БілімБасты жаңалықтар

Батыс-2 ауданында жаңа мектеп ашылды

Білім күнінде Ақтөбенің қарқынды түрде кеңейіп келе жатқан аудандарының бірі Батыс-2 ауданында үш мың бала оқитын үлкен мектеп ашылды. Халел Досмұхамедұлы көшесінде орналасқан еңселі білім ордасының құрылысы екі жылдай жүргізілді. Мұнда екі ауысыммен үш мыңға жуық бала оқиды.

Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, қала әкімі Асхат Шахаров, облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан қатысты.

Аймақ басшысы мектеп ұжымымен кездесіп, білім ордасының ішін аралап көрді.

Үш қабатты мектепте бірнеше білім блогы бар: оқу, әкімшілік, білім беру, спорт блоктары. Онда сынып кабинеттері, мектеп әкімшілігіне, шет тілдерін үйренуге, еңбек тәрбиесіне арналған, физика мен химия мамандандырылған кабинеттері, компьютерлік сауаттылық пен информатиканы оқуға арналған аудиториялар, 40 орындық оқу залы бар кітапхана, 500 орындық асхана, көркем жабдықтары бар 500 орындық акт залы, спорт зал, процедуралық бөлме, дәрігер, психолог пен логопед кабинеттері бар.

Мектеп директорының орынбасары Шолпан Сатенованың айтуынша, қазіргі таңда мектепке 2890 оқушы қабылданған. 1-сыныптың партасына 400 бала отырады: 13 сынып — қазақ тілінде, 11 сынып орыс тілінде білім алады.

— Мектепте қосымша білім беруге де баса мән беріліп отыр. қазақ, орыс, ағылшын, қытай, испан, түрік тілдері оқытылады. Сонымен бірге өнер, спорт үйірмелері бар. Бастауыш сынып балалары үшін шахмат үйірмесі жұмыс істейді. Сонымен бірге ата-аналардың қалауы бойынша бастауыш сыныптарда ақылы бөлімдер ұйымдастырылған. Мұнда балалар балабақшадағы секілді кешке дейін мектепте болады, — дейді ол.

Аймақ басшысы мектеп ішін аралап көріп, қала әкіміне ғимарат айналасын аз уақытта абаттандыру қажеттігін тапсырды:

— Бір жарым жылдай уақыт аралығында осындай үлкен мектепті салу оңай емес. Мектеп инвестордың қаражатына салынды — 2,4 миллиард теңге қаражат жұмсалды. Жеке инвестордың қаражатына салынғанымен, балалар мемлекеттік тапсырыс арқылы тегін білім алады. Яғни мемлекеттік мектеп секілді жұмыс істейтін болады. Бұл —өңіріміздегі кәсіпкерлердің осы бағыттағы алғашқы бастамасы. Инвестор мемлекеттік тапсырыс арқылы кейін жұмсаған қаражатын қайтарып алады. Бұл басқа да кәсіпкерлерге үлгі болады деп ойлаймын. Мемлекет қазынасына салмақ салмай, бюджет қаражатын тиімді пайдаланып, инвесторлардың күшімен осындай жұмыстарды бірігіп істеуіміз керек. Болашақта да мұндай тәжірибе жалғасады деп ойлаймын. Қаламыз қарқынды түрде өсіп келе жатыр, туу көрсеткіші де жоғары. Сондықтан, мектептің құрылысы аз уақыттың ішінде жүргізіліп, білім күнінің қарсаңында ашылуы біз үшін үлкен олжа болып отыр. Мұндай мектептердің көп салынуы облысымыздағы үш ауысымды мектептер мәселесін шешеді.

Батыс-2 — құрылысы толассыз жүргізіліп келе жатқан үлкен аудан. Мектеп айналасында да құрылыстар жүргізіліп жатыр екен. Дегенмен қала әкімдігіне қазан айына дейін мектептің айналасын абаттандыруды тапсырамын. Балалар балшық баспауы керек, — деді облыс әкімі.

Инвестор Зәмзәгүл Баймағамбетованың айтуынша, құрылысты мердігер компания «Construction Group XXI» ЖШС жүргізген. Жоба құны — 2,4 млрд теңге. Мектептің материалдық-техникалық базасы толықтай заманауи технологиямен жабдықталған.

Облыстық білім басқармасының басшысы  Жолдас Батырханның айтуынша, бұл мектеп — облыстағы 13-інші жеке мектеп.

— Батыс-2 ауданында мектепке деген сұраныс жоғары. Бұл мектептің ашылуы осы аудандағы үш ауысыммен оқитын №63 мектептің жүктемесін азайтып отыр. Осы оқу жылынан бастап №63  мектеп екі ауысыммен оқитын болады. Ендігі мәселе үш ауысыммен оқып жатқан №64 мектептің жүктемесін азайту. Алдағы жылы қарқынды өсіп келе жатқан Батыс-2 және «Нұр Ақтөбе» аудандарында тағы да жаңа мектептер ашылады. «Нұр Ақтөбедегі» №60 мектептің жанынан 600 орындық жанама құрылыс салынбақ, — дейді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, жаңа оқу жылы қарсаңында облыста үш мектеп ашылған: оның бірі — осы мектеп, екеуі — Қарғалы, Мәртөк аудандарында.

— Жыл аяғына дейін тағы 12 мектеп ашылады. Сонымен бірге 20 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, — дейді Ж.Батырхан.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button