Жаңалықтар

Екі отбасының мерейі

Жақында мәресіне жеткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде үшінші орынға екі отбасы ие болды.

Отбасы күні қарсаңында дәстүрлі сайысқа қатысқан 268 отбасының ішінен іріктеліп, жүлделі орындарға іліккен Аймағамбетовтер мен Таспеновтер туралы айтпақпыз.

АЙМАҒАМБЕТОВТЕР

Ақтөбе қаласында тұратын Аймағамбетовтер отбасы аталған байқауда үшінші орыннан көрінді.

Отағасы Қонай Жәдігерұлы — полиция зейнеткері, ішкі істер ардагерлер кеңесінің мүшесі. «Қылмыстық іздестіру қызметіне 100 жыл» төсбелгісімен, Ішкі істер департаментінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Зайыбы Әлия — зейнеткер, «Офицердің жұбайы» құрмет белгісімен марапатталған. Бүгінде бұл отбасы ұлы мен қызынан алты немере, төрт жиен сүйіп отыр.

Біз кәсіпкер, «Шаңырақ» қоғамдық қорының жетекшісі Еділ Қонайұлымен сөйлестік.

— Әкем қазақтың ұлттық дәстүрлерін берік ұстанады. Отбасымызда Құран бағыштау, азан шақырып есім қою, сәлем беру секілді жөн-жоралғылар мен салт-дәстүрлер сақталған. Атамыз туралы көп айтады. Дәл солай біз де немерелеріне атасын үлгі етеміз. 2013 жылы үйлендім. Келіншегім Жансая — педагог. Қазір бала күтімімен үйде отыр. Алты баламыз бар. Оқитындары оқуда озат, білім бәйгелерінен де жүлде алып жүр. Айтпақшы, бала тәрбиелеуде ата-әжесінің ролі зор. Бәріміз бірге тұрамыз, — дейді Еділ.

Ізгілікті істерге ұмтылып, мұқтаж жандарға көмек қолын созатын Еділ «Халық алғысы» төсбелгісімен, «Жомарт жүрек» төсбелгісімен, Ақтөбе облысы және қаласы әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталған.

Қонай Жәдігерұлының қызы Ақжарқын да жеке кәсіпкер, ал күйеубаласы Нургис — «Қазақтелеком» компаниясында бас инженер. Екеуі — төрт бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Олар да қайырымдылықпен жиі айналысады. Еділ бізге жиені Аружан Жанболатованың да жетістігін айтуды ұмытпады. Аружан  «Білген аламан» халықаралық олимпиадасында II орынға, ғылым негіздері пәндері бойынша республикалық олимпиадада I орынға ие болыпты.

ТАСПЕНОВТЕР

Жүлделі үшінші орынға ие болған Таспеновтер отбасы Мәртөк ауданында отыз жылдан астам уақыт тұрады.

Ауылдастарына кәсіпкер ретінде танымал отбасының тірегі Мәлік Тұрланұлының айтуынша, бүгінде зайыбы Мария екеуі үш ұлдан сегіз немере, бір шөбере сүйіп отыр.

— Ұлдарым заңгерлік білім алып, әуелі мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. Кейін уақыт өте келе анасы екеумізге көмектесіп, дүкен ісіне араласты. Бүгінде бәрінің өз отбасы бар, әрқайсысы өз бизнесін ашты. Әулетіміздің ерекшелігі деуге болатын шығар, бизнеске енді немерелер келе бастады. Балалардың бәрі де бизнес әліппесін ауылдағы кішкентай азық-түлік дүкенінен үйренді. Қазіргі таңда балаларым аудан орталығынан тұрмыстық техника, құрылыс материалдары, жиһаз, азық-түлік, шаруашылық тауарлары дүкендерін ашып, әрқайсысы әр салаға жауап беріп, отбасылық бизнес етіп отыр. Нарықта 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеміз. Халықтың қалай өмір сүретінін, қандай тауарға қажеттілік барын, нені тұтынатынын ескеріп, дүкендерде үш айға дейінгі мерзімге бөліп төлеу және артық төлемей, сатып алуға  мүмкіндік қарастырылған. Жеткізу жүйесі де бар, — дейді Мәлік Тұрланұлы.

Айтпақшы, Таспеновтер отбасы — Мәртөк ауданындағы жалғыз ірі құс жеткізушілер, басқа қалалардан үйрек, тауық тасумен айналысады. Сондай-ақ Мәртөк бизнесмендері аудан өміріне белсенді қатысады, шын мұқтаждарға қайырымдылық көмек көрсетіп тұрады. Таспеновтер — өзара тату, еңбекқор, жауапты. Оны істеп жүрген кәсіптерінен де аңғаруға болады. Сондай-ақ олар кісі жатырқамайды, бауырмал. Олай деуге де негіз бар. Балалар үйінің бір тәрбиеленушісі кездейсоқ Таспеновтердің біріне кездесіп қалып, осы үйде 10 жылдан астам уақыт өмір сүріпті. Үй шаруашылығына, басқа да істерге көмектесіп, тез араласып кеткен оны Мәлік Тұрланұлы «Төртінші ұлым» дейді.

Қай іс те басшыға байланысты, отбасында да солай. Бала тәрбиесінде «айтпа — көрсет, үндеме — үйрет» қағидасына сүйенетін отағасы ұрпағына қамқорлығымен, еңбекқорлығымен үлгі болып, оларды адамгершілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеп келеді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button