Жаңалықтар

Еліміз аза тұтты…

Жамбыл облысындағы жарылыс салдарынан 15 адамның қаза тапқаны анықталды. Тағы да бір адамның дерегі әзірге белгілі болмай отыр.

Жамбыл облысындағы жарылысқа байланысты 29 тамызда елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болды. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Ақтөбеде де мемлекеттік органдар, мекемелер мен ұйымдар ғимараттарындағы мемлекеттік ту төмен түсірілді. БАҚ-тардағы көңілашар бағдарламалар, жалпы, барлық ойын-сауық шаралары тоқтатылды.

Осы оқиғаға байланысты кеше Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қызметінен босатылды. Мемлекет басшысының Жарлығымен оның орнына Мұрат Бектенов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

Оқиға орнына бірінші болып аттанып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге бұйрық берген Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Аймановқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілген еді. Бұл награданы осы облыстың әкімі Бердібек Сапарбаев марқұмның ұлы Азат Аймановқа табыстады. Қаза тапқандардың тағы бір тобы бірінші және екінші дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.

Қаза тапқандардың ең жасы — 22 жастағы, қатардағы жауынгер шеніндегі өрт сөндіруші-құтқарушы Әліби Бексұлтанұлы.

Жарылыс салдарынан қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілердің отбасыларына мемлекет тарапынан тиісті көмектер қарастырылған. Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов аталмыш министрліктің қайтыс болғандардың отбасыларын қамқорлыққа алатынын, оларды жұмысқа орналастыру, балалардың оқуы сынды мәселелерге қол ұшын беретінін мәлімдеді.

Сонымен қатар жарылыс салдарынан жарақат алған 28 адам Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында емделіп жатыр. Олардың төртеуі — жансақтау бөлімінде.

Жарылыс салдарынан 118 нысанға түрлі дәрежеде нұқсан келгені анықталды. Оларды жөндеу жұмыстары Үкімет, жергілікті бюджет және демеушілер есебінен жүргізіледі.

Жарылыстың себептерін анықтау үшін Қорғаныс министрлігі жанынан арнайы комиссия құрылғаны белгілі. Мемлекет басшысы да Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне оқыс оқиғаның мән-жайы мен кінәлілерді анықтау үшін тергеу жұмыстарын мұқият жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Ал жарылыстың салдарларын жою үшін ведомоствоаралық мемлекеттік комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button