Жаңалықтар

Індетпен күрес — басты назарда

Тәуелсіздік алған кезден бастап тұрғындардың денсаулығын сақтау, түрлі аурулардың алдын алу бағытындағы профилактикалық іс-шаралар, ақпараттық түсіндіру жұмыстары облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басты назарында.

Пандемия басталғалы бері департамент аталған жұмыстарды екі есе күшейтілген режимде жүргізіп жатыр.
Департамент мамандары ауруды жұқтыру қаупі жоғары жерлерді анықтап, ол туралы тұрғындарға сан мәрте ескертті. Десе де әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлесе де, тұрғындар той жасауын тоқтатар емес. Сондай-ақ өзінің індет жұқтырғанын біле тұра көпшілік орындарға баратын адамдар да азаймай тұр.
Мәселен, «Ashyq» қосымшасы бойынша анықталған «қызыл» мәртебесі бар 61 адам жауапкершілікке тартылып, оларға 2 669 055 теңге көлемінде айыппұл салынды.
«Ashyq» жобасы Ақтөбе облысының аумағында 14-сәуірден бастап жұмыс істеуде. Бүгінгі күнге дейін облыстың 3908 кәсіпкері «Ashyq» жобасына қатысуға өтініш беріп, олардың 3908-не QR-кодтары жүктелген, оның ішінде «Лидер» мәртебесі бар қатысушылар саны– 69.
Бағдарлама енгізілгеннен бастап, өңірдегі «Ashyq» жобасы арқылы «сары» статусы бар 218 адам және «қызыл» статусы бар 231 адам анықталған. 99 «сары» статусы бар тұлғаға Ақтөбе қалалық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулылары шығарылды.
Айта кетейік, «Ashyq» жобасын енгізудің негізгі мақсаты — коронавирус инфекциясының алдын алу, яғни ауру жұқтырған немесе байланыста болған адамдардың қоғамдық орындарға бару жағдайларын болдырмау.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button