Пікір

Күрделі оталар аудандарда да жасалады

Полат БАЗАРБАЕВ,

медицина ғылымдарының кандидаты.

Өз басым елдегі жаңалықтарды үнемі тыңдап, бақылап отырамын. Бүгінде  зейнеткерлікке шықсам да, өзім еңбек еткен денсаулық сақтау саласына қатысты тың бастамаларға, жаңалықтарды білуге жаным құмар.

Қазір коронавирус індетіне қатысты жағдай мәз емес. Десек те еліміз өзге елдердің тәжірибесіне сүйеніп, осы індеттің бетін қайтару жолында нақты іс-шараларға көшті. Ол — тұрғындарды індетке қарсы вакциналау. Қазір бұл шаруа еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатыр. Хромтау ауданы да бұл істен қалыс қалып жатқан жоқ, медицина мамандары тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізді. Соның нәтижесінде екпе алып, індеттің бетін қайтаруға үлес қосып жатқан жерлестеріміздің саны күн өткен сайын артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында да екпенің маңызын нақты түсіндірді. Ол өз сөзінде бүкіл денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындаған жөн дегенді баса айтты. «Алдағы уақытта әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін. Сарапшылар басқа індеттер пайда болатындығын айтуда. Біз оның қашан болатындығын күтіп қарап отыра алмаймыз. Осындай жағдайда өмір сүруге, әрі қарай дамуға бейімделуіміз керек. Қазір бізге керек вакцинаны сатып алу өте маңызды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген вакциналарды тезірек сатып алу қажет. Сонымен бірге бүкіл денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындаған жөн», — деді Мемлекет басшысы.

Әрине, бұл қазіргі жағдайға байланысты айтылып жатқан шара. Дегенмен Президентіміз кезекті Жолдауында коронавирусқа қатысы жоқ ауруларға байланысты ахуалды нашарлатып алмау қажеттігін де айтты. «Пандемия кезінде жоспарлы скринингтер мен ота жасау кейінге қалып жатыр. Бұрыннан бар стандартты екпелер көптеген балаға салынбай қалды. Әрине, бұған жол беруге болмайды. Медицина саласына қомақты қаржы құю керек. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауда және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуға тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Иә, қазір медицина саласын дамытуға ерекше назар аударылған. Шалғайдағы ел-халықтың денсаулығын жақсартуға, оларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шарасы да бүгінде жақсы жолға қойылды. Өз тәжірибемнен мен күрделі оталарды орталықта ғана емес, бүгінде аудан көлемінде жасауға мүмкіндіктің барына көз жеткіздім. Сондықтан осындай медицинасы дамыған елдің болашағы нық боларын сеніммен айта аламын.

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button