Жаңалықтар

 «Вирус қайда?» демеңіз…

Жаңа оқу жылы басталып, барлық мектеп оқуға дәстүрлі форматта кірісіп жатыр. Оқушылар арасында аурудың таралуын болдырмау жөнінде бірқатар шаралар қабылданды. Барлық мұғалімдер мен мектептегі техникалық қызметкерлердің 95 пайызы екпе алды, тек 5 пайызында ғана медициналық қарсы көрсетілім бар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кешегі брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева айтты. 

Халық арасында «1 қыркүйектен бастап екпе алмағандар жұмысқа жіберілмейді» деген ақпарат тарады. Брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров бұл ақпараттың негізсіз екенін айтты. Алайда оның сөзін жалғастырған облыстың бас санитары медициналық қарсы көрсетілімі жоқ бола тұрып, вакцина алмай жүргендер апта сайын ПТР-тест тапсыру қажеттігін нықтады.

— 30 тамызда бір тәулікте КВИ-мен ауырған 123 жағдай тіркелді. Оның ішінде, бұл жолы ауру Ақтөбе қаласынан, Алға, Ырғыз, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау, Ойыл аудандарынан шығып отыр. Жалпы облыста 27493 адам КВИ-мен ауырып, 21 мыңға жуығы жазылып шықты. Барлық тіркелген науқастың 3477-сі — ауру жұқтырған адаммен  қарым-қатынаста болғандар, 23776-сы — жергілікті жағдайлар, 4570-і — профилактикалық мақсатта тексерілгендер, тек 240-ы ғана сырттан келген. Қазіргі таңда үй карантиніндегі 9910 адам медициналық бақылауда, — дейді облыстың бас санитары Нұрсұлу Беркімбаева.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, күн сайын шамамен мың жарым, екі мыңға жуық адам екпе алып жатыр, халық арасында «Спутник V», «Синофарм» вакциналары сұранысқа ие.

Айтпақшы, брифингте «Ashyq» мобильді қосымшасы туралы да айтылды. Қосымшаны пайдалану кәсіпкерлер үшін де,  тұрғындар үшін де тегін. Әуелі  телефон нөмірі арқылы «Ashyq» қосымшасына кіріп авторизациядан өтіп, өзінің ЖСН енгізеді және өзінің келгенін тіркеу үшін мекеменің QR-кодын сканерлейді. Жауапты адам түс түрінде көрінген мәртебеге қарап, ішке кіргізеді немесе кіруге рұқсат бермейді. 

— Айталық, қызыл түс шықса, қозғалыстың шектелгенін, сары — қозғалысты ішінара шектелгенін білдіреді. Көк түстің мәртебесінде ПТР міндетті болатын орындардан басқа жерлерде қозғалысқа шектеу қойылмайды.  Жасыл түстің мәртебесінде қозғалысқа шектеу жоқ, бүгінде ауырып, жазылған адамға да үш айға дейін осы түс көрсетіледі. Егер тұрғын «Ashyq» қосымшасын пайдаланудан бас тартса, онда мекеме оған қызмет көрсетуден бас тартуға құқылы, өйткені клиент вирусты таратудың әлеуетті көзі болуы әбден мүмкін, — дейді Нұрсұлу Беркімбаева.

Вирус қайда демеңіз, ауырып жатқандар әлі де бар. Мамандар тұрғындарға ретсіз қозғалысты, қарым-қатынасты барынша қысқартып, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге тиіс екендігін ескертеді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button