Тәуелсіздік — 30

Батыр ескерткіші орнатылды

2005 жылы еліміздің ішкі әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды қалыпқа түсті. Ұлттық қордағы қаржы өсіп, 5,3 миллиард долларға жетті. Бүкілдүниежүзілік банк Қазақстанды кірісі орта деңгейдегі елдердің тобына қосты.

Осы жылы желтоқсанда елде Президент сайлауы өтті. Сайлауға қатысушылардың 91 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевты жақтап дауыс берді.

470 миллиард теңгенің өнімі

Көрсеткіштерге қарасақ, бұл жылы біздің өңірде де барлық сала қарқынды дамыған. Мысалы, өнеркәсіп саласында бір жыл ішінде 470 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсу көрсеткіші 160 пайыз болды. Осы жылы ұзындығы 156 шақырым болатын «Жаңажол-КС-13» газ құбыры салынып бітті. Ол Жаңажол кен орны мен Бұқара-Орал газ құбырының араcын жалғады. Жаңа құбырдың қуаттылығы жылына 5 миллиард текше метр газды пайдалануға беруге жететін еді.

Ақтөбеде «Жігер фирмасы» ЖШС-ның жаңа темір-бетон зауытының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ «АйС» ЖШС-ның №2 цехы іске қосылды. Цехта стерилденген және пастерленген сүт өнімдері шығарылып, ал шикізат Ақтөбе қаласы маңындағы «Пригородный», «Табиғат+», т.б. шаруа қожалықтарынан алынатын болды.

Орталық базарда жалпы ауданы 1,8 мың шаршы метр болатын жаңа ет павильоны пайдалануға берілді. Халқымыз ежелден асты, соның ішінде етті де адал мен арамға бөлетіні белгілі. Тұтынушылардың тілегі ескеріліп, жаңа павильонда бұрынғыдай еттің түр-түрі аралас тұрмай, бөлек-бөлек сатылатын болды.

Ұмытылған жарық…

2005 жылы облысымыздың 25-30 шақты ауылы жарықсыз отырған. Сондықтан бұл жылы да ауылдарға жарық апару ісі жалғасты. Мысалы, шілде айында Байғанин өңіріндегі шалғай жатқан Оймауыт ауылы электр желісіне қосылды. Бұл туралы облыстық «Ақтөбе» газетінде жарияланған «Тоғыз жылда жеткен жарық» атты мақалада айтылған. Журналист Әлімбай Ізбай былай деп баяндайды: «…Мен көлеңкеге келе қалғам. Әңгіме кеше ғана берілген жарық жайлы екен. Бір күйгелектеу ағамыз шырпы алып, сарайдан бірдеңе іздесе керек. Шырпысының талы бітіп қалыпты. Әйеліне айқайлайды. Үн жоқ. Тағы айқайлайды. Жоқ. Шыдай алмай, тепсініп барса, шай ішіп отырған жеңгеміз: «Әй, осы сенің жаңғалақтығың-ай! Жарықты жақпайсың ба?», — депті. Оймауыт жұрты тоғыз жыл қараңғылықта отырып, әбден ұмыт болған жарықпен осылайша қайта қауышыпты.

Күзде қала іргесіндегі 5 жыл жарықсыз отырған Бұтақ ауылына да жарық апарылды. Мәре-сәре қуаныш үстінде ауыл тұрғыны У.Жұбатырова жағдайды былай деп жеткізген: «Бірде түнгі сағат 12-де жарық жалп етіп сөнді. Біз әуелі бір жағдаймен сөнген болар деп аса көп мазасызданбадық. Содан бері 5 жыл өтіпті ғой, міне. Теледидар, кір жуатын машина, тіпті киім үтіктеуді ұмытқалы қашан! Әуелде бізде бәрі болды. Тіпті саунаға дейін жұмыс істеді. Жарық үзілгеннен кейін адамдар кете бастады. Мектеп жабылды. Балалар қалаға барып, жатып оқитын болды. Бір кездегі көп үйден саусақпен санарлық қана отбасы қалды. Сондықтан жарықты қайта көргендегі қуанышымызда шек жоқ. Меніңше, адамдар ертең-ақ оралады».

Батырдың тойы

2005 жылы ақтөбеліктер қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейтойлық шаралар жыл бойы ұйымдастырылды, ал негізгі шаралар 23-24 қыркүйек күндері өткізілді. Осы тойға арнаған құттықтауында сол кездегі Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО-дағы Елшісі, Тұрақты Өкілі Олжас Сүлейменов: «Қазақтар екінші дүниежүзілік соғыста 350 мың адамынан айырылды. Бұл ағылшындар мен АҚШ-тың Еуропа майданындағы шығынын қоса алғандағыдан да көп екен. Және осы жүз мыңдаған жауынгерлердің көпшілігі қолы «жау жағасында» кеткен нағыз батырлар еді. Ал сол батырлардың ішінде жаныңды шексіз мұңға бөлейтін ең жарқын тұлғалар — біздің қыздарымыз, Әлия мен Мәншүк», — деді.

