Жаңалықтар

Мүлік тіркеу қызметі үшін онлайн төлеуге болады

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Кaspi.kz компаниясымен бірлесіп, банктің мобильдік қосымшасы арқылы қызмет ақысын төлеу мүмкіндігін іске қосты.

Жылжымайтын мүлікке қатысты рәсімдерді нотариус арқылы жүргізген клиенттер енді мемлекеттік баж салығын Kaspi.kz қосымшасы арқылы жүргізе алады. Ол үшін нотариус берген түбіртекте көрсетілген QR-кодты сканерлеу қажет, сондай-ақ қосымшадағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімін де пайдалануға болады.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында мемлекеттік қызметтердің смартфон арқылы қолжетімділігін 100 пайыз көлемде қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл жаңашылдық — осы бағыттағы жұмыс бойынша жасалған кезекті қадам.  Бұрын нотариалды рәсімнен кейін нотариус құжаттардың электрондық көшірмелерін бірыңғай нотариалдық ақпарат жүйесіне жолдайтын. Құжаттар рәсімін аяқтау үшін қазақстандықтар касса немесе «Қазпошта» бөлімдерін іздеп, кейін төлем түбіртегін тапсыру үшін нотариусқа қайтып келетін. Біз үшін халыққа мемлекеттік қызметтерді алу мейлінше ыңғайлы және қарапайым болғаны маңызды, сондықтан да серіктестерімізбен бірге онлайн сервистерді әрі қарай да дамытуға мүдделіміз. Санаулы минуттарда онлайн түрде алуға болатын қызметтер санын көбейтетін боламыз», — дейді «Азаматтарға аналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Басқарма төрағасы Әділ Қожықов.

Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік корпорация арқылы жылжымайтын мүлікті тіркеу бойынша 708 мыңнан астам қызмет көрсетілді.

Қазіргі уақытта жылжымайтын мүлікті тіркеуді халыққа қызмет көрсету орталықтары және нотариустар арқылы да іске асыруға болады.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button