Басты жаңалықтар

«Мемлекет басшысының тапсырмасы ойдағыдай орындалуы керек»

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жүзеге асыруға байланысты жиын өтті.

Жиынға облыстық мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық қоғамдық кеңес өкілдері, ардагерлер қатысты.
— Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында еліміз үшін өзекті болып табылатын барлық сұрақты қамтыды. Негізгі міндеттердің бірі – пандемиядан кейінгі кезеңде экономикалық өсімді қамтамасыз ету, — деген облыс әкімі стратегиялық құжаттың негізгі басымдықтары мен Президент қойған ауқымды міндеттерді іске асыру жолдарына тоқталды.
Президент тапсырмасын орындау мақсатында өңірде COVID-19-ға қарсы екпе туралы жалған ақпаратпен күрес жұмыстары күшейтілетін болады. Айта кетейік, бүгінде коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентімен 285 мың адам, екінші компонентпен 228 мыңнан аса адам егілген. Сондай-ақ, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, ауыл аумақтарын дамыту және халықтың қатысу бюджетін енгізу, квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарын жекешелендіру, шағын және орта бизнестің дамуын жеделдету, білім беру саласын дамыту және т.б. міндеттер қойылды.
Президенттің азаматтардың әл-ауқатын жақсарту бойынша тапсырмасы аясында 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төмен еңбекақы мөлшері 42500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін өседі.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаровтың айтуынша, аталмыш шара табысын жоғалтуына байланысты, соның ішінде бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алған азаматтарға тікелей қатысты болады.
Бұқаралық және балалар спортымен шұғылдануға жағдай жасау жұмыстары жандандырылады.
Бүгінде облыс тұрғындарының 32,24 %-ы дене шынықтырумен және спортпен айналысады. Қазіргі таңда Қарғалы, Темір аудандарында және Хромтау, Қандыағаш қалаларында 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ биыл мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенін және Жарқамыс, Жарлы, Жағабұлақ ауылдарында ангар типіндегі 3 спорт кешенін салу жоспарланып отыр. «Самұрық-Қазына-Трасттің» қолдауымен Мұғалжар ауданының Ембі қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу басталды. Сонымен қатар Ақтөбе қаласындағы Орталық стадион мен «Химик» стадионын қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр. Осылайша биыл тек қаладағы ғана емес, облыстағы барлық ірі ауылдарды спорт ғимараттарымен қамту жоспарда бар.
Цифрландыруды дамыту аясында облыс орталығында 79 аппараттық-бағдарламалық кешен мен 2600 сыртқы бейне бақылау камераларын орната отырып, «Ақтөбе қауіпсіз қала» іздестіру-сараптау кешенін енгізу жоспарлануда. Бұл шара тұрғындардың қауіпсіздігін көтеруге, өңірдегі апат пен қылмыс деңгейін азайтуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, бүгінде 250 адамнан асатын тұрғыны бар елді мекендерді интернетпен қамту аясында, өңірдегі 100 ауылдың 98-і «3G» мобильдік интернетімен қамтылған, қалған екі ауыл бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Оңдасын Оразалин алдағы уақытта Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған мақсат-міндеттерді ойдағыдай орындау қажеттігін атап өтті.
— Ол үшін бізде барлық жағдай бар. Тек қатаң бақылауды қамтамасыз ете отырып, жауапкершілікпен жұмыс істеу керек,— деді облыс әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button