Мерейтойға орай Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова атындағы даңғылда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, осы даңғыл бойынан батырға арналған жаңа мемориалды кешен ашылды. Мұндағы ескерткіштің авторлары — Бақытжан Әбішев пен Ескен Сіргебаев.

«Ақтөбе»: алғаш чемпион болған жыл

2005-2014 жылдар аралығында «Ақтөбе» футбол клубы еліміздегі ең үздік командалардың қатарында болды. Осы жылдарда оның 5 мәрте ел чемпионы атанғанын айтсақ та жеткілікті. Соның ішінде алғаш рет 2005 жылы чемпион атанған еді.

Команда шешуші ойынды 6 қарашада өз алаңында өткізді. Ойын Өскеменнің «Восток» командасымен өтті. Оның алдындағы турларда «Ақтөбе» өзінің басты қарсыластары — «Тобыл» мен «Қайраттан» ұтылып қалған екен. Сондықтан шешуші ойында өз командаларын қолдау үшін стадионға жанкүйерлер өте көп жиналыпты. Тіпті олардың арасында сол кездегі облыс әкімі Елеусін Сағындықов та болған.

Шешуші ойынды «Ақтөбе» жеңіспен, нақты айтқанда 3-0 есебімен аяқтаған. Гол авторлары — С.Дитковский (37, 68-минуттар) және А.Селютин (85 минут). Команданы тұңғыш чемпиондыққа жеткізген бас бапкер Р.Рамазанов еді.

2005 жылдың спорт саласындағы тағы бір үлкен жаңалығы — самбодан XXVIII әлем чемпионатында Асхат Шахаровтың топ жаруы. Самбодан 74 келі салмақ дәрежесінде чемпиондық атақты ол осы жолы үшінші мәрте жеңіп алды. Сөйтіп, Асхаттың жеңісі қазақ спортының тарихына алтын әріптермен жазылды.

Томограф сатып алынды

Бұл жылы білім беру, денсаулық сақтау саласында да жаңалықтар көп болды. Облыста 9 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Аналар өлімі үш есе азайды. Дүние есігін ашқан сәбилер саны да артты. Мысалы, 2004 жылы облысымызда туу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 17,7 болса, 2005 жылы 19,3-ке жетті. Оның үстіне демографиялық көрсеткіштердің жақсаруы жергілікті халықтың өсімімен байланысты болды. Мысалы, облыс тұрғындары арасында қазақтың үлесі — 75 пайызға, Ақтөбе қаласында 70 пайызға жуықтады.

Осы жылы облыстық бюджеттен бөлінген ақшаға 1 миллион АҚШ доллары тұратын компьютерлік томограф сатып алынды. Ақтөбе елімізде мұндай аппаратқа ие болған Алматыдан кейінгі екінші қала атанды. Томограф облыс орталығындағы жедел жәрдем ауруханасына қондырылды. Басты мақсат — бұған дейін осындай аппаратқа түсу үшін Ресейге сабылған жұртқа енді өзінің тұрғылықты жерінде тексерілуге мүмкіндік беру еді.

Томографтың қуатына келсек, ол жылына 6 мың адамды тексеруден өткізуге жеткілікті деп хабарланды.

Арыстан батырға кесене орнатылды

Руханият саласындағы жаңалықтар, тарихты түгендеу мақсатымен жасалған істер де жұрттың есінде қалды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Абат-Байтақ кесенесін қалпына келтіру жұмыстары басталды. Жиренқопа жеріндегі Қобыланды батыр зиратының орнында зерттеу жұмыстары қолға алынды. Археологтар мұндағы үлкен қорымды зерттеп, табылған қыш кірпіштерге қарап, қорымда Алтын Орда дәуірінде тұрғызылған мазарлар болған деген тұжырымға келді. Оның үстіне, осы жақта Қобыландыға байланысты топонимдер де көп. Жалпы, бұл жылдардағы зерттеулердің қолға алынуына кеңес кезіндегі және Қазан төңкерісіне дейінгі деректер негіз болған.

Сондай-ақ осы жылы Шалқар ауданында Арыстан батыр Тінәліұлының құлап қалған көне кесенесінің орнына қайтадан кесене тұрғызылды.

Арыстан Тінәліұлы 1771-1845 жылдары өмір сүрген. Ол Сырым Датұлы, Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтерілістерге қатысып, отаршылдыққа қарсы күрескен. Сондай-ақ ол — «дала рыцары» атанған атақты батыр, қолбасшы Көтібар Бәсенұлының немере інісі, жорықтардағы оң қолы.

Арыстан батыр Шалқардан оңтүстікке қарай 16 шақырымдағы Ақши деген жерде жерленген. Батырдың ұрпақтары есімі деректерде қалған тарихи тұлғаның жерленген орны елеусіз қалмауы, ел жадынан өшпеуі үшін арнайы қор құрып, кесене тұрғызған. Кесене құрылысы аяқталған соң Ақшиде 30 шақты киіз үй тігіліп, ас беріліп, батыр рухына Құран бағышталды.

Тарих беттерін парақтаған Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button