«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Тозығы жеткен аулалардың жаңа келбеті

Биыл Ақтөбе қаласында 220 көп қабатты үйдің ауласы жөнделеді. Бүгінгі таңда облыс орталығындағы бірқатар үйлердің аулаларын асфальттау жұмыстары аяқталды.

Біз сейсенбі күні орташа жөндеу жұмыстары аяқталған 12-шағын ауданның аулаларын қарап шықтық. Тұрғындар тарапынан көп шағым түскен қалалық №3 емхана маңы адам танымастай өзгеріпті. Орташа жөндеу жұмыстарын жүргізген «Ntiger» мердігер мекемесі асфальттау жұмыстарын небәрі 20 күннің ішінде аяқтаған.  Асфальт жабындысы төселген учаске маңында компанияның өкілі Алпысбай Бисеновпен кездесіп, жұмыстардың қалай жүріп жатқанын сұрап білдік.

Мақсат — тез әрі сапалы қызмет

Жол жөндеу жұмыстарымен 10 жылдан астам уақыт айналысып келе жатқан «Ntiger» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл қала бойынша бірнеше аулаға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді мойындарына алған. Компания жыл соңына дейін 12-шағын аудан бойынша 27 мың шаршы метр алаңға, ал 8-шағын ауданы бойынша 18 мың шаршы метр аумаққа асфальт жабындысын төсеуді жоспарлап отыр.

— Бүгінгі таңда 8-шағын ауданға қарасты аулалардың барлығына асфальт төсеп болдық. Атап айтар болсам, Ағайынды Жұбановтар көшесіндегі №304,308 үйдің 1,2,3 корпустарының аулаларын және 101-атқыштар дивизиясы көшесіндегі №10 үйдің ауласына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тапсырып тастадық. Күні кеше 12-шағын аудандағы №3 қалалық емхана маңында жөндеу жұмыстарын аяқтадық. Қазіргі таңда 11-шағын аудандағы №28 үйдің ауласына асфальт жабындысын төсеп жатырмыз.  Жұмыстардың 50 пайызы аяқталып тұр, көп ұзамай ол жердегі жөндеу жұмыстарын да бітіреміз. Сондай-ақ бір бригадамыз Әуе қалашығы ауданындағы үйлердің ауласына асфальт төсеп жатыр. Бұйырса, енді қалалық №4 емхананың маңын жөндеу де жоспарымызда тұр. Біздің мақсат — тұрғындарға ешқандай қолайсыздық, келеңсіздік  тудырмай, асфальт жабындысын тез әрі сапалы етіп төсеу, — деді Алпысбай Бисенов.

Жаңбыр жауса Ақтөбедегі жолдың сапасына шағым айтатындар көп. Бұл мәселені облыстың да, қаланың да әкімдері жақсы біледі. Жол жөндеу жұмыстарына жыл сайын қомақты қаражат бөлінгенімен, көпшіліктің көкейінде оның сапасына қатысты көптеген сұрақтар мен күдік жатады. Біз мердігер мекеменің өкілімен әңгіме барысында биылғы аулаларға төселіп жатқан асфальттың сапасы туралы да сұрап білдік.

— Қазіргі таңда жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы бақылауды күшейтті. Біз де кейін өзімізге қатысты сын айтылмас үшін жолды барынша сапалы етіп жөндеуге тырысамыз. Жасаған  жұмыстарымызды талапқа сай орындадық.  Құрылысқа пайдаланып жатқан шикізаттың  барлығы жергілікті өнімдер, — деген «Ntiger» мердігер мекемесінің өкілі аулаларды жөндеу кезінде тұрғындар тарапынан туатын кедергілер барын айтты.

Аулаларға асфальт төсеу жұмыстарын таңғы сағат 9.00 мен кешкі сағат 21.00 аралығында жүргіземіз. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшыларға тұрғындардың өздері кедергі келтіретін кездер болады. Асфальт төсейтін алаңға көліктерін қойып, өздері вахтаға кетіп қалған тұрғындар да болды. Ондай жағдайда полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгініп, көлікті орнынан қозғаймыз, — дейді А.Бисенов.

Емхана маңы асфальтталды

Біз барған 12-шағын аудандағы №3 қалалық емханаға кіреберіс тұстағы бұрынғы шұрық-тесік жол тұрғындарды әбден шаршатқан еді. Бұл туралы емхана әкімшілігі де бірнеше рет арнайы хат жазып, жолдың нашар екенін жергілікті атқарушы билік өкілдеріне жеткізген. Көптің тілегі биыл орындалды. Ақтөбе қаласы бойынша жөнделетін 220 ауланың ішінде №3 қалалық емхананың алды да бар. Шамамен 2500 шаршы метр болатын аумақтағы жұмыстар аяқталған. Бірақ мердігер мекеме өкілі әлі де ұсақ-түйек шаруалар барын айтады. Содан кейін ғана тапсырыс берушілер қабылдап алмақ.

Бұл аймақтың жолы жөнделгеніне тұрғындармен қатар, емхана ұжымы да қатты қуанышты.

— Біздің емханаға келушілердің саны өте көп. 11,12-шағын аудан тұрғындарымен қатар Мәскеу ауданында тұратын адамдар да осында келеді. Бұрын емхана маңында жүру мүмкін емес болатын. Көлік қоятын арнайы тұрақ болмаған соң пациенттердің көліктері жол бойында тізіліп тұратын еді. Бұл күндіз-түні жүретін жедел жәрдем қызметінің көлігіне де талай мәрте қолайсыздық тудырды. Жаңбыр жауса, жүру тіпті мүмкін емес болып кететін.  Біз емхана маңындағы жолға жөндеу жұмыстары керек екендігін айтып, қала әкімі Асхат Шахаровтың өзіне де шықтық. Әкім айтқан сөзінде тұрды. Бар-жоғы 20 күннің ішінде жолға асфальт төселіп, көлік тұрағы салынды. Емхана ұжымының атынан қалалық әкімдік пен жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер мекемеге үлкен алғыс білдіреміз. Қазір бізге де, келушілерге де өте ыңғайлы, — дейді №3 қалалық емхананың шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Людмила Опря.

Жүргізушілер дән риза

Жасұлан, қала тұрғыны:

— Әл-Фараби көшесінде тұрамын. Балаларымды осы жердегі мектепке әкелемін. Отбасым осы №3 қалалық емханаға тіркелген. Бұл аулада жиі жүретін тұрғындардың бірімін. Бұрын жолы өте нашар болатын. Аз ғана уақыттың ішінде мердігерлер асфальттап берді. Әрі көлік қоятын тұрағы бар. Байқап отырмын, қазір өте ыңғайлы бола түскен секілді. Жөндеу жұмыстары тұрғындарға еш кедергісін келтірмей, өте тез аяқталды. Қазір барлығы жақсы болып тұр ғой. Жолдың қаншалықты сапалы екендігі бір жылдан соң белгілі болады. Қар мен жаңбырға қаншалықты шыдайтынын уақытында көреміз.

Нұрболат, қала тұрғыны:

— Дәл қазір менің көлігім тұрған тұраққа бұрын көлік қою мүмкін болмаған еді. Әсіресе көктем мен күз кезінде мына жер суға толып, үлкен көлік кептелісін тудыратын. Енді арнайы көлік тұрағы болған соң, жол босады. Жедел жәрдемнің көліктеріне де жүруге ыңғайлы бола түсті.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button