Пікір

Мемлекеттік бағдарламалар ұзартылады

Наурызбек САРБАСОВ,

жас кәсіпкер, өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің белсенді мүшесі

Президент биылғы Жолдауында артық ақша массасын реттеу жолдарын көрсетіп, бұл ретте тиісті заңнамалық өзгерістер болатынын айтты. Президент келтірген деректер бойынша, жалпы көлемі 6,3 трлн теңгені құраған дағдарысқа қарсы шаралардың нәтижесінде экономикада шектен тыс ақша массасы қалыптасқан.

«Бірақ осы қаржы жетпей жатқан салалар бар. Екінші деңгейлі банктер шағын шараларға, әсіресе ауылдарда ақша салмайды. Сондықтан микроқаржылық ұйымдардың әлеуетін іске қосу қажет. Олар жергілікті орындарда жұмыс істеп жүргендіктен, ондағы клиенттерді, олардың бизнесін, мүмкіндіктерін жақсы біледі. Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы мәселе бойынша шешімдер пакетін дайындауға тиіс», — деді Мемлекет басшысы.

Бұл өзгерістер кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау болары сөзсіз. Бүгінде өңірде бірнеше микроқаржылық ұйым бар. Биыл жыл басынан Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тарапынан микроқаржылық ұйымдар әр өңірдегі палаталардың жанынан ашылып, жұмыс істей бастаған болатын. Бұл ұйымдар «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқып, сертификатқа ие болған азаматтардың жобасын «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жылдық 6%-бен тиімді кепіл саясатпен және қандай да бір комиссиясыз қаржыландырумен айналысады. Мұндай жұмыс —

қаражаттың жоғары қайтарымдылығының, іске асырылған жобалардың сәтті болуының кепілі. Бұл — Президенттің Жолдауында айтылған артық ақша массасын реттеу жолдарының бірі.

Президент пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму бағыттарына тоқталды. Кәсіпкерлер үшін қуанышты жайт —   «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін ұзарту туралы шешімнің қабылдануы. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржының жалпы көлемі кемінде бір триллион теңге болады. Бұл пандемия кезінде тұралап қалған талай кәсіпкер үшін үлкен қолдау болары сөзсіз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button