Жаңалықтар

«Ұлттың ұйысуы — бірліктің бастауы»

Мемлекет басшысының халыққа жыл сайынғы Жолдауы жақсы үміттерге жетелейді. Бұл жолы басты тақырыптың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» деп алынуы, шынында да бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен берік сабақтастырылып тұрғандай әсер береді.

Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы этномәдени бірлестіктер жетекшілері, сондай-ақ жастар қанаты және кеңес мүшелері өздерінің Жолдауды талқылауға арналған басқосуында осы жайға ерекше тоқталды.

Жиынды жүргізген жергілікті Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева, ең алдымен, егемендігіміздің отыз жылдығымен сәйкес келіп отырған тұстағы бұл құжаттың маңыздылығын Президенттің «Біз үшін ең маңыздысы  әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі — елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық»,— деген сөзімен негіздеді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдоллаев Жолдаудағы басты бағыттар туралы кеңінен таратып әңгімеледі. Ол Мемлекет басшысы қозғаған «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму», «Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру», «Сапалы білім беру», басқа да маңызды мәселелерге қатысты ғылыми тұрғыдан өз ой-тұжырымдарын ортаға салды.

Тарихшы ғалым, сондай-ақ Президенттің «Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз» деген сөзінің маңыздылығына баса тоқталды. «Өкінішке қарай, біздің жерімізге, тілімізге қатысты құйтырқы әрекеттерге барып, жел сөзбен жұртшылықтың арасында алауыздықтар туғызуға бейім саясаткерлер табылып жүр, мұны ескермеуге болмайды»,— деді ол.

Басқосуда татарлар мен башқұрттардың «Шатлық», болгарлардың «Вяра» этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері Эльвира Хабибуллина, Анастасия Подольянова Жолдаудағы Президенттің «Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматтарымыз түсінуі қажет. Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз» деген байламдарын толық қуаттайтындығын білдірді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нұрхан Ағниязов биылғы Жолдаудың көпшілік арасында үлкен ықыласпен зерделеніп, ынтамен оқылып жатқанын айтты. «Бұл ретте Президентіміз ерекше көңіл бөліп айтқан Мемлекет басшысының бес бастамасы назар аударуға тұрарлық. Мәселен, елдегі ең төменгі жалақының 60 мың теңгеге дейін көтерілетіндігі біздіңше, үлкен демеу, айтарлықтай ілгерілеу. Сондай-ақ бюджеттен қаржыландырылатын бірқатар сала қызметшілерінің айлықтарын жоғарылату да жағымды жаңалық. Басқа да игіліктер қолға алынып жатқанын жұртшылық қазірдің өзінде сезініп отыр. Біздің мақсатымыз — Жолдаудың жаңалықтарын қалың елге жеткізу, түсіндіруге үлес қосу, ұлттың ұйысып жұмыс істеуіне көмегімізді тигізу»,— деді ол.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button