Басты жаңалықтар

Ауыл жолдары жөнделіп, жаңа мектеп пайдалануға берілді

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің кезекті іссапары Қарғалы ауданында жалғасты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, бірқатар елді мекендерді, құрылыс нысандарын аралады.

Жергілікті өнім сұранысқа ие

Бүгінде 8 ауылдық округтен, 15 елді мекеннен құралған Қарғалы ауданында шаруашылық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ биыл ауыл жолдары жөнделіп, жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Өңір басшысы барған алғашқы нысан — Ш.Қалдаяқов ауылындағы «АкТеп» ЖШС.  Суармалы жер алқабындағы картоп өсіру шаруашылығымен танысып, жүгері алқабын аралады. Аталған ЖШС директоры Аманғос Қалматаевтың айтуынша, 80 гектар аумаққа бес тұқым түрінен картоп егілген.

— Осы кәсіп түрімен айналысқанымызға төрт жыл болды. Әрине, биылғы жаздағы ыстық ауа райы картоптың өсуіне кедергі келтірді. Алайда біз суаруды тоқтатқан жоқпыз. Биыл 45 тонна картоп алуды жоспарлап отырмыз. Картоптан басқа жүгері, дәнді-дақылдар да егілді. Шығымы жақсы, сұраныс жоғары. Қыркүйектің 15-інен бастап жиын-терін жұмыстары басталады. Өнімдер облыс орталығындағы ірі сауда орындарына жеткізіледі.

2018 жылы көкөніс сақтауға арналған заманауи қойма салдық. Қазір 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Мемлекет тарапынан берілген субсидия шаруамызды дамытуға көп септігін тигізді. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге, жаңа техника сатып алға субсидия төленді. Бұл — біз үшін үлкен көмек, — дейді ол.

Алқапқа электрлі шашыратып суару машинасы, агротехникалық жұмыстарға «Джон Dir» модельді тракторлар мен картоп жинайтын комбайндар пайдаланылады. Шаруашылық 2016 жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттен қолдау алып, 295 миллион теңгеге су мен электр желілерін жүргізген.

Мал саны артып келеді

Оңдасын Оразалин мұндағы «Айшуақ» шаруа қожалығына да соқты. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған Александр Клатт өткен жылы «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы арқылы жылыжай салу үшін  5 миллион теңге көлемінде грант ұтып алған. Бүгінде жалпы аумағы 10 гектар болатын жерге көкөністің бірнеше түрін өсіріп отыр.

Бұдан соң облыс әкімінің іссапары Велихов ауылындағы «Ақ-Жайық» бидай және «ДиЛэнд» күнбағыс алқаптарында жалғасты.

«Ақ-Жайық» ЖШС директоры Төрехан Сариннің айтуынша, бидай алқабының

жалпы аумағы 11 мың гектардан асады. 600 тонналық астық қамбасы бар. Биыл шаруа қожалығы 3 мың гектар жерден астық жинады. Жуырда «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасымен 300 бас асылтұқымды ірі қара сатып алып, мал шаруашылығын дамытуға кірісті.

— Шаруашылықтың құрылғанына 20 жылдан асты. Қазір жергілікті жерден 12 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Егін жинауға 6 комбайн басқа да шаруашылыққа қажетті техникалар жұмылдырылды. Минералды тыңайтқыш енгізуге мемлекет тарапынан субсидия төленіп, қолдау көрсетілді, — дейді Төрехан Сарин.

Ал, «ДиЛэнд» ЖШС 60 мың гектар жерге бидай, арпа, тары, зығыр, күнбағыс, мақсары және ноқат өсіріп отыр. Былтыр «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 466 миллион теңгеге үш техника сатып алған.
Жалпы, биыл Қарғалы ауданының егіс алқабы 160,6 мың гектарды құрады. 104,1​ мың гектарға дәнді дақыл, 12,5 мың гектарға майлы дақыл, 42,4 мың гектар жерге жемшөп екті.

Аудан әкімі Асқар Жүсібалиев астық жинау, мал азығын дайындау  жұмыстарының барысы мен жалпы ауыл шаруашылығының дамуы жайлы есеп берді. Оның айтуынша, тұқым, қосалқы бөлшектер, техника және дизель отыны бойынша барлық мәселелер шешілген. Биылдың өзінде 1,8 миллиард теңгеге 74 техника сатып алынған. Ол сондай-ақ жыл басынан бері ауданда мал өсімі байқалатынын атап өтті. Атап айтсақ, ірі қара — 8,5, ұсақ мал — 15,3, жылқы 34,4 пайызға көбейген. Биылғы қыс мезгіліне 112,5 мың тонна мал азығы дайындалған.

Осы жерде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов те жалпы облыстағы, Қарғалы ауданындағы ауыл шаруашылығы жұмыстары туралы жан-жақты ақпарат берді.

Облыс әкімі аудан басшысына тиісті жұмыстарды уақытында әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Жаңа мектеп ашылды

Бұл күні Бадамша ауылында 70 орындық интернаты бар 300 орынға арналған жаңа мектеп ашылды.
Жиында ауыл тұрғындарын құттықтаған облыс әкімі:

— Биылғы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Конституция күні қарсаңында жаңа мектеп ғимараты есігін айқара ашып отыр. Ең басты құндылығымыз Тәуелсіздік болса, оны нығайтатын — бүгінгі жастарымыз. Олардың тәрбиесі мен білімі жақсы болса, болашағымызға сеніммен қараймыз. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен мектептердің жағдайын жақсартып, құрал-жабдықтарын заман талабына сай жаңарту —  басты міндеттеріміздің бірі.

Осы орайда биыл біздің облыста 20 мектеп салынып жатыр. Оның 12-сін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Нәтижесінде 5 үш ауысымдық мектептің мәселесі шешілмек. Сондай-ақ 32 білім ошағы күрделі жөнделіп, жалпы сомасы 800 миллион теңгеге 58 мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылады.

Сіздерді бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтай отырып, алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, — деді.

Жаңа мектептің жалпы алаңы шамамен 6,5 мың шаршы метр, интернат аумағы — 2,5 мың шаршы метр. Оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін заман талабына сай толық жағдай жасалған. Биыл жаңа оқу жылында 470 оқушы білім алмақ. Оның 53-і 1-сыныпқа аяқ басқалы отыр. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған сыныпта 8 оқушы бар. Оларға арнайы инклюзивті білім беру кабинеттері ашылып, талапқа сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мектепте 53 педагог, 23 кіші қызметкер жұмыс істейді.

Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, бүгінде ауданда 22 білім беру ұйымы қызмет етеді. Былтырғы оқу жылымен салыстырғанда, биыл оқушылар контингенті көбейген.

Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Оңдасын Оразалин Степное ауылына барып, 15 шақырымдық жердегі Бородиновка-Степное автокөлік жолының жөнделу барысын қарады. Сондай-ақ аталған ауыл ішіндегі Абай, Б.Момышұлы, Д.Қонаев, Тәуелсіздік, А.Жұбанов және Сәрке батыр көшелерінің орташа жөндеу жұмыстарын аралап шықты. Бұл жұмыстар биыл қазан айында аяқталмақ.
Бұл ауылда 2000 жылы салынған Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында бюджеттен 100 миллион теңге қаражат бөлінген. Облыс әкімі жөндеуді қазан айының басына қарай аяқтауды тапсырды.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі аудан басшысына әрі қарай да ауданның әлеуметтік, экономикалық дамуын бақылауды тапсырды. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру, ауыл шаруашылығын дамыту және жемшөп дайындау мәселелері бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button