім. Салалы әрі қарулы саусақтарымен қолымды қысты.

Арындап тұрған бір топ автокөлік легі орындарынан ышқына қозғалып, Нұрғиса ағаны қасындағылармен бірге алыстай берді.

Бір сәтте оркестрден «Махамбет» күйі төгіліп жатқандай болып еді, көз ұшында кетіп бара жатқан автокөліктер тізбегіне қарап едім, «Аққу» сыңсыды…

P.S. Не газетте жарияланбаған, не қойын кітапшама таңбаланбаған осы жағдайды отыз жылдан астам уақыттан кейін, енді ғана қағазға түсірдім. Мен осы жазбаны басқаша атай алмай, «Әлқисса» деп айдар қоя салдым. Дұрыс сияқты.

 

Ғалымжан ТӨРЕХАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button